Алматы қаласында Қазақстанның Баспасөз клубында «Сервис-АСТ» компаниясы журналистермен кездесу өткізді.
Компания өкілдері Астананың әуежайын басқарып отырған шетелдік инвестор Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының шешімін елемейтінін айтып, инвестордың әрекеттеріне қатысты фактілері, құжаттарын таныстырды.
Баспасөз клубында талқыланған мәселеге келсек, кәсіпкер Айнұр Рахимова осыдан 5 жыл бұрын Астана әуежайындағы 8 шаршы метрлік жерді жалға алып, ақша айырбастау пунктін ашқан. Алайда шетелдік инвестор Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын иемденген соң, 10 шақты қызметкері бар ақша айырбастау пунктіне бір күн бұрын ғана орындарын босатуларын талап еткен. Қазіргі кезде «Сервис-АСТ» компаниясының директоры Айнұр Рахимова Жоғары сотқа беріп, жеңгенімен, Біріккен Араб Әмірлігінен келген шетелдік инвестор Қазақстанның Жоғары сотының шешімін орындауға асықпай отырған көрінеді.
– Жаңа инвестор Біріккен Араб Әмірлігінен келген. Олар бастапқыда жалға алу ақысына қанша бере алатынымызды сұрады. «Сіздер қанша дейсіздер, сонша төлейміз» дедім таңғалып. Әңгімеміз тек осылай біткен болатын. Артынша олар маған бір ай бұрын емес, бір-ақ күнде «Келісімшарт құжатын әрі қарай соза алмаймыз. Сіздің нүктені тікелей бәсекелесіңізге береміз. Мына жерді босат!» деді аяқастынан. Ал менің қарамағымда 10-нан аса қызметкер болатын. Барлығы да бір күнде жұмыссыз қалды. Оның үстіне, сол уақытта әлемде пандемия болып жатқан. Осылайша, көп жыл бойғы істеп жатқан кәсібіміз құлдырап кетті. Қазіргі уақытта қызметкерлеріміздің бірі кафелерде ыдыс жуып, бірі жеткізуші (курьер) болып, жан жаққа ыдырап кетті. Қызметкерлерімнің барлығы да жалғызбасты аналар. Жаңа инвестордың кесірінен олар әртүрлі ауыр жұмыстарды істеп жүр. Неге олар қиналу керек? Заң бәріне ортақ емес пе?. Құқымызды талап етіп, сотқа берсек те әуежай әкімшілігі елемей отыр», – дейді кәсіпкер Айнұр Рахимова.
Ал кәсіпкердің қорғаушысы Алмагүл Муссина
әуежай әкімшілігі Жоғары соттың шешімі шықса да орындауға асықпай отырғандарын айтады.
- Соттың шешімі 2024 жылдың 5 қарашасында күшіне енді. Сол уақыттан бастап шетелдік инвестор соттың шешімін орындау керек еді. Жоғары сот 18 ақпанда қарап, жауапты қанағаттандырған болатын. Алайда әуежай әкімшілігі соттың шешімін орындауға асығар емес. Оның себебін де айтпай отыр. Сот біздің мүддемізге шешім шығарды, орнымызды беріңіздер десек, басқа жерден орын берейік деп, заңға қарсы шығып отыр», – дейді қорғаушы Алма Мусина.
Экономист-сарапшы Мақсат Халық әділлеттік принциптері бұзылып отырғанын айтады.
– Бірінші кезекте әуежай әкімшіліге жалға алушы кәсіпкерлерге орындарын босатуы жөнінде алдын ала ескертулері керек еді. Ескерту үдерісінің болмауының өзі заңға қайшы келіп отырғандарын білдіреді. Мәселен, шетелдік азаматтарға қатысты айтар болсам, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтпақшы, әр елдің өз тәртібі бар. Қанша жерден сот дұрыс шешім шығарып отырғанымен, әрі соттың нақты шешімі бар бола тұра ол үдеріс әлі жүзеге аспай отыр. Сонда заңның үстемдігі құртылып отыр. Заңның үстемдігі болмаса, онда елімізде іскерлік белсенділік түсе береді. Іскерлік белсенділік түсетін болса, экономикамыз да құлдырайды. Егер де экономикамызды дамытамыз десек, бірінші кезекте бизнестің құқықтық ортасы сақталуы керек. Екінші кезекте, заңның үстемдігі орындалуы керек. Сол кезде әділеттілік принциптері де жүзеге асады. Әрі кәсіпкерлеріміз де өздерін қорғай алады. Бұлай жалғаса берсе, ертең бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерімізден айрыламыз, – дейді Мақсат Халық.
Журналистердің «Әуежай әкімшілігі ұсынған басқа орынға не сепбі ауыспайсыздар? деген сұрағына кәсіпкер Айнұр Рахимова:
– Бұл орын біздің бұрыннан отырған орнымыз еді. Әрі бізге үйренім қалған тұтынушыларымыз да бар. Әлі күнге дейін «Сіздер қайда көшіп кеттіңіздер? Бізге сіздердің қызметтеріңіз ұнайтын еді» деп хабарласып жатады. Сондай-ақ не себептен жаңа инвестор келе салып, еш себебін айтпастан, аяқастынан «орынды босатыңдар» деп айтуы да дұрыс емес, – деп жауап берді.
Сонымен қатар кәсіпкер осы уақытқа дейін сотқа шағым түсіріп, тіпті Жоғары сотқа дейін қатысып, жеңсе де, әлі күнге Жоғары соттың шешімі орындалмай отырғанына наразылығын білдірді.
– Қазақстанның азаматы бола тұрып, Қазақстанның жерінде кәсіптеріне Біріккен Араб Әмірлігінен келген шетелдегі инвестор біздің заңымызға бағынбай, Жоғары сотымыздың шешімін елемей отырғаны намысқа тиеді, – деп сөзін аяқтады кәсіпкер Айнұр Рахимова.
Пікір қалдыру