Ішкі істер министрі Ержан Саденов Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына қатысты пікір білдірді.
– Барлық шешім сот арқылы қабылданады. Үкім шығарылған. Ал шартты түрде мерзімінен бұрын босату – әрбір іс бойынша жекелей қаралатын мәселе. Бұл шешімді тек сот қабылдайды, – деді ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта Бақытжан Байжановтың шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуына қатысты сотқа ешқандай материал түспеген.
– Қазіргі кезде Бишімбаевтың бауырына қатысты мұндай материалдар келіп түскен жоқ. Егер ол ниет білдірсе, бұл мәселені сот қарайды, – деп нақтылады министр.
Еске сала кетейік, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот үкімі 2025 жылғы 13 мамырда шықты. Сот шешімі бойынша марқұмның күйеуі Қуандық Бишімбаев 24 жылға, ал Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды.