Бұл туралы қоғам белсенлісі Абзал Достияр фейсбук парақшасында сүйінші сұрап жазды.
Солтүстік Қазақстан облысында тұратын Жансұлу Дархамбаеваның перзентханадан бірден түрмеге аттануы мүмкін еді. Алайда қоғам үнсіз қалмады. Жүздеген белсенді, құқық қорғаушы, журналист пен жай ғана немқұрайлы емес азаматтар бұл әділетсіздікке қарсы тұрды. Нәтижесінде – әділдікке бір қадам жақындадық.
Еске салсақ, ұлтараздықты қоздырды деген айыппен Жансұлудың түрмеге тоғытылуы қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Ол бала тәрбиелеп отырған ана, өмірге енді ғана сәби әкелген жас келіншек. Бірақ оған қатысты сот үкімі оны сәбиімен түрмеге жіберуді қарастырған. Алайда бұл жағдай елдің түкпір-түкпіріндегі адамдарды бейжай қалдырмады.
Көпшіліктің дауысы билікке жетті. Қоғамның, БАҚ-тың, құқық қорғаушылардың бірлескен әрекеті нәтижесінде Жансұлу Дархамбаева бостандыққа шықты. Иә, ол толық ақталып шыққан жоқ — жазасын өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылды. Бірақ дәл қазір ең маңыздысы — ол түрмеге емес, үйіне қайтты.