Бостандық үшін көлік кілтін берді: Мақатаевтың ұлы блогерді кешірді

/uploads/thumbnail/20250616165744713_big.webp

Алматы қаласы Наурызбай аудандық соты ақын Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізген блогер Әлішер Теменовке қатысты қылмыстық істі тоқтатты. Бұл шешім жәбірленуші — ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевтың кешірім беруіне байланысты қабылданды. Істі судья Бейнегүл Кайсина қарады.

Теменов ҚР Қылмыстық кодексінің 131-бабы 2-бөлігі (Қорлау) бойынша айыпталған болатын. Сот отырысы 16 маусым күні өтті. Онда Жұлдыз Мақатаев айыпталушыны кешіргенін айтып, істі тоқтатуды сұрады. Бұған дейін ол моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге талап еткен еді.

Айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады. Ол жәбірленушімен келісімге келгенін, қазіргі уақытта көлігінде 2 миллион теңге бар екенін айтып, қалған 1 миллион теңгені он күн ішінде төлейтінін жеткізді. Уақытша кепіл ретінде көлігінің кілтін қалдырды.

Судья тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатып, Теменовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Сонымен қатар азаматтық талаптың күші жойылды. Алайда сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін блогерге елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы міндеттеме сақталады.

Теменов бұған қоса Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізгені үшін халықтан кешірім сұрап, арнайы видео жариялауға уәде берді.

Айта кетейік, 2024 жылдың 8 қазанында Әлішер Теменов әлеуметтік желіге Мұқағали Мақатаевты балағаттап, бейәдеп сөздер айтылған видеосын жариялаған болатын.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар