Алматы қаласында экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты сот үкімі шықты. Ол аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Істі Алматы қаласының №2 Медеу аудандық сотының судьясы Қанат Әрінов қарады.
Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.
Светлана Жолмановаға қатысты алғашқы қылмыстық іс 2021 жылы қозғалған. Ол кезде Жолманова мүдделі тұлғалардың пайдасына сот шешімдерін шығаруға жәрдемдесіп, сол арқылы алаяқтық әрекеттерге барған деген күдікке ілінген. Алайда кейін бұл іс тоқтатылып, ол судья қызметінен босатылды.
2024 жылдың қазан айында экс-судья қайта ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу деректеріне сәйкес, Жолманова 2021 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта жылжымайтын мүлік сатып алу және мемлекеттік тендер жобаларына қатысуға көмектесемін деген уәдемен азаматтарды алдап, олардың сеніміне кіріп, 1 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденген.
Тергеу барысында оның қылмыстық әрекетінің 48 эпизоды анықталып, барлығы бір іске біріктірілген.