Павлодар облысындағы жойқын дауыл: 16 адам жарақат алып, бір әйел көз жұмды.
19 маусым күні Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жеткен жойқын дауыл соқты. Табиғат апаты салдарынан 16 адам зардап шекті, оның ішінде үш бала бар. Өкінішке қарай, Ақсу қаласында 1968 жылы туған әйел көз жұмды.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, дауылды жел аймақтағы инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтіріп, бірнеше ауданда электр қуатының өшуіне себеп болды. Облыс орталығында 47 нысанның шатыры бүлінген, оның алтауы — әлеуметтік мекеме. Ақсу мен Екібастұз қалаларында 23 нысан, Баянауыл ауданында 7 нысан, сондай-ақ Май мен Павлодар аудандарында бірқатар ғимараттар зақымданды.
Энергожелілерде де ақаулар анықталды. Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында жарық өшкені тіркеліп отыр.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жүріп жатыр. Байланыс және электр желілерінің 16 бағанасы қалпына келтірілуде. Апат аумағына 300-ден астам маман мен 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Барлық шұғыл қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.