Атырауда бес күннен бері басылмай жатқан қамыс өрті қала тұрғындарын тұншықтыруда. Қалың көк түтін бүкіл қаланы басып, жұрт есік-терезесін ашудан қалған. Тұрғындар денсаулығына алаңдаулы, билік әрекет етуге асығар емес.
Тілсіз жау Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты аумағында басталып, 800 гектардан астам жерді шарпыған. Қызыл жалын әлі толық сөндірілмеген.
Өртпен күреске 100-ден аса маман, 30 техника және МИ-8 тікұшағы тартылды. Тікұшақ 33 рет әуеге көтеріліп, 100 тонна су төккен.
Қазір өрттің шығу себебі мен қоршаған ортаға келтірген залалы бойынша тергеу жүріп жатыр. Алайда қала көк түтіннен көз ашпай отыр.