Сауд Арабиясы корольдігі 2025 жылдың 29 сәуірі мен 10 маусымы аралығында заңсыз және визасыз қажылық жасаған, сондай-ақ оларға көмектескен адамдарға да тыйым салынатынын мәлімдеді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық бөлімінің мәліметінше, Сауд Арабиясы қажылықты заңсыз орындап жатқан немесе оған әрекет еткен шетел азаматтарына қатысты бірқатар қатаң шараларды қолға алған.
Қажылық визасы жоқ шетел азаматтары Мекке мен қасиетті орындарға кірген жағдайда, оларға 20 мың Сауд Арабиясы риалы (шамамен 2 691 499 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал олардың сапарын басқа визалармен ұйымдастырған тұлғаларға 100 мың риалға дейін (13 508 278 теңге) айыппұл қарастырылған. Бұл айыппұл әрбір заңсыз келген азаматқа жеке-жеке есептеледі.
Сондай-ақ, заңсыз қажылық жасаған азаматтарды жасырғандар, көлікпен тасымалдағандар, қонақ үйге немесе жеке үйлерге орналастырғандарға да дәл осы көлемде айыппұл салынады.
Бұдан бөлек, заңсыз қажылық жасағандар депортацияланады және оларға 10 жыл бойы Сауд Арабиясына кіруге тыйым салынады. Егер заң бұзғандарды тасымалдаған көлік олардың өз меншігінде болса, сот шешімімен мемлекет меншігіне өткізіледі.
Виза мерзімі аяқталған соң елден шықпаған шетел азаматтарына 50 мың риал (шамамен 6,8 млн теңге) көлемінде айыппұл салынып, 6 айға дейін қамауға алу және депортация жазасы қарастырылған.
Сауд Арабиясы 2025 жылы 1,8 миллион қажыны қабылдауды жоспарлап отыр. Осыған байланысты қажылық тек арнайы қажылық визасы арқылы ғана рұқсат етіледі. Басқа виза түрлерімен Мекке мен қасиетті жерлерге кіруге қатаң тыйым салынған.
2024 жылы Сауд Арабиясына өзге визалармен келіп, қажылық рәсімін заңсыз орындаған 300 мыңнан астам шетелдік анықталған. Осы себепті 2025 жылдың 29 сәуірі мен 9 маусымы аралығында бірнеше елдер үшін электронды виза беру уақытша тоқтатылды.