Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында жеке азаматтарға автолизинг беру мәселесіне қатысты түсініктеме берді.
– Автолизинг туралы айтсақ, ForteLeasing аясында бірінші легі берілді. Бұл 3 жылға 15 пайыздық мөлшерлеме болатын. Бірақ былтыр қараша айында жеке тұлғаларға автолизинг беретін өзгерістерді заңға енгіздік. Қазір инвестор, машина жасаушылар қауымы және министрлік болып үшжақты келісім аясында лизинг регламенттерін әзірлеп жатырмыз. Өйткені біріші лектегі лизингтен кейін мәселе туындап жатыр. Ұлттық экономика министрлігінің ұсыныстары да бар. Ішкі істер министрлігінің де сұрақтары бар. Неге десеңіз, көлік лизинг берген компанияның атында қалады. Ал көлік мініп жүрген лизинг алушы жол ережесін бұзса, айыппұл көлік иесіне жазылады. Бірінші рет іске қосылып жатқандықтан, осы сияқты көптеген сұрақ туындап отыр. Осы мәселенің бәрі толық шешілгеннен кейін лизинг шарттарын қосымша хабарлаймыз, - деді комитет өкілі.