Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде министрлік бойынша биылғы 9 айда атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланып, алдағы іс-жоспарлар нақтыланды.
Адамзатқа ортақ жобалар
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын жүзеге асыруға негізделген ауқымды жобалар, сондай-ақ, мәдениет, спорт, тілдерді дамыту және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс туралы қысқаша тоқтала келіп, осы аралықта сала қызметкерлерінің айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін баяндады. Министрдің мәлімдеуінше, келешекте Қазақстанда «Мәдениеттердің жақындасу орталығын» құру қолға алынбақ. Бұл орталық Республикалық кітап музейінің арқауында бой көтереді деп көзделуде, сонымен қатар, оның алдағы уақытта ЮНЕСКО-ның қамқорлығы аясында жұмыс істеуін қамтамасыз ету қарастырылмақ. Министрдің айтуынша, осынау деңгейдегі орталық тек ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының қарары негізінде ғана құрыла алады.
Сондай-ақ, халықаралық әріптестікті дамыту мақсатында, шетелдік ғалымдармен тығыз байланыс орнатылуда. «Норвегия және неміс ғалымдары Қазақстанның Берел қорғаны мен Тамғалы петроглифтері сынды тарихи ескерткіштерді зерттеуге және оны сақтауға қатысты жергілікті ғалымдардың жобаларына қатысуға қызығушылық танытуда. Қазақстан өз кезегінде ауқымды жобаларды шетелдік ғалымдармен бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мұндай әріптестік әрі мәдени ынтымақтастықтағы іс-әрекеттерге қашанда тек қолдау білдіретіндігін алға тартты.
Ең бірінші – елдік мүдде
Нарық экономикасына сәйкес мәдениет саласында да айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізіліп келеді, мысалы, атап айтар болсақ, музейлердің, музей-қорықтардың жұмысын белсендіру мақсатында 2015 жылы барлық ұйымдар РМК-дан РМҚК ұйымдастыру-құқықтық формасына өтті. Осының арқасында музейлерге жаңаша көзқарас қалыптасуда. Олардың өздері табыс табуға мүмкіндік ашылды. Мұндай шешімнің тиімді үлгісі елордадағы жаңадан бой көтерген Ұлттық музей болып табылады. Ол ақпан-шілде айларында 65 млн. теңге табыс тапқан.
Демеушілік пен меценаттықтың дамуы үлкен әлеуетке ие десек, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау үшін республикалық бюджеттен қаржыландырумен қатар, демеушілердің қаржылай қолдау көрсетуі арқасында елдік той шын мәніндегі халықтық мерекеге айналды. Елордада Мемлекет басшысының қатысуымен салтанатты жиын және театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. Мерейтой Тараз қаласында жалғасын тапты. Онда Қазақ хандығының 550 жылдығы монументі және «Көне Тараз» музейі, сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолы» этнофестивалі салтанатты жағдайда ашылды.
Студия ашылып, ұйым құрылады
Министр өз сөзінде, сонымен қатар, «Қазақфильм» АҚ-тың әлеуетін біріктіру үшін инвестициялар тарту бойынша және 50/50 орталық қаржыландыру қағидаты бойынша жеке компанияларды, оның ішінде шетелдік компанияларды тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ұлттық фильмдерді өндіру қазіргі заманның жарқын және үздік үлгілерін, бай тарихымызды, мәдениетіміз бен мұрамызды танытатын көрнекті тұлғалардың бейнесін нақтылы түрде көрсетуге бағытталған. Осыған орай алдағы уақытта ұлттық анимациялық студия мен документалистика студиясын құру маңызды бағыт болып отырғанын тілге тиек етті.
Мұның қатарында, сонымен бірге, елімізде «Қазақстан» орталық концерт залының арқауында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымын құру ұсынылып отырғанын баяндаған А.Мұхамедиұлы: «Бұл елордамызда орындаушылардың жоғары кәсіби пулын қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді сөзін.
Спорт және дене шынықтыру
Қазақстан спортшылары айтулы сайыстардан құрқол қайтқан емес. Олар биыл да өздерін өте жоғары деңгейде көрсете алды. Соның бірі – «Астана» футбол клубының табыстары деу ләзім. «Биыл премьер-лиганың «Астана» командасы Қазақстан тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өте алды. Қазақстан төрінде тұңғыш рет өткізілген дзюдодан әлем біріншілігінде отандық құрама 1 алтын, 1 күміс еншілеп, жалпы есепте 4-орынды иеленді. Тайландта өткен Азия чемпионатында бірінші орын алған Қазақстанның бокс құрамасы да бізді қуантты. Ауыр атлетикадан Азия чемпионатында Қазақстан зілтеміршілері 3 алтын, 2 күміс жеңіп алды», –деді министр.
Алдағы XXVIII Қысқы Бүкіләлемдік универсиада қарсаңында қысқы спорт түрлері бойынша спорттық резервті дайындау, қысқы спорт түрлері бойынша жастарға арналған спорт мектептері мен бөлімшелері желісін одан әрі дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінуде. «Универсиада-2017» шарасына арнайы екі мұз айдыны ареналары салынуда: Алатау ауданында бой көтеретін 12 мың орындық және Медеу ауданында орын тебетін 3 мың орындық мұз ареналары бұқаралық спортты дамытуға деген қамқорлықтың нақты көрсеткіші болып табылады. Еске сала кетейік, Бүкіләлемдік Универсиада 2017 жылғы 28 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өткізіледі деп күтілуде.
«Бүгінгі таңда Рио-де-Жанейрода өтетін 2016 жылғы XXXI Жазғы Олимпия ойындарында біздің спортшыларымыздың сәтті өнер көрсетуі мен сапалы дайындалуына қатысты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта спортшылар бокс, жеңіл атлетика, жүзу, байдаркада және каноэда ескек есу және тағы да басқа спорттың 8 түрі бойынша, Олимпиаданың 26 жолдамасын ұтып алды», – деді алқа мәжілісіндегі сөзінде А.Мұхамедиұлы.
Ортақ ойлар – оң идеялар
Алқа мәжілісінде мұнан да басқа бірқатар өзекті мәселелер әңгімеге арқау етілді. Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров «Мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы, вице-министр Марат Әзілханов Тілдерді дамыту және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева білім ошағының жетістіктері мен келешегі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов ұлттық спорт түрлерін дамыту мәселелері, Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин діннің қазіргі ахуалы, республикалық корей музыкалық комедия театрының директоры Любовь Ни театр ұжымдарының қазіргі хал-жайы туралы ойларымен бөлісті.
Сала қызметкерлерінің мәлімдеулеріне қарағанда, тоғыз айда толымды істер атқарылыпты. Бірақ қол жеткен табысқа тоқмейілсу байқалмайды. Ортаға салынған лебіздерден «алда тосып тұрған істер мұнан да толайым» деген ой басым түсіп жатты.
Алқа мәжілісіне Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қатысты.