Отан алдындағы жауапкершілік

/uploads/thumbnail/20170708201759512_small.jpg

Биылғы жылғы Пар­ламент жұмысы өзінің ерек­шеліктерімен және күрде­лілігімен көзге түседі. Оған әлемді шарпыған эконо­микалық дағдарыс, халық­аралық деңгейдегі қай­шы­лықтар мен шиеленістердің одан әрі асқына түсуі ықпал етті. Осы сын-қатерлердің теріс салдарына сындарлы жауап ретінде Елбасы Қа­зақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етуді көздейтін «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына қабылдануы да тиісті құқықтық базаны талапқа сай жаңартуымызды қажет етті. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бес институттық реформаны жүзеге асыру міндеті қолданыстағы заңнамаларға елеулі түрдегі өзгерістер мен толықтыруларды және мемлекеттік реформаларды заңнамалық тұрғыдан толық қамтамасыз етуді алға қойды. Бұл маңызды мемлекеттік істерді шешудің күрделілігі Парламент жұмысының төртінші сессиясында анық көрінді. «Төртінші сессия кезіндегі жоғары өкілетті органның қызметі мазмұнды, жан-жақты және өнімді болды. Есепті кезеңде екі палатаның қарауында 190 заң жобасы болып, олардың 130-ы қабылданды. Бұл сессияда екіншімен салыстырғанда 17, үшіншімен салыс­тыр­ғанда 9 заң артық қабылданды», деді Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қаби­болла Жақыпов.

Парламент жұмысы барысында кейбір қолданыстағы заңнамалар толықтыруды ғана керек етсе, бірқатар заңдарға елеулі өзгерістер енгізу, ал кейбір заңдарды толықтай жаңа мәтінде қабылдау керек болды. Үкімет органдары жұмысының жариялылығын қамтамасыз етуде «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңын қабылдаудың мәні зор болды. Бұл заң жобасының жаңашылдығы сол, он­да барлық мүдделі адамдарға «Элек­тронды үкіметтің» веб-порталына ор­на­лас­тырылатын мемлекеттік ор­гандар­дың нормативтік-құқықтық акті­лері тұжырымдамаларының және мәтіндерінің жобаларымен танысуға және оны талқылауға қатысуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, бюджеттік есеп­тілік пен мемлекеттік аудит және қар­жылық бақылау нәтижелері, мемле­кеттік органдар қызметін бағалау туралы ақпарат, стратегиялық жоспар­лардың және аумақтарды дамыту бағ­дар­ламаларының мақсатты индикатор­ларына қол жеткізу туралы есеп те «Электронды үкіметтің» веб-порталынан көрініс табатын болады.

Халықты әлеуметтік тұрғыдан қор­ғайтын маңызы зор қабылданған құжат – Еңбек кодексінің жобасы болды. Ко­декс жобасында мемлекеттен жұмыс­керлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс берушінің бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылайтыны көзделген. Және кәсіподақтардың рөлі де күшейтілген. Мұнда жұмыс берушінің қызметкерлер санын қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақыты режімін енгізу және қызметкерлерді уақытша өзге жұмысқа ауыстыру сияқты тиімді тетіктер іске қосылған. Сондай-ақ, жұмыс берушінің қызметкерді денсаулығына зиян тигізбейтін кез келген бос орынға ауыс­тыру құқығы да қаралған. Бұдан басқа, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдеріне түнгі уақыттағы, демалыс және мейрам күндеріндегі, сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төлемақы мөлшерін еңбек және ұжымдық шарттар арқылы реттеу ұсынылған.

«Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне халықтың кө­ші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыруда ерекше маңызды болды. Мұнда оралған қазақтардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі көлік шығындарын өтейтін, қызметтік баспана беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қарастырылды.

«Қазақстан Республикасының мем­лекеттік жастар саясаты туралы» заң қа­был­данды. Бұл заң жастардың әлеумет­тік-экономикалық дамуына көмек­тесуге, сондай-ақ, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне жастардың белсенді қа­тысуына мүмкіндік беруге бағытталған мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Бұл құжатта мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттері мен негізгі бағыттары айшықталып, осы бағыттағы орталық мемлекеттік органдардың құзыреттері бекітілген. Заңның негізгі мақсаты жас­тарды әлеуметтік тұр­ғыдан қолдауға бағыт­талған тиімді мем­лекеттік жас­тар саясатын қалыптастыру үшін заң­наманы жетілдіру, олардың әлеуетін ел да­муының ресурсы ретінде ба­рынша қолдану болып табылады.

Қабылданған құ­жат­тардың ішінде «Қазақстан Ре­с­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне дербес білім беру ұйым­дары­ның қызметін реттеу мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының ерекше маңызы бол­ды. Кезінде, 2011 жылы Назарбаев Уни­­верситеті, Назарбаев зият­керлік мек­тептері және Назарбаев қоры­ның мәртебесі туралы заңмен дербес білім беру ұйымдарының негізгі жұ­мыс істеу қағидаттары, оның ішінде ака­де­мия­лық еркіндік және дербес білім беру қағидаттары айқындалған болатын. Осы заңды іске асыру барысы дербес білім беру ұйымдарының дамуына қолайлы әсерін тигізді. Алайда, дербес білім беру ұйымдары заңнамалық деңгейде же­тілдіруді қажет ететін бірқатар мәсе­лелер туындады. Осыған орай, Еңбек кодексіне, Бюджет кодексіне, салықтар және бюджетке төленетін басқа да мін­детті төлемдер туралы, «Білім туралы», «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері және «Назарбаев қоры» мәртебесі туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) қоғамдағы мән-маңызы мен белсен­ді­лігі арта түсуде. Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының кейбір заңнамалық акті­лерінде мемлекеттік қызмет және сы­байлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша да заң жобалары аталған жобалармен тығыз байланыс­ты қарастырылды. Таяуда ғана Еуропа құқығы және адам құқығы сараптамалық институты Қазақстанда 8 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым белсенді қызмет жасап жатқандығынан хабардар еткен болатын. Елдің демократиялық бағытта дамуына бұл ұйымдардың маңызы күннен күнге күшеюде. Сондықтан Парламент осы ұйымдардың дамуын одан сайын жетілдіре түсу мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қабылдады.

Мәжіліс заң жобаларын қабылдаумен бірге халықаралық мәселелер, екі жақ­ты байланыстар мен қатынастар тұрғы­сында да маңызды іс-шараларды жүзеге асырды. Мысалы, «Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Литва Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы Адам­дардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы реадмиссия туралы келісімді және Қа­зақ­стан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі ара­сындағы реадмиссия туралы келісімді іске асыру тәртібі туралы атқару хаттамасын ратификациялау туралы» заң жобаларын қабылдады. Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов елімізге ресми са­пар­мен келген Сербия Президенті Томис­лав Николичпен, Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Магтымгулы Акмырадовпен, Ку­вейттің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тарек Абдулла әл-Фарадж­­бен, Грузияның Қазақстандағы Төтен­ше жә­не өкілетті елшісі Зураб Пат­а­радземен кез­десіп, екі жақтың көп­қыр­лы ынты­мақ­тастықты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

Парламент Мәжілісі қарастырылып отырған кезеңде ұйымдасқан түрде, кәсіби тұрғыдан өте жоғары және барлық күш-жігері мен қуатын аямастан еңбек ету арқылы қысқа уақыт ішінде Елбасы қойған міндеттерді абыроймен орындау үстінде. Өткен біржарым ай ішінде ғана Парламент отырысында 55 заң қа­был­данды. Мәліметтер бойынша, бұл заң­дарды қабылдау барысында жұмыс топ­тарының 500-дей отырысы өтіп, заң жобаларына 11 мыңдай түзетулер мен толықтырулар енгізілген. Нәтиже­сінде мемлекеттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің жаңа болмысына бейімделген заңнамалық базаны жетілдіру бойынша тыңғылықты жұмыс атқарылуда деп айта аламыз. Бұл қажырлы еңбек Қазақстанның заман талабына сәйкес алға қарай дамуына мүмкіндік беретіні сөзсіз. Елбасының ал­ға қойған міндеттері ауқымды және мем­лекетіміздің қазіргі кезеңдегі даму сатысында аса маңызды болып отыр. Оларды жүзеге асыру сайып келгенде Парламент жұмысын басқа мемлекеттік органдармен тығыз үйлестіре жүргізу мен халық қалаулыларының белсенділігі және Отан алдындағы жауапкершіліктерімен байланысты болмақ.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

Л.Н.Гумилев атындағы

ЕҰУ профессоры,

Күлтегін сыйлығының лауреаты.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар