Абай, Шоқан. Ыбырай. Халқымыз руханиятының үш бәйтерегі, үш тірегі. Қостанай өңірінде Шоқан мен Ыбырайдың кіндік қаны тамған. Ыбырайдың сүйегі Тобыл бойында, өзі іргесін қалаған мектептен 7 шақырым жерде жатыр. Қостанайдың орыс-қазағы Ыбырайдың құрметіне Инспектор көлі деп атап кеткен Тобылдың бір иіні де осы жерде. Көнекөздердің айтуынша, осы жерде Ыбырай Торғайдан келген соң өзіне ағаштан үй салдырған дейді. Оның ағашының жұрнағы өткен ғасырдың 60-шы жылдарына дейін сақталған. Балғожа би әулетінің қорымы да осы айналада болған деседі. Солақай саясаттың желі өткен ғасырда осының барлығын тып-типыл етті. Ыбырайдың атасы Балғожа би әулетінің қорымы трактор табанының астында қалған. Тың көтеру жылдары Қостанай даласындағы қорымдар жыртылып, ондағы тастар гараждар мен қоймалардың іргетасына қаланды. Жә, айта берсе өзекті өртейтін ақтаңдақ аз емес.
Кенжебек Укин 1987 жылы Қостанай облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығы қызметіне келді. Орысша білім алғанымен өз халқының тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, өнеріне жетік Кенжебек Үкіұлы қаланың іргесіндегі Ыбырай Алтынсарин бейітіне тек басшы ретінде емес, кемеңгер ағартушының рухына тәу етуді мақсат етіп барды. Тас жолдан жалғыз бейіт жатқан жерге дейін жол жоқ, шөп қау болып өсіп кеткен. Жалғыз аяқ жолмен, бей-берекет өсіп кеткен бұталарды қолымен қайырып, Ыбырай бейітіне де жетті. Биіктігі екі жарым метрдей плиткаға Ыбырай туралы мәліметтер жазылған екен. Бірақ оның өзі көмескілене бастаған, біреулер мылтықпен атып, плитканы қырық-шұрқ тескен, ескірген. Кемеңгер ағартушы бейітінің күтімсіз қалған кейпі бірінші хатшының көңілін құлазытып жібереді. Сол күні хатшы іске кіріскен. Келесі жылы Ыбырай Алтынсарин бейітіне қызыл кірпіштен кесене салынды, тас жол төселді, сол маңайдың ағашы, шөбі ретке келтіріліп, тазаланып, мектеп оқушылары мәдени шаралар өткізуге лайықталды. Қазір отау құрған жастар кесенеге келіп, кемеңгердің рухына тәу етеді.
Кенжебек Үкин Торғай, Қостанай облыстарының басшылығында жүрген өткен ғасырдың 80-90 жылдары саясатта да, экономикада ғана емес, қазақтың руханияты үшін де өлара кезең еді. Қостанай өңірінде тарихымызға, мәдениетімізге байланысты көптеген мұралар аяқасты болған, тіліміз бен дініміз есіктен қарап қалған жүдеу кез болатын. Ел тұтқасын ұстаған азаматтар қайрат етіп, ұлттық рухты көтеру керектігін түсінгеннің бірі Үкин еді.
Алаш арыстары ақталып, ортамыз толып жатқанда Торғай кентінен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа ескерткіш орнатуға мұрындық болды. Тәуелсіздігіміз үшін күрескен, мерт болған қос арыстың арамызға қайтып оралуына байланысты Торғайда үлкен жиын өткізді. Оған академик Өмірзақ Сұлтанғазиннен бастап Серік Қирабаев, Шота Уәлиханов, Қуаныш Сұлтанов, ақындар Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленов келіп, өлгені тіріліп, өшкені жанған Торғай жұртымен той қызығын бірге қызықтаған еді. Жиында олар айтқан әңгімелер, сөйлеген сөздер сусаған халықтың рухын киіз үйдің түндігіндей серпіп көтеріп тастағаны күні бүгінгідей есте. Алтынның сынығындай болып Ахметтің қызы Шолпан мен Міржақыптың қызы Гүлнар апайлар да торғайлықтардың қошеметіне бөленген болатын.
Жасыратыны жоқ, Кенжебек Үкиннің бастамасымен қазақ өнерінің жанашыры Ілияс Омаровтың 80 жылдығын оның туған жерінде өткізгенге дейін, облыстың жалпы жұрты халқымыздың біртуарын дәл қазіргідей білді десек артық айтқан болар едік. Бүгін атында театр, шаруашылық, көше бар Ілияс қостанайлықтардың аузынан түспейді. Кенжебек Укин одан кейінгі жылдары да Қостанай өңірінен түлеп ұшқан халқымыздың біртуар тұлғалары С.Мәуленов, Ғ.Қайырбеков, М.Сералин, С.Көбеевтің есімі мектеп, көшелерге берілуіне көп жұмыс жасады, ықпал етті. Қостанайда филармонияға айналып кеткен жүз жылдық тарихы бар жалғыз мешітті қалпына келтіріп, жамағатқа қайтаруға да Укиннің еңбегі зор болған еді. Еліміз тәуелсіздігінің алдында, оның алғашқы жылдары да солақай саясат санасын улағандар мұндай ұлттық рухты ояту үшін жасалған жұмыстарға бюджеттің қаржысын сылтауратып, қарсы шығатын. Соның барлығына білікті басшы шулатпай, түсіндіру жұмысын жүргізетін. Тіпті, Алтынсарин кесенесінің салынуына қаржы жағын ойлап, қарсы сөйлегендер де табылған.
– Ыбырай бабамыздың кесенесі мен мұражайын салғанда менің шыдамым жетпей, «Табытты іліп қойғандай екі метр плитаны қандай архитектура деп тұрсыз?» деп дауысымның қатты шығып кеткенін де сезбеген едім, – деп еске алады Кенжебек аға. Қазір Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық мұражайы толығып, бай мәдениет ордасына айналды. Ал сонау 90-шы жылдары облыстық филармонияда Укиннің ықпалымен өмірге келген «Ақжелең» ансамблі өңірде ұлттық өнердің дамуына тамаша қызмет етсе, бүгінде қазақтың ұлт аспаптар оркестрі құрылды.
– Барлығы да жас ұрпақ үшін. Рухани азықтың тіні үзілмеуі тиіс. Соның ішінде ана тіліміздің орны бөлек. Тілсіз не боламыз – халық, ұлт болудан қаламыз. Біздің қазақ тілінің ішкі қуаты ғажап қой. Сонау VII ғасырдағы Күлтегін ескерткішіндегі жазудың өзін байыптап оқысаң, соның басым бөлігіне еркін түсінесің. Бұл тіліміздің асылдығынан емес пе?—дейді Кенжебек аға.
Қазір Қостанай облысында қазақ мектептері жыл сайын көбейіп, қанатын жайып келеді. Алайда, мемлекеттік тілдің қолданысы, әрине, буыны қатпаған сәбидей кібіртіктей басады. Жиналыстар, мәжілістер орыс тіліне басымдық береді. Бұл кеудесі алтын сандық ұрпақтың өкілі Кенжекеңді де жиі ойландырады.
– Ұлттық рух, ұлттық намыс, ұлттық сана болмай, соны қалпына келтірмей тіліміздің жағдайы қалай болар екен деп жүдеймін. Мұны жасырмаймын. Елбасы айтқандай, қазақ пен қазақтың ана тілінде сөйлесуіне аса мән беруіміз қажет. Ол әркімге жауапкершілік жүктеуі тиіс. Тәрбие тізгінін қатты ұстағанымыз абзал. Ана тілдің дамуын өзіміз қолға алмасақ, ол басқа ешкімге керек емес. Биік мінберге көтерілгендер, Парламенттегі халық қалаулылары қазақ тілінде сөйлесе жарар еді. Олардың халыққа айтар қандай ойын да жеткізуге қазақ тілінің ішкі қуаты жетеді, – дейді Кенжебек Укин.
Бүгінде Кенжебек Үкіұлы облыстағы ардагерлер кеңесін басқарады. Жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесі үшін мұнда да атқарылған жұмыстар баршылық. Ол өз алдына бөлек әңгіме желісі боларлық.
«Егемен Қазақстан».