Біз кімнің артынан еріп жүрміз?

/uploads/thumbnail/20170708201937029_small.jpg

Қара халық қашанда зиялы қауымға қарап, солардың артынан ереді. Өткен ғасырларда батырларымыз бен би-шешендерімізді тыңдап, сал серілерімізді құрметтеп келді. Ол заманның зиялылары ұрпақтар арасында қазаққа тән ұлттық белгілерімен қалып, ғасырдан ғасырға жетері анық. Өткен ғасырда да халықтың бағдаршамы ақын жазушыларымыз болып келген. Ал бүгін ше? Бүгін біз кімге қарап бой түзейміз? Бүгін халық кімді тыңдап, кімнің артынан ереді? Шынымен, бұл сұрақтарға келгенде ойланып қаласыз.

Меніңше, қазіргінің ең беделді адамдары батыр да, би-шешен де, ақын-жазушы да емес. Олар – «жұлдыз» деген атқа ие адамдар. Әсіресе, бүгінгі ең даңықты жұлдыз – ұлттық тамырынан ажыраған адамдар. Қаншалықты сол атқа тез жету үшін елді таңдандырып, өзіңе ұйыта алуың керек. Таңдандыр жолы ұлтыңның дәстүрімен адамды тәрбиелеу мақсатына емес, жын ойнақпен аздырып, есінен тандырып ессіздікке апару. Халықтың есінен айырылып, тамырынан алшақтағаны билік үшін де тиімді. Сондықтан, біздің елде соларға жол ашық. Тіпті, еліміздің мәдениет ошағы болып саналатын Алматыда Есімов әкім болған 8 жылдың ішінде мерекелік іс шараларға қаланың саханасына бірде-бір дәстүрлі орындаушы шықпаған екен. Бауыржан Бәйбектің келгеніне де 3 айдың жүзі болды. Үміт күтіп едік, ақталмады. Қайта  киелі саханаға Сайлаубек шығып кетті.

Өзге «жұлдыздар» туралы айтып сөзді көбейте бермейін. Бүгінің ең танымал «жұлдызы» осы Сайлаубек болып тұр. Беймәлім өмірден келген, беймәлім тілдегі өлеңімен тыңдаушыларының сүйіктісне айналған жігіт – жанкүйерлеріне көптігі жағынан Еркін Шүкіман, Рамазан Стамғазиев сияқты дәстүрлі әннің саңлақтары мен атақты «Музарт» ансамблі тұрмақ, бүгінгі эстарда жұлдыздары  Қайрат Нұртас пен Ернар айдарды да жолда қалдырды.

Кеше сол аты шулы Сайлаубектің «Қайрат» командасының туын аяғына таптағаны туралы сурет әлеуметтік желілерде тарады. Сайлаубекті сынаған адамдардан көрі оның бұл ісін ақтап оны қорғаштағандардың саны анағұрлым жоғары болды. Бұдан, Сайлаубектің қолдаушыларының, Сайлаубек «Қайраттың» емес, қазақтың туын таптаса да қорғап алуға дайын екенін көрсетіп, бізді қорқытып тастады. Қорықпай қайтеміз?, «Қайраттың туы мемлекеттік ту емес қой»,- деген жанкүйерлердің аптыққан түрінен, олардың Сайлаубек үшін неге болсада баруға дайын түрін көруге болады.

Қоғамда Сайлаубек біреу ғана емес. Жұлдыз болып жүрген талай Сайлаубектер бар. Олардың артында мыңдаған, миллиондаған қолдаушылары бар. Бірақ, өздерінде сол қолдашыларды артынан дұрыс ерте алатын ақыл-парасат пен өзіндік ұстанымы, пікірі, өз ойы жоқ. Өзге біреудің сілтеген жолымен жүріп, нұсқауын тыңдап кешегі Сайлаубекше от басып, артынан кешірім сұрап құтылады. Сайлаубектің кешегісі шында жанкүйерлері айтқандай жәй ғана нәрсе шығар. Бірақ ондай артында миллиондаған әскері бар, өзінің қолбасшылық қабылеті жоқ адамды кім де болса өз мақсатына пайланып, қару ретінде жұмсайтыны анық. Осы кезде  белгілі бір қоғамдық іс шаралар болсын, үкіметке, билікке халықтың қал жәйін мен ұлттың тағдырын айтып шыққан наразылық шаралар болсын қай бір қоғам қайраткерінің артынан асып кеткенде 100 адам ғана ереді. Ал, бұл жұлдыздар шықса тау қопарып тастауға шамалары жетеді.

Жұлдыздың өмірі қызықтырған қоғам үшін жұлдыздан қорқынышты ешкім жоқ. Егер, таным мен талғам таразысы болмай, қолдан жасалған жұлдыздар көбейіп кетсе ойда жоқта опық жеуіміз мүмкін. Бұл қорқыныш тек бізде ғана емес, билікте де болғаны жөн. Өиткені, салмақсыз қаңбақ қай жақтан жел шықса, сол желдің бағытымен домалай бермек. Жау кеткен соң қылышымызды былғап жүрмеу үшін осы бастан бақ жұлдызымыз бен сорымыз болатын жұлдыздарды ажыратып алайық.

 

Тұрдыбек Құрметхан

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар