Дағдарыс жағдайында етек-жеңді жиып жұмыс істеу, әрбір жағдайды сараптай отырып, қиындықтардың алдын алу бағытындағы іс-әрекеттер мейлінше қажетті және өзіндік тиімділіктің тетігі болып табылады. Еліміз бойынша осы тұрғыда жасалып жатқан жұмыстарға Маңғыстау өңірі де өз үлесін қосып, тұрғындарының тұрмыс ахуалын жақсарту, ел экономикасын арттыру бағытындағы іс-қимылдарды үйлестіріп келеді.
Қиындықпен күресу және оны еңсеру бағытындағы жұмыстар нәтижесінде өңірде өркенді өзгерістер орын алып отыр. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев аймаққа арнайы іссапармен келген «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басшысы Сауытбек Абдрахмановпен кездесуінде айтып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға жан-жақты тоқталып, барлық негізгі салалар бойынша толық түсініктеме беріп өтті.
Халық санының өсуі жағынан республикада Алматы қаласынан кейінгі орынды алатын облыс 600 мыңнан аса түскен тұрғындардың берекелі тірлік етуі үшін алдына айтулы жоспар-жобаларды межелеп отыр. Қазіргі таңда аймақта жан басына шаққандағы өнім өндіру көлемі 1 560,8 мың теңгені құрап, республика көлемінде төртінші орынға қол жеткізді. 2015 жылдың 9 айында облыс кәсіпорындары 1,1 трлн.-нан астам теңгенің өнімін өндірді. Сондай-ақ, жыл басынан бергі осы мерзім ішінде 13,8 млн. тонна мұнай өндірілген, бұл – өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 0,1 пайызға артық. Табиғи газ өндіру деңгейі 1,8 млрд. м³-ті құраса, өңдеу кәсіпорнында химия өнеркәсібі 12,2 пайызды, азық-түлік өнімі 15,9 пайызды құраған. Ал негізгі капиталға инвестиция көлемі 324,7 млрд. теңгені құрап, жан басына шаққандағы инвестиция 522,1 мың теңгеге жеткен. Бұл Маңғыстау облысына осы бағыт бойынша республикада үздік үштікті тиянақтап тұруға мүмкіндік беріп отыр. Каспий теңізінің жағасында орналасқан портты өңір, әрі республикадағы тарихи-мәдени ескерткіштердің 70 пайызы орналасқан жәдігерлі мекеннің заманауи мүмкіндігі өңірде дамытуға қолайлы бірнеше бағытты айқындап берді. Мұнайлы мекенде алдымен мұнай және газ секторын дамыту, көлік және логис-
тика, яғни транзиттік әлеуетті арттыру, құрылыс индустриясын дамыту, сондай-ақ, туризм көкжиегін кеңейту салалары басымдыққа ие. Бүгінгі Маңғыстау өз болашағын осы сүбелі бағыттармен байланыстыра қарайды.
Кездесуде кейінгі кезде қалыптасып отырған әлемдік баға бағамына байланысты мұнай және газ нарығының төмендеуінен орын алып отырған қиындықтарды еңсеру жолдары әңгімеленді. Облыс әкімі экспорттық төлем саясатына байланысты өзіндік көзқарасын білдірді, сондай-ақ, мұнай және газ саласындағы қайта құрылымдауды мәселенің барлық қырларын ескере отырып жүргізу орынды болатындығы айтылды.
Өзге елдерден атажұртқа асыққан ағайындардың және табиғи өсімнің әсерінен тұрғындар саны жыл санап арта түскен Маңғыстауда жұмыспен қамту мәселесі өте өзекті жәйттердің бірі. Сондықтан жұмысшыларды жаңа мамандықтарға оқыту, жаңа кәсіптерге бейімдеу арқылы бірқатар мәселелерді шешуде ілкімді ізденістер бар және бұл жұмыстар өз жалғасын таба беретін болады.
Маңғыстау аймағы туралы «әу» деп сөз бастағанда су және ауыз су, жайылымды суландыру мәселесі алдымен ауызға оралатыны бар. Су тапшылығы өңірде ауыл шаруашылығының дамуына әлі де болса өз кедергісін келтіруде. Құбырмен келетін Еділ суын және Қаратау бойындағы бұлақтарды пайдалану, МАЭК су тұщыту қондырғылары және кейінгі кезде салынған жаңа зауыт бұл мәселеде де біраз ілгерілеуге мүмкіндік берді. Ал мал шаруашылығын өркендетуде жеке шаруашылықтағы малдарды Үстірттегі жайылымдарға шығару ісін субсидиялау жөнінде тиісті орындармен мәселелер пысықталып жатқаны құптарлық.
Өңірдегі жүзеге асырылып жатқан істердің барысына қаныққан С.Абдрахманов өңір өмірін газет бетінде көрсетуге байланысты ақпараттық қамту жөнінде біраз мәселелерді пысықтап, жасалып жатқан істерге тілектестігін білдірді.
Бас басылымның басшысымен кездесу одан әрі облыстағы ең іргелі оқу орны – Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде жалғасты. Оқу орнының профессорлық-оқытушылар құрамы, кафедра меңгерушілері қатысқан бас қосуда С.Абдрахманов «Егемен Қазақстан» газетінің бағыт-бағдары, ұстанымы туралы әңгімеледі.
– 96 жылдық тарихы бар газетіміздің басты мұраты – мемлекетшілдік. Елбасы саясатын жүргізу, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың сыр-сипатын ашу, дағдарыс дендеген қиын жағдайды түсіндіру, еліміз қол жеткізген жетістіктерді жеткізу, – деген бас басылым басшысы қазіргі таңдағы әлемде орын алып отырған әртүрлі жағдайлар мен Қазақстанның сыртқы саясаты туралы түсінікті тілмен баяндап берді. «Жақсылық бөліссе көбейеді» дегендей, мемлекеттік мүддені ең басты ұстаным ете отырып, халықтың жүйкесіне жүк түсірмей, керісінше, дем беру арқылы жұмыс жүргізудің артықшылықтары туралы айтты. Сондай-ақ, өтпелі экономикалық қиыншылықтар емес, халықтың, ұлттың өзіндік мінез-құлқын сақтап қалудың маңыздылығына, құндылықтарды құлдыратпай қастерлей білудің қажеттілігіне тоқталды.
Университет ұжымы арасынан мұнай және газ факультетінің деканы А.Сейдалиев, PhD докторанты Б.Жайлау сөз алып, өз сұрақтарын ортаға салды. Университеттің бірінші проректоры М.Имандосова ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеудің жауапкершілігі жоғары екенін, сондықтан кездесуде айтылған тағылымды әңгімелерді аудиторияларға жеткізіп, студенттер санасына сіңіру оқытушылардың міндеті екенін айтып, бас басылым жұмысына сәттілік тіледі.
Маңғыстауда халықаралық қатынастарда, әлемдік нарықта орын алып отырған күрделі жағдайларды түсініп, еліміздің тыныштығына, тәуелсіздігіміздің беріктігіне тілек қосқан қалың жұрт бар. Түбек жұртшылығының тыныштыққа, бірлікке деген ынта-ықыласы аймақта «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы жазылым межесі деп белгіленген 6500 данаға анық қол жеткізетіндігіне сендіреді.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру