Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үшін ортақ валюта енгізу жұмыстары баяу болса да жүріп жатыр. Күні кеше бұл туралы ТМД елдерінің істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс бойынша Млекеттік дума комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий мәлімдеді. Тіпті, ол жаңа валютаның атауы «Евраз» аталуы мүмкін екенін де айтқан еді. Ал, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев болса ортақ валюта құру туралы мәселе күн тәртібінде тұрмағанын айтып отыр. Ал қарапайым халықты айтпағанда білікті сарапшылардың өзі кімге сенетінін білмей дал болуда.
Негізі ресейлік саясаткерлер Еуразия экономика одағы аясында ортақ валюта енгізуді көптен бері көтеріп жүр. Өйткені, бұған дейін бірнеше мәрте аталған мәселеге байланасты Ресейдің ірі саясаткерлері пікір білдірген болатын. Алайда, аталған мәлімдемелерді қазақ саясаткерлері жоққа шығарып, ортақ валютаның болмайтындығын шегелеп айтқан. Соған қарамастан Леонид Слуцкий ортақ валюта туралы мәлімдеме жасап отыр. Тіпті дума депутаты су жаңа валютаның евраз деп аталуы мүмкін екенін айтады.
– Жақын арада бізде ортақ есептесу бірлігі болады. Қазір банктер өз жұмыстарын жалғастыруда. Бұл 2011 жылы оңай көрінгенімен шын мәнісінде күрделі жұмыс болып шықты. Дағдарыс факторы да әсер етуде. Бірақ бұл қажет дүние, сондықтан жұмыс жалғасуда. Ерте ме, кеш пе валюта пайда болуы тиіс. Оны енгізу үшін бәрін реттеу оңай болмайды – дейді Леонид Слуцкий.
Слуцкийдың «ортақ валюта енгізу үшін бәрін реттеу оңай болмайды» деген сөзін қалай түсінуге болады? Сонда Ресей одақтастарының келісімінсіз ортақ валютаны зорлап енгізеді ме? Әйтпесе реттеуді басқаша қалай түсінуге болады? Мәселен Армения Орталық банкінің төрағасы Артур Джавадянның айтуынша ЕАЭО елдерінің ортақ валютаға өту әңгімелері асығыс шешім. Өйткені ол бір ай бұрын өткен ЕАЭО елдерінің ОБ басшылары кездесуінде қазақстандық және ресейлік тарап бұл мәселені 2025 жылға дейін қарастырмайтынын мәлімдегенін еске салды. Джавадян аталған жиында ЕАЭО-дағы әріптестерімен ақылдаса отырып, бұл мәселеге кемінде 30-40 жыл уақыт қажет деген тоқтамға келген. Бұл бір. Екіншіден қазақ үкіметі де ортақ валюта енгіуге құлшынып тұрған жоқ. Өйткені, ортақ валютаға қарсы екенін Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтан бастап депутаттарға дейін білдірген болатын. Сондай-ақ күні кеше Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев та бұл мәселеге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша ЕАЭО аясында ортақ валюта құру туралы мәселе күн тәртібінде тұрмаған жоқ.
– Бүгінгі таңда ортақ есеп айырысу бірлігі мен ЕАЭО ортақ валютасын құру туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ. Бұл мәселе интеграциялық бірлестік деңгейлерінің ешбірінде талқыланбайды – деді Дәурен Абаев.
Дәурен Абаевтың сөзі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы екені белгілі. Демек, ресейлік саясаткерлердің алашапқын болып, өз алдына шешім қабылдауы негізсіз. Оның үстіне бұған дейін президент «тәуелсіздікке қатер төнетін болса кедендік одақтан сол сәтте шығамыз» деген болатын. Біздің пайымдауымызша төл теңгеміздің орнына ортақ валюта енгізілетін болса онда тәуелсіздікке шынымен қатер төнеді. Мұны билік жасы білсе керек. Сондай-ақ ортақ валютаны зиялы қауым өкілдері мен қарапайым халық та қолдамайды. Өйткені бұған дейін ұлтшылдар тәуелсіздік үшін барлық қиыншылыққа шыдап тосын мінез танытпай келді. Егер де ортақ валюта енгізілетіні қазақ үкіметі тарапынан расталса онда оның арты жақсылыққа әкелмейді. Бұл деген сөз халықтың жаппай алаңға шығуы мүмкін дегенді білдіреді. Алайда, Үкімет қараша халықтың алаңға шығып, көтеріліс жасауына мүмкіндік бермейді, тәуелсіздігімізге қауіп төндіретін оғаш әрекеттерге бармайды деп сенейік.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана
Пікір қалдыру