Мәжілісте палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Бақытбек Смағұл Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовке депутаттық сауал жолдады. Онда былай делінеді:
«Бұл сауалды жолдауға Қазақстан Республикасы Әмбебап жекпе-жек федерациясының президенті мен осы саладан халықаралық және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шеберлерінің жолдаған хаты себеп болып отыр. Өзіңізге белгілі, Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа Жолдауында алдағы жылдарда ел тұрғындарының кемінде 30%-ы бұқаралық спорт түрлерімен айналысуы қажеттігін баса айтты. Мемлекет басшысы белгілеген осы межеге қол жеткізуге еліміздің Әмбебап жекпе-жек федерациясы да үлес қосып келеді.
2010 жылы өз жұмысын бастаған спорттың бұл түрі балалар мен жастардың спортқа тартылуына өте күшті ықпал етіп отыр. Оның үстіне, әмбебап жекпе-жек спортшылары өз жеңістерімен Отанымыздың беделін халықаралық деңгейде арттыра түсуде. Бұл ретте, Федерацияның қарқынды да жемісті жұмысын атап өткен жөн. Осыған дәлел, 2011-2013 жылдар аралығында спортшыларымыз Анапа, Медын, Калининград қалаларында ұйымдастырылған әлем чемпионаттарында, сондай-ақ, Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында барлық жүлделі орындардан көрінді. Ешқашан қоржындары алтын, күміссіз бос қайтып көрген емес.
Әмбебап жекпе-жек 2014 жыл қорытындысында ұлттық құрама командалар тізіміне, негізгі республикалық және халықаралық жарыстардың күнтізбелік жоспарына, төрт жылдық Олимпиада кезеңіндегі біліктілік талаптары кітапшаларына кірді. Осы кезден бастап аталған спорт түрі жоғары спортқа қарай үлкен серпіліс жасады.
Былтыр Душанбе қаласында 10 елдің қатысуымен өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрама командасы жалпы есепте 3-орынға шықса, 2014 жылғы Мәскеудегі әлем чемпионатында да отандық құрама командамыз 35 мемлекеттің басым көпшілігін артта қалдырып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Бүгінде 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларында жас ерекшеліктері бойынша әмбебап жекпе-жекпен шұғылданушылардың және жаттықтырушылардың саны шамамен 1500 адамға жетті. 2014 жылға қойылған мақсатты спортшылар толығымен орындап шықты. Ал үстіміздегі жылы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында біздің спортшылар жаңа белесті бағындырып, 11 мемлекеттің ішінде жалпы-командалық есепте 2-ші тұғырға көтерілді.
Бұл спорт түрі бойынша жарыстарды Федерация республика көлемінде де ұдайы ұйымдастырып тұрады. Бүгінгі таңда Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында және Астана, Алматы, Байқоңыр қалаларында федерациялар ашылып, Арыстан, Сұңқар, Арлан, Беркут, Ұлттық Ұлан, Айбын жауынгерлері өз өнерлерін ортаға салып, күш сынасып келеді.
Құрметті Иманғали Нұрғалиұлы! Біз Қазақстан спорты үшін әлем алдында ашық мақтана аламыз. Бұл жерде өзіңіз басқарып отырған Қорғаныс министрлігінің де ел спортына жасап отырған қамқорлығы жетерлік. Осы орайда, аталған спорт түрі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесе отырып, әрі қарай дамытылса деген ұсыныс бар. Себебі, – бұл жауынгерлік спорттың түрі.
Осы мақсатта әмбебап жекпе-жекті әскери жарыстар, басқа да іс-шараларға қосу, ол бойынша әскери бірліктерде спорттық бөлімдер ашу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын. Себебі, осы спорт түріндегі кедергі жолдардан өту, пневматикалық тапаншамен нысананы көздеп ату және спорттық пышақты дәлдеп лақтырып, нысанаға дөп тигізу сияқты жаттығулар жауынгерлік дайындыққа өте үлкен көмегін тигізеді, Қазақстан Қарулы Күштерінің жауынгерлерін ептілікке, төзімділікке, батылдыққа баулып, олардан сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран сарбаз жасайды деп білемін».
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру