Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания жеріндегі ресми сапары басталды. Осы арада айта кетейік, Елбасының ақсүйек ағылшындар еліне осы уақытқа дейін 8 сапары болып өткен болатын. Бұл сапарлардың барлығы өз нәтижелерін берді. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар ұдайы өсу үстінде болды.
Елбасының бұл жолғы сапары Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронның шақыруы бойынша ұйымдастырылды. Британ үкіметінің басшысы 2013 жылдың 30 маусым – 1 шілде аралығында Қазақстанға сапармен келіп Астанада және мұнайлы Атырау қаласында болып қайтқан еді. Сол кезде еліміз және оның даму әлеуеті мен мүмкіндіктері Ұлыбритания премьеріне жақсы әсер қалдырған секілді. Бұл жолғы Елбасы сапарының бір себебін осымен де түсіндіре кетсек, артық болмас.
Ал енді сапардың нақты мақсатына келсек, ол Астана мен Лондон арасында қалыптасқан стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету, жоғары деңгейдегі қарым-қатынасты нығайту, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту болып табылады.
Мұның сыртында, бұл Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы және таяуда ғана Ұлыбританияда парламент сайлауы өткеннен кейін Мемлекет басшысының осы елге жасап отырған бірінші сапары. Оның үстіне сапар Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына өтуі шағында ұйымдастырылып отыр. Міне, осының барлығы Астананың батыс әлемімен жақындаса түсуге шынайы ниет танытып, маңызды сапар арқылы соған белгі беріп отырғандығын да аңғартса керек.
03-11-02
03-11-06
Қазақстан мемлекеті басшысының бұл қадамын британдық тарап та лайықты бағалады. Сапар қарсаңында осы елдегі белгілі де ықпалды тұлғалар Қазақстанға деген жылы лебіздерін білдіріп жатты. Қазақстан Көшбасшысы жөнінде бұрыннан қалыптасқан құрметтеушілікке бұл жолы елдің жоғары билігі тарапынан жақсы екпін берілді. Бір сөзбен айтқанда, Ұлыбритания үкіметі Қазақстан Президентінің бұл жолғы сапарына барынша мән бергендігі байқалып тұрды.
Сапар бағдарламасы аясында Қазақстан мемлекеті басшысының Премьер-министр Дэвид Кэмеронмен кездесуі, сондай-ақ, екі ел басшылығының Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысына қатысуы сапардың маңыздылығын арттыра түсті.
Премьер-министр Дэвид Кэмеронмен кездесу барысында Қазақстан мен Британия ынтымақтастығының негізгі бағыттары талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Д.Кэмеронның 2013 жылы Қазақстанға жасаған сапары екіжақты қарым-қатынастарға тың серпін бергенін айтты. Елбасы сондай-ақ, келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметінің мүшелері британ тарапымен маңызды уағдаластықтарға қол жеткізгенін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Ұлыбритания Премьер-министрін соңғы өткен парламенттік сайлаудағы айқын жеңісімен және жаңа үкімет құрамын жасақтауымен құттықтады.
«Осы бір күрделі кезеңде сіздің ел жетістіктерге жетіп отырғанын атап айтқым келеді. Менің сапарымдағы бағдарламаның мазмұндылығы біздің қарым-қатынасымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді», – деді Мемлекет басшысы.
Д.Кэмерон Қазақстанның инвестиция тарту, индустрияны дамыту және сауда саласында керемет табыстарға жеткеніне назар аударды. Ұлыбритания Премьер-министрі сондай-ақ, бүгінде елдеріміздің келіссөздер өткізетін мәселелер аясы кең екенін айтты және Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған реформаларды жүзеге асыру жайын талқылауға ниетті екенін білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша төмендегідей екіжақты құжаттарға қол қойылды:
Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігі арасындағы өзара құқықтық көмек туралы шарт;
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Ұлыбритания Министрлер кабинетінің Хатшылығы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы туралы келісім. Бұл құжат Ұлыбританияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатындығын құқықтық негізде куәландырды.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Ұлыбритания Премьер-министрін I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Енді екі ел арасындағы ынтымақтастық тарихына назар аударар болсақ, Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылдың 19 қаңтарынан бастап орныққан болатын. 1996 жылы ақпанда Ұлыбританияда Қазақстан елшілігі жұмысын бастады. 2014 жылдың қыркүйегінен бері Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін Ержан Қазыханов атқарып келеді. Ал Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Кэролин Браун бұл қызметті 2013 жылдың қаңтарынан бастап атқаруда.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар да лайықты жағдайда дамып келеді. Біріккен Корольдіктің Қазақстан экономикасына, әсіресе, оның мұнай-газ секторына құйған тікелей инвестицияларының көлемі бойынша алдыңғы орындардың бірін алуы соның бір көрінісі.
Ұлыбритания Қазақстан экономикасына салынған инвестициялар көлемі бойынша дәстүрлі түрде жетекші елдердің бірі болып отыр. Еліміздің Ұлттық банкінің деректері бойынша, 1995-2015 жылдар ішінде біздің республикамызға келген британның тікелей инвестициялары 11,2 миллиард долларды құрады.
Егер қазақстандық статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың қаңтар-қазан айларының аралығында екі елдің арасындағы сауда айналымы 1,05 миллиард доллар болған. Мұның тең жартысынан астамы еліміздің Ұлыбританияға жеткізген экспорттық өнімдері болып табылады.
Біріккен Корольдік Қазақстанның Еуропалық одақтағы басты және басымдық берілген сауда әріптестерінің бірі болып табылатындығы биылғы жылы тағы да қуатталды. Дағдарыс ауыртпалықтарына қарамастан, 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында Ұлыбританияға бағытталған Қазақстан экспорты оның алдындағы жылдан 21 пайызға өсіп, 417,5 миллион долларды құрады. Сыртқы сауданың оң сальдосы 199 миллион доллар болды.
Қазіргі күні Қазақстан нарығында бірқатар британдық ірі компаниялар жұмыс істеуде. Солардың қатарында, BG, Shell, AMEC, Invensys, BAE Systems, RioTinto, PETROFAC, Sun Group, Rolls Royce, HSBC, RBS, EY, Deloitte, PwC, KPMG, SNR Denton, GlaxoSmithKline, AstraZeneca секілді компаниялар бар. Бұл компаниялардың көпшілігі лондондық қор биржасына енгізілген алпауыт компаниялар. Сол секілді, бірқатар қазақстандық компаниялардың да әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрған осы қор биржасына тіркелгендігін айта кетсек, артық болмас. Солардың қатарында («ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ, «Казкоммерцбанк» АҚ, «Халық Банкі» АҚ, «Kcell» АҚ (Қор нарығы), Orsu Metals Corp., W Resources, Steppe Cement, Max Petroleum, Tau Capital, Roxi Petroleum, Central Asia Metals, Frontier Mining, Jupiter Energy, Kemin Resources секілді компаниялар бар.
2012 жылдың қараша айында Ұлыбритания Қазақстанды (Мексика, Индонезия, Марокко, Вьетнам, Оңтүстік Африка елдерімен қатар) екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайту мақсатында 14 басым елдердің тізіміне енгізген болатын. Осыған жауап ретінде 2013 жылдың қазанында Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлыбританияны инвестициялар тарту мақсатында алты басымдыққа ие мемлекеттер тізіміне қосты. Осы мақсатта 2014 жылғы 12 маусымда жаңа инвестициялық заңнама қабылданды. Бұған қосымша ретінде Ұлыбританияны қоса алғанда 10 мемлекет азаматтарына 2014 жылғы 15 шілдеден 2015 жылғы 15 шілдеге дейін Қазақстанға визасыз кіруге рұқсат берілді.
2013 жылғы 30 қазанда сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия (ҮАК) құрылды.
Сонымен бірге, өзге де құрылымдар жұмыс істейді. 2015 жылы 24 ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ пен Ұлыбританияның сауда және инвестициялар жөніндегі агенттігінің (UKTI) Іскерлік кеңесі және Британдық сауда палатасының Қазақстандағы өкілдігі ашылды.
Оның сыртында екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық әріптестік қатынастар жыл өткен сайын дамуда. Соның ішінде білім беру саласы екіжақты ынтымақтастықтың басты бағыты болып табылады. Мұның себебін түсіну қиын емес. Ұлыбритания соңғы бірнеше ғасырлар бойы адамзаттың өркениетті дамуының көшбасшыларының бірі ретінде үнемі алдыңғы қатарда келеді. Бұл елдің білім мен ғылым саласында, жаңа технологияларды ойлап тауып, оларды игеруде жеткен жетістіктері өте елеулі. Кезінде осындай жетістіктердің нәтижесінде британдықтар дүниенің батыс жарты шарында аса ірі империя құрып, көптеген елдердің тарихы мен тағдырында өзінің айшықты ізін қалдырды. Қазіргі күні де әлемнің саусақпен санарлықтай аса ықпалды елдерінің қатарында келеді. Ағылшындар осының барлығына білім мен ғылымның нәтижесінде қол жеткізді. Сондықтан, өз тәуелсіздігіне ие болғанына ширек ғасырдай ғана уақыт болған біздің Қазақстанымыздың бұл елден үйренері көп-ақ.
Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін ағылшындардың білім саласындағы жетістіктеріне мән беруде. Мәселен, 2001 жылдан бастап, Алматыда Қазақстан-Британ техникалық университеті жұмыс істеп келеді. Ұлыбританияның мұнай-газ саласындағы Абердин, Роберт, Гордон, Хериот-Уотт және Вестминстер секілді төрт бірдей университеті Қазақстан-Британ техникалық университетінің әріптестері болып табылады.
Сондай-ақ, Лондон Университеттік Колледжінің қолдауымен «Назарбаев Университетінде» жоғары оқуға дайындық бағдарламасы және Инженерия мектебін құру жобасы жұмыс істейді. «BG» компаниясының қолдауымен НУ Энергетикалық зерттеулер орталығында 2012 жылдан бері ғылыми кітапхана жұмысын атқарады және НУ Ғылыми-инновациялық қызметкерлерін оқыту мен біліктілікті арттыру үшін шәкіртақылар бөлінеді.
Британдық жоғары оқу орындары «Болашақ» бағдарламасы бойынша шәкірттерді оқыту бойынша бірінші орында тұр. Бұл елде Қазақстанның 2 мыңнан астам жастары білім алды және оқуларын жалғастыруда. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, Ұлыбританияда шамамен алғанда қазіргі күні 4 мыңнан астам студент білім алуда.
Елбасы сапарының аясында Лондонда екі елдің көптеген жоғары оқу орындары ректорларының қатысуымен білім саласындағы форум болып өтті. Осы шараның өзінде бірнеше меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Қазақстанның білім саласына британдық тараптан қолдау қаржы бөлінетін болды.
Міне, осы жағдайлардың барлығы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастардың лайықты жағдайда дамып келе жатқандығын көрсетеді.
Екі ел арасында қалыптасқан осындай жағымды ынтымақтастық қатынастарды дамытудың мүмкіндіктері де мол. Соның бір мысалы ретінде Ұлыбританияның әлемнің жаһандық қаржы-экономикалық орталықтарының бірі болып табылатындығын айтуға болады. Бұл елдің қаржы нарығының аса кеңдігі, онда ашықтық пен мөлдірліктің қалыптасуы, қаржы саласын дамытуда бай тәжірибенің дамуы Британияны халықаралық бизнес пен капитал үшін барынша тиімді де тартымды ете түседі.
Қазақстанда, оның астанасында халықаралық қаржы орталығын құру идеясы алғаш көтерілгенде, оның британдық құқық негізінде жұмыс істеуі шарт ретінде қабылдануының өзі бекер емес. Өйткені, осы британдық құқық негізінде жұмыс жасайтын Дубайдағы қаржы орталығы табысты жұмыс істеу үстінде. Қазақстанда құрылатын халықаралық қаржы орталығы да осы Дубай қаржы орталығының тәжірибесіне сүйене отырып жұмыс атқаратын болады. Яғни, Астана қаржы орталығы британдық сот жүйесін негізге ала отырып, ағылшын тілінде жұмыс істейді.
Мемлекет басшысы Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен өткен келіссөздер қорытындысы жөнінде БАҚ өкілдеріне баяндап берді.
Брифинг барысында Елбасы Қазақстан тарапына сапар аясында айрықша жоғары құрмет көрсетіліп отырғанын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ, Біріккен Корольдік екіжақты қарым-қатынастар дамуының осы кезеңінде Қазақстанға 12 миллиард долларға жуық инвестиция салғанын, қазір елімізде британ капиталының қатысы бар 500 компания жұмыс істейтінін атап өтті.
«Осы жаңа ғана Қазақстан-Британия бизнес-форумы аяқталды. Кешке қарай Британия бизнесінің «капитандарымен» кездесу өтеді. Бұл біздің ел үшін аса маңызды деп ойлаймын. Іскер топтарымыз құны 5 миллиард доллар болатын келісімшарттар мен меморандумдар жасасты. Бұл жобалардың барлығы Қазақстанның шикізаттық секторын дамытуға ғана бағытталып отырған жоқ», – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сапар барысында қол қойылған келісімдер мазмұнына тоқталып, бұл құжаттардың болашақтағы дамуға бағытталғанын айтты. Соның ішінде газ, энергетика, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы бірлескен жобалар атап көрсетілді. Нұрсұлтан Назарбаев Британия тарапымен Астана және Лондон арасында қосымша әуе рейсін ашу туралы келісім жасалғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы келіссөздер барысында күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер, соның ішінде Украина мен Таяу Шығыстағы ахуал қарастырылғанын да атап өтті.
Елбасы Қазақстан-Британия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының ІІ отырысының ашылуына қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ, Ұлыбритания Премьер-министрі Д.Кэмерон қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде форумға қатысушыларға тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен бүгінде мемлекет жүргізіп жатқан экономикалық саясат туралы әңгімелеп берді.
Мәселен, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан шекарасының ұзақтығы мен жерінің кеңдігі Еуразия кеңістігінде маңызды стратегиялық және көлік-логистикалық қызмет атқаруға мүмкіндік беретініне назар аударды.
Мемлекет басшысы елде 100-ден аса этнос өкілдері тұрып жатқанын, осы уақыт ішінде олардың тең құқықтары мен мүмкіндіктері сақталғанын, соның арқасында тұрақтылық қамтамасыз етіліп отырғанын да атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті тәуелсіздік жылдарындағы экономиканың даму қарқыны туралы да айтты.
Осы кезеңде халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 700 доллардан 13 мың долларға дейін ұлғайды. Бұл біз үшін зор табыс деп есептейміз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның 90-жылдары экономиканы жекешелендірудің аса ауқымды шарасын жылдам әрі зор табыспен өткізгені де айтылды.
Мемлекет басшысы бүгінде экономикамызды дамытудың жаңа кезеңі келгенін атап өтті.
Қазір дағдарыс, энергия тасымалдаушы өнімдер бағасы төмендеді. Мен мұндай жағдайды болжадым, өйткені бұл – капиталистік экономиканың циклды дамуындағы заңдылық. Осы жағдайда біз елді жаңғырту үшін Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» жоспарын әзірледік, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қол қойылған Ұлыбританияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы туралы келісімді жоғары бағалайтынын атап өтті және «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру жоспары туралы айтты.
Бұл жобаға британдық компаниялардың қатысуы аса маңызды болады деп ойлаймын, – деді Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру, индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру, «Жаңа Жібек жолы» жобасына қатысу үшін қолға алып жатқан шараларға егжей-тегжейлі тоқталды.
Соңында Мемлекет басшысы британдық компанияларды бірлескен жобаларға қатысуға шақырды.
Біз Лондоннан ештеңе сұрамаймыз. Сіздерді Қазақстанға келуге және бізбен бірге табыс табуға шақырамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы күні Елбасы британдық бизнестің ірі өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Мәселен, «Шелл» концернінің бас атқарушы директоры Бен ван Берденмен кездесу барысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастықты бұдан әрі дамытудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы компания біздің елімізге келгелі бері бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырғанын, соның арқасында Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бірі болып отырғанын атап өтті.
Б. ван Берден өз сөзінде біздің республикамен ынтымақтастық концерн жұмысының басымдығы бар бағыттарының бірі екенін айтты. Ол сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтады.
Сөйтіп, Мемлекет басшысының Ұлыбританияға жасаған бұл жолғы сапарының бірінші күні табыспен қорытындыланды. Бүгін тағы да маңызды кездесулер болады деп күтілуде.
Дереккөз: Егемен Қазақстан