Инвестициялық әлеуетке ел риза
Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Ақмола медиаорталығында» кез келген меншік түріндегі құрылымдар басшылары мен аудан әкімдерінің есептерін тыңдау дәстүрі бар. Бұл кездесулерден газет оқырмандарының мүддесіне орай, іріктеп мақала, хабарлар жазып жүрміз. Бізді айрықша қызықтырғаны күз басындағы басқосу еді. Онда Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов биылғы жартыжылдықта негізгі капиталға 9 миллиард теңге қаржы тартылғанын, оның өсімі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе екендігін айтып өтті. Аудан ортан белден төменгі деңгейден бірден үшінші орынға көтерілген. Оның үстіне, мұның негізгі бөлігі мал шаруашылығының үлесінде екен. Ең бастысы, әбден сараптамадан өткізілген, болашағы бар жобаларға ғана қолдау көрсетіледі. Елең етерлік әрі екпін түсірерлік жағдай.
Заматта жетіп бара алмадық. Тарихы терең, ертеңі ерен Ерейментауға қазан айының басында жолымыз түсті. Осынымыз дұрыс болған екен. Егінін жинап, еңсесін тіктеп алған жұрттың жүзі жарқын. Аудан әкімі емен-жарқын әңгіме қозғап «Бүгін сіздерге, аяғымыз жеткенше, қыстақтарды көрсетемін. Бізде мұның саны – 50», деді.
Қыстақ демекші, қыстағын сақтап қалған облыстағы бірден-бір аудан – Ерейментау. Аңсарымыз ауып отыр. Өйткені, Ақмола өңіріндегі бүгінгі күнгі заманалық сипаттағы шаруашылықтардың барлығы малды қорада ұстайды. «Жайлау», «қыстау» дегендерді ұмыта бастағандаймыз. Көкшетаудан 500 шақырым жүріп келгенімізді ұмытып, тап қазір қозғалуға дайын кейіпте едік. Ойламаған жерден қоңырау шалынды да, Ермек Бекенұлы облысқа шақырылды. Бұл да телефонның түймесін басып, өзінің бірінші орынбасары Алик Манадыровты шақырды…
Таң ата жолға шыққанбыз. Күн шайдай ашық. Айнала айрықша нұрға бөленіп, алтын күздің алқалары ерке желмен жарыса сыңғырлайды. Осының өзі көңіл ауанын ажарландырып тұрғандай. Жолбасшымыз Алик Аманжолұлы осы елдің тумасы екен, сөзшең көрінді. Жол бойына Ерейменнің арғы-бергі тарихын, ауызда жүрген азаматтарын, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігін жіптіктей қылып айтып отырды. Ауыл шаруашылығына жауапты болғандықтан, осы жағына ойыса беретінін де құп көрдік.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдағы жылдары Қазақстан бойынша ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу жөніндегі тапсырмасына орай ауданның ішкі бағдарламасы жасалыпты. Аяқалыс жаман емес көрінеді. Жартыжылдықта ауыл шаруашылығы бойынша 3,7 миллиард теңгенің ішкі өнімі есепке алынған. «Торғай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Абердин-Ангус» еттік бағыттағы мал өсіру» инвестициялық жобасын табысты аяқтап, асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесін алса, «Кеңөткел НС» ЖШС осы атақты қорғау үстінде еңбектенуде. Ал «Жаңа Береке» шаруа қожалығы «Новомарковка ауылында 3000 бас ірі қараға арналған бордақылау алаңын құру» бойынша инвестициялық жобаны іске асырыпты. Қаржыландырудың бірінші кезеңінде 1069 ірі қара алынып, оның жалпы саны 1616-ға жеткен. Мұнда заманауи зертхана, мұздатқыш қондырғылары мен қасапхана, тұрмыстық бөлім жұмыс істейді. Жобаның жалпы құны 800 миллион теңгені құрайтынын білдік.
Сондай-ақ, диктофонымызға «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» сияқты салалық бағдарламалардың ауыл өндірісін дамытуға серпін бергені жайлы мәліметтерді жазып алдық. «Сыбағаға» 34 шаруа қожалығы қатысып, еттік бағыттағы 3100 ірі қараны өріске шығарып отыр. Бұған қосымша 62,3 миллион теңгенің 10 өтініші аталған бағдарламаны үйлестірушілердің қарауына берілген. «Үміт-Н» шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» АҚ-тың несиелік қаражатымен 115 бас «Қызыл далалық» және «Симментал» тұқымды құнажындарды сатып алып, тауарлы-сүт фермасын ұйымдастырыпты. «Құлан» бағдарламасы аудандағы жылқы санын 24200-ге жеткізуге септескені де айтылды. Ауданда қой саны 97 мыңға жақындап қалыпты. «Масақбай» ЖШС, тіпті, түбіт өндіру мақсатымен 600 бас ангор ешкісін өсіруде екен. Әкімнің орынбасары бұны «Алтын асық» бағдарламасының тиімділігімен байланыстырады.
Инвестициялық ахуалды тағы да есіне салғанымызда, аудан басшысының бірінші орынбасары әлгі 9 миллиард теңгенің 80 пайызы жергілікті бизнес өкілдерінің жеке қаражаты мен несие салымдарына тиесілі екендігін айтты. Бұл инвесторлардың мемлекеттік саясатқа және аудан басшылығына толық сенімін білдіреді. Бүгінгі күні «Ерейментау-Құлан» ЖШС 650 бас жылқы өсіріп, 3000 ірі қараны бордақылау кешені инвестициялық жобасын, «Малтабар ранч» ЖШС еттік бағыттағы 500 ірі қараға күтім жасау, «KazHorseMugalzhar» еділбай тұқымды 1500 бас қой өсіру кешені, «Асылхан» шаруа қожалығы мал өнімдерін қайта өңдеу комбинаты жобасын жүзеге асырып жатқаны ел ішін жақсы ойларға жетелейтіні анық.
Өндірістік сипаттағы қыстақтар
Аудан орталығынан 40 шақырымдай жүргенде жаңадан салынып жатқан «Астана – Павлодар» күре жолы құрылысымен түйісіп, бағытты ен далаға өзгерттік. Ендігі жерде малшылар қыстағына жету үшін осылай жүретінімізді біз де біліп отырмыз. Бірақ, бүгіп отырған ойымыз қателестіргендей екен. Өйткені, ойқыш-ұйқыш, селк-селкті әлі соншалықты сезе қойған жоқпыз. Сөйтсек, тау іші қыстақтары болмаса, көбісін шағал төселген жолдар жалғастыратындай. Кей жерлерде электр бағаналары да бізбен жарыса жүгіреді. Демек, бүгінгінің қыстағы біздің алыс қиялымыздағыдан басқашалау болды ғой деп қоямыз іштей.
Әлекеңнің айтуы бойынша, Ерейменнің ен жайлауында шашырай қонған қыстақтардың 80 пайызы электр жарығына қосылған. Қалғандары жел қондырғысын, күн сәулесін пайдаланады екен. «Отау ТВ» хабарлары қабылданып, интернетке қосылғандар бар. Бабалардан қалған құдықтар да сарқылмаған, бұлақ көздері де уақтылы аршылып отырады. Жайлау мен қыстақтың сәні, халқымыздың санаға қозғау салатын қымбат дәстүрі осы ғой, деп қояды жолбасшымыз. Әйткенмен, заман ағымындағы өзгерістерсіз бола ма? Оны уақыт талабындағы жарасымдылыққа балаған жөн.
Өркешті қыраттың күншығыс қабатына құлай бергенде керіле жамбастаған қора көрінді. Бұл Ботбай қыстағы (аудандағылар 109 дейді екен) болғаны. Жақындаған сайын еңселеніп барады. Жанында қос қанат кірпіш үй, екі гараж, шынжыр табанды ескілеу трактор, ошаққана мен отынхана, бөстек төселген балалар әткеншегі, тағы басқа кәкір-шүкір көзге ілінді. Қолға түскен сырықтармен қоршалған оймақтай жерде осы үйдің қыз-келіншектері картоп өсіретін сияқты. Көліктен түсісімен, жолбасшымыз еркінсіп, сыртын брезентпен қаптаған есікке жақындай бергені сол еді, алпамсадай ала ит самарқау ғана «аф» деді. Жүні жалбырап, көзі қызарғанына қарағанда, әбден қартайған болуы керек. Есік алдына көлденең түскен сенімді ит қожайындарынсыз ішке кіргізбейтінін анық аңғартты. Әлекең де қызық, айнала жүгіріп терезелерді қаға бастады. Қаладан барған біз мүлдем басқа әлемге тап келгендей рахаттанып қалдық.
Ақырында бір терезе жауап берді.
– Бұл кім ей? – деген келіншек қолын алжапқышына сүрте шықты. Сүт тартып отырғаны байқалып тұр. Заматта «Ой-бу,ой-бу! Сіз екенсіз ғой, төрлетіңіз», – деп бәйек болды да қалды. Бізде шаруасы жоқ.
– Қуаныш қайда? – беделі түсе жаздап, қайтадан әкім қалпына енген Әлекеңнің алғашқы сауалы осы болды.
Қайнысы ауданға кеткен екен. Қыстақ басшысының шаруасы көп. Келіншек алжапқышының қалтасынан ұялы телефонын алып, «үйге кісі келді» деп жатыр. Көп ұзамай аттың дүбірі естіліп, орта жастағы жігіт енді. Бұл Бейбіт – Қуаныштың ағасы. Өрістегі малды інісі Ардаққа тапсырып келген беті. Үш ағайындының үлкені сөзге жоқ десе болғандай. Келіншегі ымдағанына қаратпай қазақы үстелді дөңгелетіп әкеліп, дастарқанды жайнатып тастады. Малшы үйдің шайы үнемі қайнап тұратынын сездік. Сыбаға кәдесіндегі салқындатылған ет те келе қалды. Біздің ынтызарымыз буы бұрқыраған таба нанда. Сары май, қою қаймақ, аппақ ірімшік, күрең шай – нағыз рахатыңыз осы. Мұндайда, «Дипломмен – ауылғаның!» азаматтары қайдасыңдар?» дегің келеді екен.
Бейбіт бәрібір ештеңе айтпайтынын біліп, блокнотымызды бүктеп, қабырғадағы рамкадағы суреттермен таныса бастадық. Онда осы үйдің тарихы тізбеленгендей. Үйелмелі-сүйелмелі он баланың сәби, оқушы, солдат, үйленген сәттері көз алдымыздан өтіп жатыр. Бұлардың балаларының суреттері мұнда болмайды, олардың әрқайсысына жеке альбом арналған шығар. Төрдегі жеке рамада бір-екі медалін таққан отағасы Ботбай Бекбаевтың көнелеу бөрік киіп түскен суреті тұр. Отты жанарлы марқұм өмір бойы қой баққан екен. Көзінен мұң аралас тәубешілік төгілетіндей. Ертерек кеткені болмаса, қыстақтың отын сөндірмей отырған балаларына ризашылық деп білдік мұны.
Әлекең асыға бастады. Әлі баратын жерлер көп. Үйден шыққанымыз да жақсы болыпты. Қыстақтан көп ұзамай үп-үлкен «пикап» машинасы қарсы жолықты. Бұл әлгі зарықтырған Қуаныш екен. «Бір үйден әртүрлі бала шығады» деген рас. Иненің көзінен өтетіндей. Оқығаны да бар көрінеді. Іші-бауырымызға кіріп барады. Жасандылығы жоқ ерке ініміздей. Техникаларды қысқа дайындаудың қамымен жүргенін айтады. Шаруа жайына келгенде, басты мақсат алдарына салған 600 қой, 250 ірі қара, 120 бас жылқыны қыстан аман алып шығу екендігін білдірді. Ағайындылар бес трактор, «Зил» жүк машинасын өздері жүргізеді. Қысқы кезде Ерейментау, Ақсу қалаларындағы әпке-қарындастары, жезде-күйеу балалары көмекке келеді. Оларды қоспағанда жалдамалы алты адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Қой қырқым, мал азығын дайындау сияқты науқандарда олардың қатары көбейе түсетіні айтпаса да түсінікті. Бізді қайдам, дайындықтарына көңілі толған аудан әкімі орынбасарының түйініне қарап, Ботбай қыстауының өрендері қыстан қысылмайды деген тілек қостық.
Осы жолы Қойтастағы Әубәкіровтің, Төлегендегі шешен аға Қосай Азиевтің, Кеңөткелдегі Биімжановтың, Сәрсендегі Әлдибековтің қыстауларындағы көңіл толарлық істердің куәсі болдық. Новомарковкадағы Рамазановтың бордақылау алаңы қыстау басы иелерінің төлдерін қабылдаса, мемлекет табынды толықтырудағы еңбектері үшін субсидия түрінде табыстарын тағы да еселеп отырғаны ғанибет. Яғни, қыстақ тіршілігі екіжақты тиімділіктегі өндірістік сипат алғаны саланың болашағын кемелдендіре түспек.
Екіндіден ауа бере Сайдалы қыстағына жеттік. Қадыр Ахметов ағамыздың әулеті атақонысты 60 жылдан бері мекендейді екен. Жеңгей екеуі 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеген. Ұлдарының бәрі осы Сайдалыда үш үй болып отыр. Үлкені Берік ұлттық ат спортын дамытуда облыс, республикаға танымал азамат. Көкпардан халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Қолы босай бермейтіндіктен шаруа қожалығын басқаруды ортаншы інісі Серікке тапсырғалы да он жылға жақындапты. Жеңіс те жұмыскер жігіт көрінді.
– Бұғанам қатқан бойда ағам Нәжімеден Көкеновтің құрығын ұстап қалып едім, – дейді бізбен әңгімесінде Қадыр аға. – Бүгінгінің балалары бақытты ғой. Біз қорқып-үркіп өстік, бригадирден, комиссиядан. Қолы жеткендер ат шанамен жүретін. Қазір машинаң таңсық болмай қалды. Осы Сайдалыда жалғыз жеркепе еді. Енді үш балам үш үй салды. Өзім Серіктің қолында біржарым қабаттысындамын. Моншамыз бар, суды құдықтан сорғымен тартамыз. Телевизор, телефон, интернетіңіз істеп тұр.
Одан кейін Қадыр аға мемлекеттің ауыл өндірісін дамытудағы қамқорлығы мен көмегіне ризашылығын білдірді. Адамдардың жеке тракторы, комбайны болады дегенге, өніміңді өткізгенің үшін қосымша төлем аласың дегенге кім сенген. Өзім жекешелендіруді түсінбей, бір күркемен шыққанмын. Қатар жүргендердің өзі қысастық танытатынын көрдім. Бірақ, көңілі дарқан, тура жолға сілтейтін, қателігіңді кешіре білетін азаматтар да көп қой. Солардың арқасында азды-көпті абыройымыз бар. Төрт түліктің бәрін өсіреміз. Қысқа дайындық жақсы. Әйткенмен, бір айғайшы керек. Осылардың жақсы атын естіп, қалқайып жүре тұрсам, дейді көпті көрген ақсақал.
Жалпы, аудандағы жайылымдық учаскелерде 27876 бас мал қыстатылып жүргенін айтады Алик Манадыров. Бұл мал шаруашылығын дамытудағы үлкен резерв қана емес, дәстүрлі кәсіптің өміршеңдігін көрсететін қадам. Әрине, шешілмеген жайлар да бар. Біз болған қыстақ иелерінің барлығы жайылым тарлығын алға тартты. Бұған жауап ретінде Елбасының жер нарығын құруға арналған тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер түгендеуден өткізілгені айтылды. Мәселен, өз мақсатында пайдаланылмайтын немесе тиімсіз пайдаланылатын 96,3 мың гектар жер анықталған. Оның 54,3 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылыпты.
Бұл дұрыс көтерілген мәселе деп ойлаймыз. Осы орайда, Парламент қарауында жатқан «Жайылым туралы» заң жобасының тезірек қабылданғанын қалайды малшы қауым.
Біз жолға шыққанда жаңбыр жауа бастаған. Құдайдың құдіреті, Көкшетауға жеткенімізше алай-түлей қар борап, бір күнде қыс түсті…
Дереккөз: Егемен Қазақстан