СЕПАРАТИСТІК ИДЕЯЛАР ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ КЕҢ ТАРАУДА (ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170708203608730_small.png

Соңғы уақытта Қазақстанның территориялық тұтастығына, конституциялық құрылымына қарсы әрекеттерді насихаттаған, тіпті, батыл қимылдарға шақырған үндеу, мәлімдемелер қайтадан қылаң беруде. Кезінде 90-жылдардың басында Қазақстанның біраз аумағын Ресейге қосу керек деген пікірлер қазіргі таңда заманға сай әдіс-амалдарға көшіп, әлеуметтік желілерде көптеп көрініс табуда. Ондай пиғылдағы жандар Қазақстан мен Ресей арасындағы бүгінгі достық һәм әріптестік қарым-қатынастарды, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграцияны өздерінің идеяларының қолдау табуы, қазақ елін Ресейге қосуға бағытталған жүйелі жұмыс деп түсінетін сияқты.

Фейсбук әлеуметтік желісіндегі Ерлан Есеналиев, Амир Касенов сияқты кей қолданушылардың жазбаларына қарап отырсаңыз, олар бүгінде Қазақстандағы әрбір оқиғаларды жіті қадағалап, оларға өздерінің ұстанымдары тұрғысынан баға беріп отыратынын байқайсыз. Олардың отан тарихына қатысты да өз ұстанымдары бар. Мәселен, Ерлан Есеналиев «Қазақстан билігі 1991 жылы бұрынғы Қазақ КСР-інің аумағын заңсыз, рейдерлік жолмен басып алды» деген пікірде.

Сондай-ақ, олар қазақ жері қашаннан орыс елінің аумағы, ХҮ ғасырда Орыс патшалығының қуаты бәсеңдегенде қазақ рулары жоңғарлардың құрамына енді, кейін қайтадан Ресейге қосылған. Қазақтарды Ресей өркениетке жетелеп келді деген ойды еш қысылмай жариялап жүр.

Тағы бір назар аударатын жайт, осындай пікірдегілер Қазақстанда түрлі қылмыстық істер жасап, жауапқа тартылған орыс диаспорасының өкілдерін «Орыс әлемі» үшін күресушілер, Қазақстандағы орыстарға қарсы бағытталған саясаттың құрбандары деп санайды. Оларды қолдап қоғамдық пікір тудыруға тырысады. Тіпті, олардың осындай жағдайға түсуіне қазақ ұлтшылдарын ашық айыптайды.

Сепаратизм рухы есетін жазбаларында олар Ресейдің бұл идеяларға қолдау көрсететінін, тіпті өз мүддесіне қарсы қазақстандық саясатқа араласып, «реттеп» отыратынын айтады. Мысалы, «Қазақатомөндіріс» ұлттық компаниясының қайтыс болған басшысы Нұрлан Қаппаров Ресейге қарсы жұмыс істегені үшін о дүниелік боп кетті деген шешім шығарған.

Осылай Қазақстандағы ахуалға көңілі толмаған олар Ресей Федерациясының Президенті В. Путинге хат жолдап, мұндағы «келеңсіздіктерді» тәптіштеп түсіндіріп, дереу мәселеге араласуды, Қазақстан билігін «орнына қоюды» сұрайды.

Ресейді Қазақстандағы сепаратизмді қолдайды деп арқа сүйейтін олар әлдебір түсініксіз ұйымдарға мүше екендіктерін, сол ұйымдардың құрамында «үйлестіру» жұмыстарына ат салысып жүргендерін жасырмайды.

 

Осындай теріс пиғылды пікірлер, әсіресе, қазір сот процесі жүріп жатқан Ермек Тайшыбеков пен Александр Кузнецов ісіне қатысты жазбаларда өріп жүр. Тиісті орындар бұл мәселемен заң шеңберінде айналысып, өз өкілеттіктері шегінде шешім шығарады деп сенеміз. Әйтпесе, сепаратизмді тек әлеуметтік желіде насихаттап жүргендер, ертең қолына қару алып, нақты әрекеттерге көшпесіне кім кепіл?!

Дархан Мұқан

«Қамшы» сілтейді 

Қатысты Мақалалар