Қазақстан Футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов Айсұлтан Назарбаев пен барлық футбол жанашырларын Республикалық Футбол форумына қатысуға шақырды. Бұл туралы «Қамшы» порталы Ерлан Қожағапановтың facebook әлеуметтік желісінде жариялаған хатына сілтеме жасап хабарлайды.
Ерлан Қожағапанов футболдың бүгінгі жетістігі бір күндік жұмыстың нәтижесі емес, маған дейінгі басшылардың ерен еңбегі деп мәлімдеді. Нақтырақ айтсақ ол УЕФА-ға мүше болып, «Цесна» футбол академиясы құрылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, федерация басшысы Айсұлтан Назарбаевқа қатысты өзінің пікірін білдірді.
– Маған Айсұлтан Назарбаевтың бастамасына көзқарасыңыз қалай деген сұрақты көп қояды. Айсұлтанның қазақстандық футболдың дамуына қызығушылық танытқаны әрине қуантады. Оның бастамасы көптеген адамдардың футболдың бүгінгі жағдайына көңіл аударуына себеп болды. Маған оның ашық, жария түрде өзінің позициясын білдіргені ұнады. Ол басқа күштерді қолдану арқылы мақсатына жете алар еді, бірақ ол қоғаммен ашық байланыс орнату арқылы дұрыс жол таңдады деп білемін. Біз оның футболдың дамуына бірлесе жұмыс атқаруын қалаймыз, – деді Ерлан Қожағапанов.
Сондай-ақ, Ерлан Тоқтарханұлы қазақ футболында жедел шешімді қажет ететін көптеген мәселелердің бар екенін жасырмады. Мәселен, ол балалар мен жасөспірімдер футболы әлі де дамытуымыз қажет етеді деген пікірде. Бұдан бөлек Ерлан Қожағапановты манеждердің жеткіліксіздігі мен барлық деңгейдегі жаттықтырушылардың аздығы ойландырады. Сондықтан да ол Астанада 21 қараша күні өтетін Республикалық Футбол форумға барша азаматарды шақырып отыр.