Кеше палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Парламент Сенатының отырысында бес заң қабылданды. Сенат Қазақстан мен Бенилюкс мемлекеттері (Бельгия Корольдігі, Люксембург Ұлы Герцогтігі және Нидерланд Корольдігі) арасындағы реадмиссия туралы келісімді және келісімді іске асыру хаттамасын ратификациялады.
Құжаттар уағдаласушы тараптар мемлекеттерінің аумағына рұқсатсыз заңсыз болған адамдардың реадмиссиясының құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелерін реттеуді көздейді. Бұдан былайғы ынтымақтастық мемлекеттің стратегиялық міндеттері мен жекелеген мемлекеттік органдардың заңсыз көші-қонмен күресті нәтижелі іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Палата Адамдардың реадмиссиясы туралы Латвиямен үкіметаралық келісімді ратификациялады. Құжатта адамдардың трансшекаралық заңсыз көшіп-қонуын болдырмау және соған қарсы іс-қимыл мәселелерін шешу, мемлекет аумағына екінші тараптан заңсыз келген немесе мемлекет аумағында екінші тараптың заңсыз тұрып жатқан адамдарын қайтаруды жеңілдетуге арналған шарттарды өзара тиімді негізде қамтамасыз етуге тараптардың ұмтылысы қарастырылған.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтерін жарақтандыру үшін арнайы техника мен арнайы құралдарды жеткізудің жеңілдікті шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы екінші хаттама ратификацияланды. Құжат ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құралдарды жеңілдікпен жеткізуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасы) ратификациялау туралы» Заң жан-жақты талқыланып, қабылданды. Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы келісімге 2015 жылғы 20 шілдеде Астанада қол қойылды. Құжаттың мақсаты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабі-леттілігі мен әлеуетін арттыру болып табылады. Жобаның құны 11,4 миллиард теңгені (46 миллион АҚШ долларын) құрайды, оның 1,5 миллиард теңгесі (6 миллион АҚШ доллары) Қазақстан тарапынан, 9,9 миллиард теңгесі (40 миллион АҚШ доллары) сыртқы қарыздан қосымша қаржыландырылатын болады. Жобаны 2020 жылы 30 маусымда аяқтау жоспарланды.
Жоба аясында төрт бөлікті іске асыру көзделіп отыр. Бірінші – шағын және орта кәсіпкерліктің әлеуетін дамыту. Ол шағын және орта бизнестің мазмұны мен ұсыну тетіктерінің сапасын арттыру арқылы мемлекеттің қазіргі кездегі шағын және орта бизнеске арналған қаржылық емес қолдауын жақсарту және кеңейту көзделеді. Екінші – бәсекеге қабілетті сектордағы шағын және орта кәсіпорындардың өзара байланысы. Үшінші – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бағдарламалардың әсер етуін бағалау. Төртінші – факторингті стратегиялық бағалау.
Атқарушы билікке бірнеше өткір сауалдар қойып, жан-жақты талқылағаннан кейін сенаторлар заңнамаға мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша түзетулерді екі оқылымда қарап, қабылдады. Құжат мүгедектерді әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, барлық мүгедектердің өз құқықтары мен бостандықтарын толық және тең дәрежеде жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасау мақсатында әзірленген. Қабылданған ережелер мүгедектердің және қимыл-әрекет етуі ауыр басқа да топтардың еркін жүріп-тұруы үшін, яғни әлеуметтік объектілерге, инфрақұрылымдарға, байланыс және ақпарат саласындағы көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуі үшін жағдайлар жасауға бағытталған. Атап айтқанда, көру және есту қабілеті төмен мүгедектерге қолжетімді тұрғыда ақпарат беріледі. Жүріп-тұруы қиын мүгедектер некеге тіркелу қызметтерін үйде, медициналық немесе өзге де ұйымдарда ала алады.
Олардың тұрғын үй қатынастары саласындағы құқықтарын қорғау мақсатында үшінші топтағы мүгедектерге басқа жарамды тұрғын үй берілмейінше, қызметтік тұрғын үйден шығаруға жатпайтыны заңда қарастырылған. Сондай-ақ, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге берілетін тұрғын үй екінші қабаттан жоғары болмауы тиістігі жөнінде талап қойылған. Есту қабілеті нашар мүгедектер үшін ымдау тілі маманының көрсететін қызметі нормасын жылына 60 сағатқа дейін ұлғайту ұсынылады. Республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда және елордада психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерін құру көзделеді. Білім беру саласында көру қабілеті бұзылған мүгедектерді тифлотехникалық құралдарды және арнайы құрылғыларды пайдалана отырып оқыту мен тәрбиелеу құқығына кепілдік беріледі, инклюзивті білім беруді есепке ала отырып, білім берудің мемлекеттік жалпы міндетті стандарттарын әзірлеу жөнінде талаптар белгіленеді.
Ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек болып табылатын адамдар үшін мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарына бірінші кезекте жұмысқа бөлу құқығы регламенттеледі.
Заң жобалары бойынша Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев және Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова сенаторларға қажетті түсіндірме берді.
Дереккөз: Егемен Қазақстан