Кеше Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан – жаңа инновациялық хаб» атты халықаралық инновациялық форум өтті. Оған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен бірқатар шетелдік мамандар және сала министрлері қатысты. Премьер-Министр форумның ашылу рәсімінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін жеткізді. Елбасының шараға деген ілтипатынан ұлттық инновацияны дамыту мен алыс-жақын елдердегі инноваторларды да Қазақстанға тарта білу қаншалықты маңызды екенін білуге болады. Шара аясында салаға қатысты бірнеше семинарлар ұйымдастырып, әлемді аузына қаратқан спикерлер инновация тақырыбында пікір алмасты.
Форумды еліміздің Инвестициялар және даму министрлігі мен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі ұйымдастырғанын айтып өткен ләзім. Оған қоса, ұйымдастырушылардың қатарынан Zerde инфокоммуникациялық холдингі мен Президенттің «Болашақ» халықаралық стипендиясын алушылар қауымдастығын және Алматының «Тек Гарден» дербес кластерлік қорын көруге болады. Бір айта кетерлігі, форумның басталар қарсаңында сарайдың ішінде инновациялық жобалардың көрмесі өтті. Оған Қазақстанмен қатар, алыс-жақын шетелдерден келген көптеген өнертапқыштар мен түрлі фирмалар және компаниялар қатысты. Көрмені жиналған қауыммен бірге Премьер-Министр және бірқатар Үкімет мүшелері тамашалап, танысып шықты. Көрмеде министрлердің ғана емес, көптеген мамандар мен БАҚ өкілдерінің назарын аударған адамзат дамуына қажетті инновациялық жобалар болды.
Халықаралық шараны жүргізу тізгінін қолына алған «Назарбаев Университеттің» президенті Шигео Катсу алғашқы семинарға 45-тен астам сарапшы мен 150 стартаптың негізін қалаушылар қатысып отырғанын атап өтті. Оған қоса Орталық Азия, АҚШ пен ТМД елдерінен 1500-ге жуық қонақ арнайы келіп, қатысып отырғанын жеткізді. Сөйтіп, сөз кезегін Премьер-Министрге берді. Жиналған қауымды айтулы шарамен құттықтаған Үкімет басшысы сөзді Мемлекет басшысының құттықтауынан бастады. Онда Елбасы, инновациялар – Қазақстан дамуының стратегиялық басты бағытының бірі екенін атап көрсеткен.
«Түрлі салаларға инновацияларды әзірлеу мен енгізу – мемлекет дамуының стратегиялық бағыты. Ол үшін барлық қажетті жағдайлар қалыптасып жатыр және инновациялық үдерісті қолдаудың қазіргі заманғы инфрақұрылымы құрылуда. Яғни, бұл тұрғыда идеяларды қалыптастырудан оны өндірісте қолдануға дейінгі шаралар қамтылып отыр. Инновациялық белсенділік, бизнес, ғылым және білім арасында қалыптасқан әрекеттестік, экономиканың шикізаттан инновациялық түрге сәтті көшуінің кепілі», деп атап өткен Елбасы.
Президент құттықтауында айтулы шара саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін тиімді алаң екені, сондай-ақ, қоғамға алдыңғы қатарлы технологиялық бизнесті тарту бойынша бірегей мүмкіндік болатыны және елімізде инновацияны дамытуға жаңа серпін беретіндігі айтылған. «Осы шараны өткізу Қазақстанды посткеңестік кеңістікте негізгі технологиялық хаб ретінде орнықтыруға ықпал ететініне сенімдімін. Форумның барлық қатысушыларына жемісті жұмыс, шығармашылық табыс тілеймін», деген Мемлекет басшысы құттықтауында.
Осыдан кейін Үкімет басшысы инновациялық бағдарламаны бастау оңай болмағанын, оған қатысушылардың бәрінің бірдей табысқа жете алмағаны жөнінде әңгімеледі. Әйткенмен, саланы еңсеруде еліміз көп күш жұмсай отырып, бірқатар жетістіктерге иек артқанын да баяндады. Сөйтіп, Қазақстан Үкіметі инноваторларға қолдау жасай беретініне тоқталды. «Инновацияларды дамыту және стартаптар жолы өте күрделі болатыны мәлім. Дәл осындай бәсеке мен тартыста жетістікке жету ең басты мақсат екенін, сондай-ақ, бұл саланың мамандары алдында тұрған қиындықтарды еңсеруге қауқарлы болуы қажет екенін тағы да айтқым келеді. Осыған орай, инноваторларды қолдай алатын институттар құру да ойымызда бар. Үкіметтің басты мақсатының бірі – инноватор тапқан идеяны жүзеге асыруға жағдай жасау. Осы тұрғыда біз сіздерге көмектесеміз.
Негізінде, инновациялар мен стартаптарды дамыту жолы өте даңғыл. Бүгінгі форумға қатысып отырғандардың барлығы 100 пайыз табысқа жете алмайды. Бірақ, бұл бизнестің ғажаптығы осы, яғни табысқа жетіп, сүрініп, одан кейін қайта алға жылжуға болады. Дәл осындай бәсекелес ортада, осындай жағдайда үлкен мүмкіндіктер ашылады. Бүгінде біздің алдымызда осындай міндет тұр. Соның бірі – бұл бағытта алға жылжуға мүмкіндік беретін институттар құру керек. Ал не істеп, қалай жұмыс жасау бойынша Үкімет көмек бере алмайды. Өздеріңіз өз идеяларыңызды жүзеге асыруларыңыз қажет. Әрбір мемлекет, әрбір Үкімет жетекшісі елінде «Силикон алқабының» болғанын қалайды. Бірақ, кез келген мемлекет мұны жасай алмайды. Бұл орайда, біздің міндет – сіздерге қолайлы жағдай жасау», деді К.Мәсімов.
Семинар барысында Үкімет басшысы бірнеше шетелдік спикерлердің пікірлеріне назар аударды. «Біз ең жақсы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мүмкін, дәл қазір мұндай ойдан аулақ шығармыз. Бірақ, бір-екі жыл өткеннен кейін ең жақсы уақытта өмір сүргенімізді еске алатын боламыз. Бүгінде біздің мүмкіндігіміз мол, қолымыздан бәрі келеді, деген оймен толық келісемін. Оған қоса, жақсы бастамалар, үлкен жұмыстар дағдарыс кезінде іске асырылады, деген пікірге қосылғым келеді. Яғни, қазіргі уақытта осы жағдайды пайдалануымызға мүмкіндіктер зор. Сондай-ақ, бізге «Силикон алқабын» құрудың қажеті жоқ екенін тағы қайталап айтамын. Себебі, егер біз дұрыс жағдай жасасақ, ол бізге өзі келеді ғой», деген Премьер-Министр Инвестициялар және даму министріне қарата, «Сіз Силикон алқабының бізге келуі үшін барлық жағдайды жасауыңыз керек», деп жалғады өз сөзін.
Бұлармен бірге, Үкімет басшысы саладағы стартапқа қатысушылар мен бизнесмендерді тек алға ұмтылуға шақырды. Одан кейін министрлерге назар аударып, «Осында бірінші қатарда министрлер отыр. Сіздер қателесуге жол бермеулеріңіз керек. Өйткені, сіздердің жіберген қателеріңіз тым қымбатқа түсуі ықтимал. Сондықтан да қателесу туралы мүлдем ұмытыңыздар», деп түйіндеді өз ойын Премьер-Министр.
Шараның екінші бөлімінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев сөз сөйледі. Ол Қазақстанда инновацияны дамытуға көп көңіл бөлініп жатқаны жөнінде әңгімеледі. «Біздің инновациялық жобаларға қолдау жасаудағы ауқымды жұмыстарымыз халықаралық сарапшылар тарапынан жақсы бағасын алып отыр. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумда Қазақстан бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 42 орынға көтерілді. Инновациялық әлеуетті арттыру бойынша да алға жылжып келеміз. Десек те, біз қазіргі қол жеткізген жетістіктерімізге малданып қалмай, алға қарай даму үрдісін жалғастыра береміз. Себебі, үлкен табысқа жету үшін әлі де көп жұмыс атқару керек екенін жақсы білеміз», деді.
Министрдің ойына назар аударсақ, елімізде ұлттың инновациялық қабілетін ашып, жетілдіру ісінде көптеген игі шаралар ұйымдастырылып жүр. Мұнымен қатар, дәл қазір алыс-жақын шетелдерден ақылды бастарды, атап айтқанда, үздік инноваторларды Қазақстанға тарту үшін тарихи мүмкіндік туып тұрған көрінеді. Сондықтан, осындай игі шараға жұмсалатын бірер миллион қаражаттың ертеңгі күні миллиардқа айналып оралуы ғажап емес екенін дұрыстап ұққан жөн. Тіпті, қазіргі таңда инновациясыз даму жоқ екенін толық түсінген елдер ғана алға жылжып барады.
Форум аясында еліміздегі жас ғалымдардың үздік инновациялық жобалары да жұртшылыққа ұсынылып, Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан ақшалай марапатталды. Атап айтқанда, үшінші орынды иеленген Дәмел Мектепбаеваға – 1 000 000, екінші орынға көтерілген Айдар Кемелбай – 2 500 000, ал бірінші орынды жеңіп алған Дана Ақылбаева 7 500 000 млн. теңгені иемденді. Олар өз жетістіктері жөнінде әңгімелеп, алған қаражаттарын жаңа жобаларына жарататынын айтты. Мұнымен қатар, шара барысында инновация тақырыбына жазып жүрген журналистер де Үкімет назарынан тыс қалмады. Олар да лайықты бағасын алып, үлкен марапаттарға ие болды
"Қамшы"сілтейді
Дереккөз: Егемен Қазақстан