Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап елімізде рәсімделмеген қаржы мен мүлікті жария ету науқаны басталды. Аталған акцияның негізгі мақсаты шет елде жасырылған отандық қаржыларды елге қайтарып, эконмикамызды көтеру болатын. Алайда бай-бағландарымыз шет елде жасырған ақшаларын елге әкеліп, әлеуметтік жағдайымызды көтеруге асығар емес.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы кезекті Жолдауында бұл мәселеге айрықша тоқталды. Президенттің айтуынша Үкімет салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз етуі керек. Ол үшін мемлекет басшысы мүлікті жария етуді 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартқанын мәлімдеді.
– Кәсіпкерлер, іскер азаматтар! Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. Қазір мінекей, мына жекешелендіру кезінде алып келіп зауытты, фабриканы, электростансаны, жолдарды жеке меншікке алыңыздар. Бірінші, өздеріңізге, екінші, сол арқылы халыққа жұмыс беру, үшінші салық төлетіп мемлекеттке көмектесу. Тек халықтың рахметі мен алғысына бөленесіздер, – деді президент.
Мемлекет басшысы елге қаржысын әкелген азаматтарға сот қудалауы болмайды деп кепілдік беріп отыр. Сондықтан да, ол кәсіпкерлер мен іскер азаматтарға «ақшаларыңның сақталуына кепілдік беремін» деп арнайы үндеу жариялап отыр. Міне, осы үндеуді еліміздің белді кәсіпкерлері қаншалықты қолдайды? Себебі, президент бұл Жолдаудан бұрын мүлікті жария етуге байланысты бірнеше рет мәлімдеме жасады. Алайда, мемлекет басшысының сөзіне құлақ асып, қаржысын елге әкелген азаматтар аз болды.
Ал енді бір жыл мүмкіндік бергеннен кейін кәсіпкерлер шет елдегі қаржысын елге әкелуі мүмкін бе? Белгілі экономист, Жанкелді Шымшықовтың айтуынша, бұл шаруаның оңды жүзеге асуына құзырлы органның әрекетіне байланысты.
- Мүлікті жария ету халықаралық деңгейде шешіледі. Егер де, құзырлы органдар бір жылдан кейін әртүрлі халықаралық ұйымдар арқылы жұмыс жасайтын болса шет елде кімдердің ақша жасырып отырғандығын анықтайды. Әрбірден соң «Форбс» журналы жыл сайын қай елде қандай миллиардерлер бар екенін, олардың аты-жөнін жариялап тұрады.
Сондықтан да үкімет бай-бағландарға бір жыл беріп, «Ойланыңдар. Әйтпесе мұның арты жақсылыққа әкелмейді» деп ескерту жасап жатыр. Менің ойымша аталған ескертуден кейін кәсіпкерлер ақшаларын елге әкеле бастайды, – дейді Жанкелді Шымшықов.
Экономистың айтуынша, соңғы 25 жылда елімізге 210 миллиард АҚШ доллар шамасында инвестиция келген. Ал осы жылдар ішінде 147 миллиард АҚШ доллары келемінде қаржы елімізден шет елге құйылған. Егер де, сыртқа кеткен қаржыларды елге әкелетін болсақ, еліміздің экономикалық жағдайы жақсаруы мүмкін. Сондықтан да, үкімет мүлікті жария етуге ерекше назар аударып отыр. Алайда, мүлікті жария етуде ұсақ-түйек шаруалар жүзеге асқанымен, шет елден қыруар қаржы келіп жатыр деп айта алмаймыз.
Өйткені, бай-бағландар президент кепілдік берсе де тапқан таянғанын елге әкелуге қорқады. Себебі, біздің елде кәсіпкерлікті рейдерлік шабуыл жасау арқылы тартып алу дәстүрі қалыптасқан. Егер де осы дәстүрдің тамырына балта шабылмаса, кәсіпкерлер ешқашан қаржыларын елге әкелмейді.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана