Жекешелендірудің екінші кезеңін бастау туралы әңгіме шыққанда, мемлекет меншігінен жеке меншікке өтетін нысандар мен активтер қатарында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» де аталды. Кеше «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев банктің 2016 жылы сатылымға шығарылатынын тағы бір мәрте мәлімдеді.
«2016 жылы холдингке қарасты төрт ұйым сатылымға шығады. Олардың қатарында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ы да бар. Біз осы салада тәжірибесі бар маманданған қаржылық инвесторды іздестіруді жоспарлап отырмыз. Егер мұндай инвесторттабылмаса Үкіметке бұл активті жекешелендірудің басқа қадамдарын ұсынамыз, IPO бойынша мәселені шешеміз немесе басқа жолдарды қарастырамыз», - деген Қуандық Бишімбаевтың сөзінен қазіргі таңда аталған қаржы ұйымын «маған бер» деп отырған дайын инвестордың жоқ екенін аңғарамыз.
Оның үстіне Үкімет әлеуетті сатып алушыға банктің негізгі қызмет портфелін өзгеріссіз сақтап қалу талабын қойып отыр. Себебі, халықты тұрғын үймен қамту мемлекеттік бағдарламалар бойынша орындалуы тиіс міндеттемелер кезек күтіп тұрған көрінеді. Қ. Бишімбаевтің мәлімдемесінен білгеніміз, келер жылы елімізде 326 мың шаршы метр арендалық тұрғын үй салынуы керек екен. Сонымен қатар, қазір 240 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткен, олар 2016 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Бұл бағдарламаларды жүзеге атқарып жатқан негізгі оператор тағы да осы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі».
Лайықты инвестор табылып, алып банкті алақанында ұстайды деген сенімді ұстаным болмаса да жекешелендіруді қолға алғандар бұл операциялардан ұтылмаймыз дегенді айтып отыр.
«ТҚЖБ жекеменшікке өткеннен банк ұтпаса ұтылмайды. Бұл дегеніңіз жаңа инвестициялар, қосымша қаржы, жаңа технологиялар мен қызметтер. Сонымен қоса, банк өзінің әлеуметтік қызметін жалғастырып, мемлекет субсидиясын алатын болады және салымшыларына жыл сайын сыйақы береді», - деген болатын банк басқарма төрағасының орынбасары Айжан Медеуова.
Мемлекеттің бұл бастамасымен келіспейтіндер, әлеуметтік сипаттағы бағдарламаларды жүзеге асырушы қаржы ұйымына қызығушылық танытатын инвесторлардың табылатынына сенбейтін де бар.
«Егер банк жұмысының негізгі бағыты өзгертілмесе, үкімет лайықты инвестор табатынына күмәнданамын. Бұл тұрғын үй алуды субсидиялайтын институт, яғни ол нарықтық табысқа қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Негізгі кіріс көзі арзан несиелер беру міндеттемесінен түседі», - дейді Halyk Finance зерттеулер департаментінің директоры Сәбит Хәкімжанов.
«Асыл-инвест» АҚ-ы талдау департаментінің директоры Айбар Байкенов те осындай пікірде. Сарапшы мемлекет инвесторды осы салада тәжірибесі бар ұйымдар арасынан іздейді. Еуропалық немесе халықаралық институттарды тартуы да мүмкін деп санайды. Оның ойынша, банк моделі отандық инвесторлардың қызығушылығын туғыза қоймауы мүмкін.
«Сатылым кезінде бизнес-модель өзгере қояды деп ойламаймын. Сатылым үстінде тараптар әлеуметтік шарттарды талқылайтыны сөзсіз. Өз кезегінде әлеуетті инвестор банкке операциялық басқару құқығын және банк жұмысына мемлекеттің араласпауын талап етуі мүмкін. Осы шарттар орындалса ғана лайықты инвестор табылады» дейді А. Байкенов.
Бас тұрғын үй банкінің негізгі қызмет портфелін сақтап қалуды көздейтін билік қаржы ұйымының осы салада іс-тәжірибесі бар әрі шетелдік тұрғын үй нарығына инвестиция құйып жүрген еуропалық, атап айтқанда, Германия, Австрия банктеріне сатылғанын құптайтын сияқты. Жалпы, осы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жұмыс жүйесінде неміс моделі жатқаны айтылып жүр, мамандар тарапынан.
Қалай болғанда да мемлекет бұл қаржы ұйымын жекешелендіруге біржола оқталып отыр. Банк басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашүкеев ТҚЖБ-нің 20-51 пайыз акциясы сатылатынын, мемлекет акционерлер қатарында қала беретінін хабарлады.
Сонымен, қаншама қазақстандықтың баспаналы болу үмітін арқалаған алып банктің кімнің қолына, қандай компанияның басқаруына өтетіні әзірге белгісіз. Бар білетініміз бұл сауда операциясының төңірегінде нарық қатысушыларының қызығушылығын тудыратын пайдалы ұсыныстар да, біршама шектеулерге негіз болатын талап, тыйымдар да жетерлік. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Жыл аяғына дейін жаңа инвестордың есімі де белгілі болып қалар. Күтейік.
Жомарт Абдоллаұлы