Мұнай арзандап, доллар қымбаттай бере ме?

/uploads/thumbnail/20170708205519003_small.jpg

Мұнай бағасы өткен аптаның соңын ала барреліне 37,7 долларға түсті. Бұл қазақстандық нарыққа да өз ықпалын көрсетті. Соңғы екі күнде доллар бағамы күрт көтеріліп, бүгін ақша айырбастау орындарында АҚШ валютасы 330 теңгеден саудалануда. Қаржы нарығындағы соңғы оқиғалар көпшіліктің алаңдаушылығын туғызды.

Қазақстандық экономист, макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергенов доллар бағамының бұдан әрі де көтерілетінін, мұнай құнының да құлдырай беретінін айтады. «Мұнай бағасының төмендеуінің ауыр соғатыны түсінікті, мәселе мұның қаншалықты және қанша мерзімге созылатынында» дейді сарапшы.

Мұнай бағасының бұлай құлдырауына ең алдымен, мұнай өндірушілер өнімінің нақты сұраныстан асып түсуінен болып отыр. 2016 жылы да бұл жағдай қайталануы, яғни мұнай бағасы 30 доллар шамасында сақталуы мүмкін. Бюджет түсімі мұнай саудасына тікелей бағынышты біздің ел үшін бұл үлкен мәселе туғызады. Себебі, біздегі ұлттық валюта бағамы ең алдымен осы мұнай бағасына қарап бой түзейді.

Ал, мұнай баррелінің бағасы 25 долларға құлдыраса, қазақстандық мұнай өндірісіне қауіп төнгелі тұр. Олай дейтініміз, кез-келген тауар бағамын оны дайындауға кеткен шығын, яғни тауардың өзіндік құны құрайтыны белгілі. Біздегі мұнай компаниялары, тіпті ресейлік мұнай алыптарының өзінде өзіндік құны 25 доллардан мұнай өндірілмейді. Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын мұнай саудасы, 30-40 пайызын осы мұнай айналасындағы салалардан түсетін кіріс құрайтынын ескерсек, отандық экономика үшін нағыз қатер алда сияқты. Ал, Үкімет пен Ұлттық банк мұндай жағдайларда үйренген әдіс – теңге бағамын құлдыратуға жүгінетіні белгілі.

Мұнай бағамы 40 доллардан төмендемей тұрып-ақ, бізде доллардың 350-360 теңгеге өсетініне болжам жасалған. Валюта бағамы да тікелей теңге-доллар қатынасымен емес, Ресей рублінің долларға шаққандағы бағамына сай жасалып келді. Яғни, теңгенің долларға бағамы 1-ге 5 партитетімен (70 рубльдік Ресей бағамын беске көбейте отырып) туындайды. Егер, мұнай баррелі 30 доллардан төмендесе Ресей рублі де құлдырайды. Соған сай, біздегі теңге бағамына да «түзету» енгізіледі. Егер доллардың рубльге шаққандағы бағамы 80 рубльді құраса, біздегі доллар 400 теңге болады деген сөз.

Айналып келгенде, халқының қамы үшін құдайдан емес, мұнайдан үміт күтуді әдетке айналдырған Қазақстан мен Ресей экономикасы қиын жағдайда тұрғанын мойындау керек. Айналасына жексұрын болған Ресейдің басындағыэкономикалық қиындықтар неден туып отырғанын барлығы біледі. Ал, қазақ экономикасын Ресейдікіне теліп қойған – Еуразиялық одақпен қатар, осы валюта саясатындағы рубльге тәуелділік.

Елге кіретін тауарлар, азық-түліктің дені сырттан келеді. Үкімет қанша жерден отандық өнімді қолдаймыз, қазақстандық тауарларды молайтамыз дегенмен ол бастамалардың қарқыны қаржылық құлдыраудың шаңына ілесе алмай келеді әрі жедел арада жүзеге аса қоюы қисынсыз жағдай.

Сонымен, мұнайдың арзандауы бюджетке салмақ салса, доллардың қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғатынын түсіну үшін бүгінде экономикалық білім қажетсіз болып қалды. Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзған мына уақытта тапқаны нан-тұзына жетпеген халық кімді қарғап-сілейді, қаһарын кімге төгеді?! Бюджет түсімі азайып, мемлекет кепілдендірген әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы, мемлекеттік мекеме жұмысшыларының еңбекақысы төмендесе елде әлеуметтік шиеленіс туындап, ол саяси толқуларға алып келуі мүмкін. Саяси жүйе мәселелері, сот пен құқық жүйесіндегі әділетсіздіктер, дін мен тіл үшін тек үстел басында қызыл кеңірдек болып айтысып, билікке қарсы ешқандай батыл қадамдарға бармайтын, тіпті, зейнетақы жинақтарының тағдырына да бәлендей бас қатыра қоймайтын халық жалақысы кешігіп, нан-судан тарықса, жұмыстан қысқарып, екі қолға бір күрек таба алмай қалса бәріне дайын екенін билік басындағылар ескерулері керек.

Жомарт Абдоллаұлы

 

Қатысты Мақалалар