Тәуелсіздік тойына «сыйақы» ретінде берілді ме, әйтеуір, «ҚазАгро» Ұлттық компаниясының басшылығы Зейнетақы қорынан 115 миллиард теңге алғандарын жария етті. Қалған 25 миллиард теңгесіне жыл соңына дейін қол жеткізеді екен. Сөйтіп, ойы-қыры не керек, 140 миллиард теңге «қолдан» кетті.
Басқарма төрағасы Нұрлыбек Мәлеловтың мәлімдеуінше, бұл қаражаттың қайда және қалай жұмсалатыны «инвестициялау механизміне» байланысты. Егер зейнетақы қорындағы ақша ашық нарықта инвестиция ретінде пайдаланылса, екі жаққа да табысты болады-мыс. «ҚазАгро» бұл қаржыны алуға өздерін лайықты санағандықтан сұрап алыпты. Сондай-ақ, «ҚазАгро» АҚ-на қарасты төрт бірдей қосалқы компанияның жекешелендірілгелі жатқаны белгілі болды. Олар «Қазагрофинанс», «Продкорпорация», «Қазагромаркетинг», «Қазагропродукт». Бұл компаниялар өз миссиясын орындап қойыпты. Енді олардың бағыты өзгертілмек екен. Мәселен, «Қазагрофинанс» мамандандырылған лизингтік компанияға айналуы мүмкін. Бұл бағытта «ҚазАгро» басшылығы жекешелендіруге жататын компанияларды бағалау құнын бекітетін білікті кеңесшілердің көмегіне жүгінбекші. Нақты жоспар түзілмеген, ойдағы жобаның өзін күзейтін тұсы көп.
Әу баста ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында құрылған алып компанияның негізгі жұмысы «Қазагрофинанс», «Продкорпорация», «Қазагромаркетинг», «Қазагропродукт» арқылы атқарылды. Оларды жекешелендіретіндей не күн туды екен. Ақыры жеке меншікке берілетін болса, зейнетақы қорынан 140 миллиард теңгені не үшін алды? Әлгі жердегі «дочка» компаниялырының «жасауына» берейін деп пе? Жеке меншікке «жем» қылу үшін бе? Не десек те «ҚазАгрода» енді ақша бар. «Билет қалтада, пойыз қайда барады» дегеннің керін келтіріп, «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңда да, талтаңданың» кебін кигізіп кетпесін, әйтеуір. Қыруар қаржыны пайдаланып болған соң, еселеніп қайтарса игі. «Қайтқан мал да қайыр бар» дер едік.
Халықтың ақшасын аш қасқырдай аңдып отырғанның бірі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Ондағыларға зейнетақы қорлары майлы қазан іспетті. «Атамекен» басшылары кәсіпкерлерді қолдауға қаржы дәметіп, үкіметбасын айналшықтап жүр. Жалпы, осы үнемі үкіметке қарап «алақан жаятын» да жүретін бизнестен пайда болмаса, зияны да тимесе екен дейміз. Аяғына нық тұрып болмайтын не деген «ақсақ құлан» біздің елдің бизнесі де, екінші деңгейлі банктері де дейсің, кейде. Ашкөздік шығар, сірә.
Президенттің өзі үкіметке де, басқаларға да зейнетақы қорларындағы қаржыны бизнесті несиелеуге бермеу керектігін, ақша үстіне, ақша қосып, табысты ету қажеттігін, олай болмаған күнде де ол қаражаттың бюджет тапшылығын өтеу мақсатында ғана пайдаланылуы мүмкін екенін қадап айтты емес пе?
Сонда да Елбасының ескерткенін елемей, әркім «көрпені» өзіне тартып әлек. Әлбетте, зейнетақы қорларындағы 5,4 триллион теңге халықтың ақшасы кімге бәйек қақтырмас. Әлден 140 миллиард теңгесі кетті. Президент, сондай-ақ, Ұлттық банктің Зейнетақы корын қадалағалауға қауқарсыз екенін де айтқан-ды. Осылайша, халықтың ақшасын қоярға жер таппай, қолдан-қолға өткізіп жүргенде, «хан талапайға» түспесін. Біздің елде бюджеттің де ақшасын «үп» деп кеткендер көп қой. Жалпы «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» десе де, қазанның құлағы халықтың қолында екенін ұмытпаса екен, шіркіндер.
Мөлдір Нұрман