«Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегеннің жөні осы екен деп көргенсіздіктерін көрсетіп қойып жатқан әкімдер бар, қазір.
Ешқандай дәрі-дәрмек оята алмаған калачиліктердің ұйқысын Сергей Кулагиннің «шайпау» мінезі шайдай ашты-ау. Алдына мұң шағып барған жұртқа облыстың әкімі сияқты емес, құдды бір «рекэтир» сықылды тіл қатқаны естен кетпес. Саунадан шыққан шуды өсекшілердің «далбасасы» десе де, әкім Кулагин зар илеген халыққа «запыран құсып» «әдептіліктің» жаңа үлгісін танытты.
Осы күнде «атқамінерлердің» біразы арзан ұпай жинап, әлеуметтік желінің «жұлдызына» айналып жатыр. Мәселен, Павлодар қаласының әкімі жұмысқа ел қатарлы автобуспен баратынын «жыр» қылып, мақтанып жүр. Жаяу қатынаса, тілге тиек етуге болар ма еді. Одан да жолдарының «жыртығын» жамап алмай ма?!
Шымкенттің әкімі «Шырша тойға» 80 миллион теңгені «шашып» жібере жаздады. Бұл не деген «батпан құйрық» десейші. Бұған дейін жаңа жылдық безендірулерге 60 миллион теңгеден жұмсалған екен. Ғабидолла Әбдірахымов оның үстіне 20 миллион теңге қосып «шашылайын» деп еді. Сонша ақшаны жетім-жесірлерге үлестірсін деп жөн сілтеп, райынан қайтардық. Нәтижесінде 5500 балаға жаңа жылдық жақсылық жасалатын болды. Болашақтық әкімнің батысқа деген емеуріні ерек болса керек, Шымкентті біресе Барселона, біресе Лас-Вегас қылғысы келетінін айтады. «Арық сөйлеп, семіз шық» дегеннің жөнін үлкен бастығынан үйренбей ме. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов бір жиында өзін жарнамалап, мақтанғанды мүлде ұнатпайтынын айтты. Әкімдер сөздің емес, істің адамы болуы керек. Шымкенттік шенеуніктерге «алтын сырға».
Ғабидолла Әбдірахымов Тәуелсіздік күнін Қазығұрт тауының шыңында атап өтті. Байрақ бүркенген фотосы әлеуметтік желіні кезіп жүр. Айтпақшы, Ғабидолла Әбдірахымов еліміздің «ең сұлу әкімі» атаныпты. Одан кейінгі орынға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тұр. Бүйте берсе бір күні «Әкімдер сыны» байқауын өткізетін шығармыз.
Әкім Бауыржан Байбек жарады. Тәуелсіздік күні Желтоқсан құрбандарына тағзым етіп, алматылықтардың алғысына бөленді. Ал, Ахметжан Есімовті шақырып келтіре алмаған еді, халық. Алматының алаңында Есімовтың «велосипедінің» ізі ғана қалған шығар. Әйтеуір, «Вело-марафон» өткізуден Қазақстанда «рекорд» жасағаны рас қой.
Біраз жыл бұрын бір аймақтың басшысына қарт кісі «балам» дегенде «Мен сіздің балаңыз емеспін! Дұрыстап сөйлеңіз, аты-жөніммен атаңыз!» - деп дүрсе қоя бергені бар еді. Елбасының өзіне «Балам» дейтін қариялар көп. Президент те өзінен жасы кішілерге «балаларым, немерелерім» деп сөйлейді.
Қайсыбір жылы бес мың долларды ақшасынбай, пара берген адамның басына бір қойған аудан басшысы да болды. Дөрекілік кей әкімдерге тән бе, әлде сән бе?
Жылында бір Астанаға жиналысқа барған әкімдердің арасында «тау қопарып» тастағандай қалғып-мүлгіп отыратыны тағы бар. Одан бөлек жер-жердегі мемлекеттік қызметкерлердің орынсыз сөйлеп күлетіндері де көп боп тұр. Қысқасы, «чики-чики» дегізбей, жалпы «шенеуніктерге» әдеп сабағын оқыту керек сияқты.
Мөлдір Нұрман