ЕУРООДАҚПЕН ӘРІПТЕСТІК РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫН АЗАЙТАДЫ

/uploads/thumbnail/20170708205949804_small.jpg

Кеше Қазақ елі мен Еуропа Одағы етене жақын әріптестік пен ынтымақтастық келісімін бекітті. Құжатқа Қазақ елінің сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен ЕуроОдақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты бойынша жоғарғы комиссары Федерика Могерини қол қойды. Сарапшылар Еуропа елімен тығыз қарым-қатынас орнату Қазақ елі үшін өте маңызды деген пікірде.

Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, аталған келісімде екі жақты қарым-қатынастың 29 саласы қамтылған көрінеді. Нақтырақ айтсақ, құжатта халықаралық, аймақтық қауіпсіздік пен қарусыздану, сауда, инвестиция, инфрақұрылымды дамыту сияқты мәселелер қамтылған. Сондай-ақ, келісім-шартта сауда-экономикалық мәселелер және инновациялар, мәдениет, спорт пен туризм, құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық көзделген.

Ал, Федерика Могерининың айтуынша Еуропа елі Орта Азия елдеріне ерекше көңіл бөліп отыр. Сондай-ақ, ол өз сөзінде екі жақты ортақ экономикалық жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз деп мәлімдеді. Өйткені, ол аталған келісім-шартты жай қағаз емес, нақты іске негізделген құжат деп есептеп отыр. Себебі, 2014 жылдың 11 айында Қазақ елінің ЕО-мен сыртқы сауда көлемі 50 миллиард доллардан аз болған. Ал құжатқа қол қойғаннан кейін екі жақты сауда саттық көлемі айтарлықтай артады.

Оның үстіне, бұл келісім-шарт Ресейдің Қазақ еліне деген қысымын азайтуға ықпал етеді. Алайда, саясаттанушылар аталған құжат ЕО мен Украина, Грузия және Молдова арасында бекітілген жақын саяси серіктестік келісіміне қарағанда әлсіздеу деген пікірде. Әйтсе де, Айдос Сарым «Ресей мен Орталық Азия елдерімен жасалған келісімдерге қарағанда аталған құжат әлдеқайда күштірек» дейді. Сондай-ақ, ол екі жақты әріптестік соңғы жылдары жасалған келісім-шарттардың ішінде Қазақ елі үшін ең пайдалы құжат деген пікірде.

– Жеке өз басым, бұл келісім-шартты үлкен қуанышпен қабылдадым. Өйткені, біздің, қазіргі таңда, Ресейден үйренетін ештеңеміз қалған жоқ. Оның үстіне, Ресейдің өзі өмір-салты мен экология сынды тағы да басқа салалар бойынша Еуропаға жақындағысы келеді. Айталық, Мәскеу Еуро-4 санатты жанармай енгізіп жатыр. Айналып келгенде, мұның бәрі Еуропадан келіп жатқан жаңалықтар. Егер біз саяси жағдайды айтпағанда, Еуропаның экологиялық стандарттары мен технологиясын алатын болсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қазіргі таңда азаматтардан «қай жерде өмір сүргіңіз келеді» деп сұрасаңыз олардың барлығы дерлік «Еуропа елдерінде тұрғымыз келеді»  деп жауап береді. Өйткені, Еуропаның өмір сүру салты өзге мемлекеттермен салыстырғанда көш ілгері болып отыр. Сондықтан да, біз Еуропа одағымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардан нақты үлгі алуымыз керек, – дейді Айдос Сарым.

         Расында, Еуропа елдерімен әріптестік орнату Тәуелсіз Қазақ елі үшін маңызды. Өйткені, соңғы жылдары Ресейдің империялық саясаты күшейіп, жас мемлекеттерге тырнағын батырып отыр. Ал Еуропа одағы Ресей сияқты «айттым - бітті» деген саясат жүргізбесі анық. Өйткені, Еуропалы одақ өркениетті ел болғандықтан белгілі деңгейде демокртиялық құндылықтарды сақтауы мүмкін. Алайда, солай екен деп Еуропа одағына 100 пайыз сенім білдіруге тағы болмайды. Себебі, әр мемлекеттің өзінің мүддесі бар. Ал, біз қазіргі таңда ЕАЭО балама ретінде Еуропа одағымен әріптестік орнатуға мүдделіміз.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана 

Қатысты Мақалалар