ҚАРЖЫ НАРЫҒЫНЫҢ КЕЛЕР ЖЫЛҒЫ КЕЛБЕТІ

/uploads/thumbnail/20170708210050399_small.jpg

Валюта нарығы қазіргі таңда көптің көз тіккен алаңына айналып отыр. Келер жылы да ұлттық валютаның құны құлдырай түседі деушілер көп. Тіпті, кей сарапшылар, 2016 жылы төл теңгеміз құнсызданып, АҚШ долларына шаққандағы бағамы шамамен 370 теңгені құрайды деп отыр.

Бес күн бұрын құны 350 теңгеге жеткен «көк қағаз» қазір Алматыдағы ақша айырбастау орындарында 332 теңге шамасында сатылуда. Теңгенің аз уақыт ішінде 5,4 пайызға күшеюін қаржы саласының мамандары сан саққа жорып отыр. Бірі мұның барлығы халықаралық қаржы әлемінің ішкі заңдылықтарына сай өзгерістер деп қабылдаса, енді бірі валюта нарығын реттеуге араласпаймыз деген Ұлттық банк ел ішіндегі толқулардың орын алуынан қауіптеніп, доллар бағамын төмендетуге жасырын түрде атсалысты дейді.

«Валюта бағамының бұлай құбылуы көпті таң қалдырды. Ұлттық банк басшылығы валюта нарығына ешқандай қатысымыз жоқ десе де бұған сену қиын. Доллардың 5 пайызға арзандауының негізгі себебі шетелдік валютаны нарыққа көп мөлшерде шығарумен байланысты болуы керек. Теңгені мұндай жолмен нығайту нарықтағы жағдайды күрделендіріп жібереді. Мұндай динамиканың себебін жылдың аяқталуына байланысты және мерекелік көңіл күймен байланыстыруға болатын шығар. Бұл кезеңде көптеген ұйымдарда ұлттық валютамен жасалатын салық төлеу, еңбекақымен және жылдық бонустармен есептесу, мерекелік шығындар сынды операциялар саны күрт артады», - дейді «Асыл Инвест» компаниясы талдау департаментінің директоры Айвар Бәйкенов.

Валюта нарығындағы қалыптасқан осы «кідіріс» көптеген адамдардың қолдарындағы валюталарын қайтадан айырбастауына әкеп соғуда. Қазіргі бағаммен долларларын сатқандар, әрине, ештеңеден ұтыла қоймайды. Бұған қоса, шикізат нарығындағы мұнай бағасының да тұрақтауы елдің теңге нығаяды деген сеніміне тірек болуда. Оның үстіне, рубльдің де долларға шаққандағы бағамы 71 рубльмен тоқтады.

Жақында Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев желтоқсан айында мемлекет тарапынан валюта саудасына ешқандай интервенция болмағанын айтты. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында интервенция көлемі 17,4 миллиард АҚШ долларын құраған. Ал, қараша айында Ұлттық банк теңге бағамын нығайту үшін 577 миллион доллар сатып алды.

Соңғы уақытта Ұлттық банк басшылығына жиі сыни пікір білдіріп жүрген экономист Олжас Құдайбергенов жылдың соңғы айында Бас банк валюталық интервенция жүргізді деп санайды. «Фейсбук» әлеуметтік желісінде Ұлттық банк жүргізіп отырған саясатты сынап бірнеше рет мәлімдеме жариялаған экономист бұл интервенцияның нақты сомасын айтпады, алайда.

Айвар Бәйкенов те Ұлттық банк желтоқсан айында валюта нарығына интервенция жасауы мүмкін деген пікірде.

«Желтоқсан айының басында интервениялар болған болу керек. Соның салдарынан доллар бағамы 307-308 теңгеге дейін бірнеше күнге құлдырады. Көп ұзамай теңге қайтадан 13 пайызға арзандап кетті. Осы кезде Ұлттық банк валюта нарығына араласудан сырттады деп ойлаймын», - дейді ол.

Байқап тұрғаныңыздай, қазіргі уақытта валюта нарығында қалыптасқан жағдай қаржы сарапшыларының нақты бір тоқтамға келуіне мүмкіндік бермей отыр. Мұнай бағасының арзандауы, теңгенің қыбыласына айналған Ресей рублінің долларға шаққандағы бағамының төмендеуі тсияқты бірнеше факторлар қазақ валютасының әлсіреуіне бастайтын себептер. Алайда, желтоқсан айының басындағы және осы екі күнгі теңгенің «нығаюын» нақты түсіндіретін себептер болмай тұр.

Бас банк алтын-валюта қорын ортайтпау үшін валюта нарығына интервенция жасалмайды деп мәлімдеді. Мұнай бағасының арзандай түсуі де алтын-валюта қорына қауіп төндіретіні белгілі. Жыл басынан бері Brent маркалы мұнай бағасы 38,8 пайызға арзандады. Егер 2015 жылдың алғашқы айында мұнайдың әр баррелі 50 доллардан саудаланса, кейін 36,4 тдолларға арзандады. Соңғы айда шикізат құны 46 доллардан жоғары көтерілмеді.

Мұнай бағасының бұлай құлдырауының негізгі себептері, әрине, АҚШ долларының күшеюі, мұнай өндіру мен оның қорының артуы болып отыр. Сондай-ақ, Қытай экономикасының біршама бәсеңдеуі мен Иранға қойылған санкциялардың 2016 жылдың басында алынатындығы да қара алтын бағасының қалыптасуына ықпал ететін факторлар. Осы айтылғандарды ескере келе, BCC Invest алдыңғы жылы тамыз айында мұнай бағасы 35-37 долларға төмендейді деп санайды.

Тағы бір айта кетер жәйт, ОПЕК ұйымы да мұнай өндіруді шектеуден бас тартатынын, қазіргі тәулігіне 30 миллион баррель шикізат өндіру нормасы сақталатынын жариялады.

«Нарық жақын уақытта ОПЕк елдерінде, әсіресе, Сауд Арабиясындағы мұнай өндірісін жіті бақылайтын болады. Саудия нарықтағы мұнай бағасын барынша арзандатып, бәсекелестерін тұқыртуды жоспарлап отыр. Әзірге, мұнай бағасының артатынын байқап отырған жоқпыз. Тіпті, тағы бір, мүмкін соңғы рет мұнай бағасы барреліне 35 доллар көлемінде құлдырауы ықтимал. Жобамен баға дәлізі 30-33 доллар шамасында қалыптасуы мүмкін», - деп санайды Айвар Бәйкенов.

Бірақ, мұнай бағасы енді арзандамаса да теңге бағамының нығая қоюы екіталай.

«Мұнай бағасы барреліне 35-37 доллар шамасында тұрақтағанның өзінде доллар бағамы 350-370 теңге көлемінде сақталады. Біз жақын күндері ұлттық валютаның осы деңгейге дейін құлдырауын жоққа шығармаймыз. Алайда, біз 2016 жылы Brent мұнайының орташа құны 42-44 доллар көлемінде қалыптасады деп ойлаймыз. Мұндай бағада теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 295-315 теңге көлемінде болуы тиіс», - дейді BCC Invest.

Осы ретте ұлттық валютаның құнсыздануына Ресей мен Қазақстанның экономикалық интеграциясы да әсер етіп отырғанын айту керек. Былтырғы наурыз айында жарияланған санкциялардан соң Ресей рублі бағасын жоғалта бастады. Бұл да қазақ экономикасына кері ықпалын тигізуде. 2014 жылдың басынан санасақ, орыс ақшасы 121,8 пайызға, 2015 жылдың басынан тартсақ 26,7 пайызға құнсызданды. РФ Орталық банкі жыл басында доллар 56,2 рубль болса, 23 желтоқсанда 71,1 теңгеге қымбаттағанын жариялады.

Қазақстандық сарапшылардың пікірі, «рубльдің осы құлдырағаны құлдыраған» дегенге саяды. Ресей валютасы бұдан әрі арзандамаса да, құны арта қоюы екіталай.

«Brent маркалы мұнай 35-40 доллар шамасында саудалануы жалғасса, рубльдің долларға шаққандағы бағасы 68-72 рубль шамасында тұрақтайды. Әріден ойласақ, мұнай бағасының бұдан әрі тұрақты түрде құлдырауын сенімді түрде болжау қиын. Қазіргі таңда қалыптасып отырған шикізат бағасы оның өзіндік құнына шамаласып қалды», - дейді сарапшы Тимур Нығматуллин.

Сарапшы, сондай-ақ, спекулянтивті әрекеттер салдарынан мұнай бағасының қысқа мерзімге құлдырауын жоққа шығармайды.

Қатысты Мақалалар