Талдықорған тұрғыны азаншыны сотқа берді

/uploads/thumbnail/20170708210053649_small.jpg

Талдықорғанда жергілікті тұрғын мешіттің үстінен тыныштықты бұзды деп полицейлерге шағым түсірген. Одан нәтиже шықпағасын қаланың ІІД-і мен басқармасын да “қол қусырып отырғаны үшін” кінәлаған, - деп хабарлайды “Қамшы» порталы NUR.KZ сілтеме жасап.

Тұрғынның бұл әрекеті туралы сыбыс тұрғындар арасында тез тарап, жұртты дүрліктірген.

“Елдархан Шұратбаевтың бірінші арызы бойынша, «Нұр» мешітіне жақын тұратын тұрғындар арасында сауалнама жүргізілді. Олар азан дауысына ешқандай шағымдары жоқ  екенін айтқан. Сәйкесінше, арызданушының мешіт әкімшілігін жауапкершілікке тартып, айыппұл салу талабы қанағаттандырылмады. Одан кейін облыстың ІІД-не мені «түнгі уақытта тыныштық бұзғандарға (азан шақыратын «Нұр» мешітіне) шара қолданбағаным үшін» қызметімен түсіру туралы арыз берген. Департамент Шұртабаевтың арызын қанағаттандырмады. Одан кейін тұрғын дәл солай Ішкі істер министрі Қасымовқа арызданған. Арызында менімен қоса, генерал-майор Үрімхановты да дұрыс жауап қайтармағаны үшін жазалауын сұраған”, – дейді Талдықорған ІІБ басшысы Ерлан Сансызбаев.

Тұрғынға бұл шағымы орынсыз екенін түсіндіру үшін полицейлер біршама жұмыстар атқарған. Барлық сұрақтары қоғамдық кеңесте ортаға салынып, оған жауап беруге атқарушы билік өкілдері, БАҚ, тіпті түрлі конфессиялардың діни қызметкерлері мен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері жиналған. Алайда арзыданушы екі рет те отырысқа барудан бас тартып, кеңеске қатыспай қойған.

Бұл жағдай ақсақалдардың қатты ашуына тиген. Олар алдымен Шұратбаевты психиатрға қарату керек деп санаса, кейін ашулары тарқап, тұрғынды шыдамдырақ болуға шақырған.

Олар ер кісінің әңгімелесуге шақыртуды алатынына әлі де үмітті.

 

Қатысты Мақалалар