«Әдебиет порталына» 2 жыл

/uploads/thumbnail/20170708210152150_small.png

Бүгін қазақ интернет кеңістігінде өзіндік орны бар «Әдебиет порталының» ашылғанына екі жыл толып отыр, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.

Қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде қызмет көрсететін «Қазконтент» акционерлік қоғамының бірегей жобасы - www.adebiportal.kz тұсауын Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі базасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын, драматург Нұрлан Оразалин, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижанұлы және Астана қаласындағы зиялы қауым өкілдері кескен болатын.

Бүгінде бұл әдеби портал өз оқырмандарын тауып, үлкен әдеби алаңға айналды, әдебиет сүйер қауымның көзайымы болып, көпшіліктің көңілінен шықты.

Айта кетейік, осы күнге дейін «Әдебиет порталына» төрт тілде 3 336 электронды кітап жүктеліп, 3 180 автордың жеке парақшасы ашылған, 200-ге тарта кітаптардың қысқаша мазмұны, 600-ден астам әдебиет тақырыбындағы аудио-видео орналастырылған және 1 495 блогер порталға өз шығармаларын өздері қойып, оқырманмен кеңінен бөлісуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, портал әдебиет әлемінде күнделікті болып жатқан жаңалықтарды үздіксіз жариялап, ақын-жазушылармен тұрақты сұхбат жүргізіп, олардың сиясы кеппеген шығармаларын дер кезінде оқырманға ұсынып отыр. Порталға аптасына 50-60 мың, айына 150-200 мың оқырман кіреді.

 

Қатысты Мақалалар