Бүгіндікке қазақстандық ауыр атлеттер Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов және Ермек Өміртайдың допинг дауына ілігуі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшіліктің айтуынша, аталған спортшыларды федерация қазақ болғандары үшін қасақана аяқтан шалып жатыр. Алайда, кейбір азаматтар жұртшылықтың бұл уәжімен келіспейді. Нақтырақ айтсақ, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы спортшыларды ұлтына қарап спорттан шеттетіп отырған жоқ.

Үш бірдей спортшымыздың допинг дауына ілігуі, әрине өкінішті жәйт. Өйткені, аталған спортшылар Рио-де-Жанейро олимпиадасында жүлдеге таласатын бірден-бір спортшыларымыз болатын. Өкінішке орай, халықаралық ауыр атлетика федерациясы үш спортшымызды допинг пайдаланды деп күдіктеніп отыр. Алайда, ауыр атлеттеріміз өздерінің кінәсіз екендіктерін дәлелдеуге мүмкіндігі бар. Оның үстіне, Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни бұл допинг-сынақтардың қорытындысына күмәнмен қарап отыр.
– Бұл жігіттер кешегі балалар емес, Қыдырбаев – әлем чемпионы, ал Өтешов – әлем чемпионаты мен Азия ойындарында күміс жүлдегер болды. Бұл спортшылардың деңгейі жоғары, біз оларды Хьюстондағы жарысқа алтын мен күміс медальдар алады деп дайындадық. Спортшыларымызды допингсіз және осындай даусыз дайындауға миымыз жетпей ме сонда? Логика болуы керек қой. Сонда Разимов пен Зайчиков неге ұсталмады? Біз бір командамыз, бірге дайындалдық, сондықтан сұрақ көп. Үштікке кіре алмаған қатардағы спортшылар ұсталды десе бір жөн, ал бұл жігіттер медаль алуға дайын, бұл - нонсенс. Басшылықтың не шешетіні 28 желтоқсанда белгілі болады, – деді Алексей Ни.
Иә, бұл даудың қалай аяқталатыны алдағы уақытта белгілі болады. Сондықтан да оған дейін бас бапкер қол қусырып қарап отырмау керек дейді. Нақтырақ айтсақ, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы спортшылардың кінәсіздігін дәлелдеп шығуы керек. Әйтпесе, Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешов Риода өтетін Олимпиада ойындарына бара алмай қалады. Бұл оларды қазақтан шыққан олимпиада чемпионы болу бақытынан айырады.

Міне, осыған өкінген азаматтар «үш спортшыны қазақ болғаннан кейін аяқтан шалып отыр» деп әлеуметтік желіде жазып жатыр. Алайда, екінші тарап «халықаралық ауыр атлетика федерациясы спортшылардың ұлтына қарап шектеу жасамайды» деген пікірде. Солардың бірі «Аламан» ұлттық спорт порталының редакторы, белгілі спорт журналисі Руслан Меделбек. Оның айтуынша, федерация үшін қазақ пен орыстың немесе корейдің допинг дауына ілігуі маңызды емес.
– Әзірге Алмас Өтешов, Жасұлан Қыдырбаев, Ермек Өміртай допинг қолдануы мүмкін деген күдікке ілініп отыр. Федерация әлі нақты шешім шығарған жоқ. Ал, нақты шешім екінші рет анализ тапсырған соң 6 айдан кейін шығуы мүмкін. Бұл арада қазақты аяқтан шалу сияқты ешқандай құйтырқы саясат жоқ. Ия, спортшыларымыз күдікке ілінді. Алайда, ауыр атлеттеріміздің допинг қолданбағанын осы салаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі дәлелдеуі керек. Егер олар екінші анализден таза шықпаса, спортшыларымыз спорттан кетеді. Ал, ол кезде министрліктің қолынан тек ауыр атлеттердің спорттан кету уақытын қысқарту ғана қалады. Мәселен, оларға берілетін жаза 2 жыл емес, 9 немесе 6 айға қысқарады, – дейді Руслан Меделбек.
Иә, ендігі үміт Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан ауыр атлетика федерациясының жұмысына байланысты болып отыр. Егер олар белсенді жұмыс жасап, ауыр атлеттердің кінәсіздігін дәлелдей алса, аталған азаматтар Рио-де-Жанейро Олимпиадасына барады. Ал егер шынымен спортшыларымыз кінәлі болып шықса, өкініштен өзегіміз өртенгеннен басқа амал жоқ. Себебі, ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионын көру мүмкіндігі бірнеше жылға шегеріледі.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана