Кеше Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы ауысты. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінде оның төрағасы Нұртай Әбіқаевты зейнет жасына жетуіне және басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босату туралы шешім қабылдағанын жария етті. Оның орнына Парламент Сенатымен келісілген Владимир Жұмақанов тағайындады.
Владимир Зейноллаұлы Жұмақанов 1955 жылы 7 қарашада РКФСР-дың Свердлов облысы Гарин ауданының Дулково ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Ф.Дзержинский атындағы КСРО МҚК жоғары Қызыл Тулы мектебін бітірген. 1977 жылдан - С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері. 1982 жылдан - қауіпсіздік органдарында - ҚР ҰҚК Департаментінде бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, басқарма бастығы, Департамент бастығының орынбасары, ҚР ҰҚК төрағасының кеңесшісі. 2001 жылдан - ҚР ҰҚК Лаңкестікке қарсы күрес департаментінің бастығы. 2010 жылдың қыркүйек айынан бері ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған. II дәрежелі «Айбын», II дәрежелі «Даңқ» ордендерімен; 8 медальмен марапатталған. ҚР ҰҚК Құрметті қызметкері. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенанты.
Ал, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Нұртай Әбіқаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.

Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаев 1947 жылы 15 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Свердловск қаласындағы Уральск политехникалық институтын, Алматы Жоғары партия мектебін, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. ҚР Президенті аппаратының басшысы, Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі, Төтенше және Өкілетті Елшісі, Швеция Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Ирландия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы, ҚР Президентінің бірінші көмекшісі, ҚР ҰҚК төрағасы, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болған. 2010 жылғы 23 тамызда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып тағайындалған еді. Экономика ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Дипломатиялық рангі Төтенше және Өкілетті Елші. ҚР ҰҚК құрметті қызметкері. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Парасат», «Орден Дружбы» (Ресей), «Орден Почета» (Ресей) ордендерімен марапатталған.