ƏЛДИ-АНА
Кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?..
Қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың.
"Жас теректі" несіне уайымдадың,
Жел соғады, əйтеуір жел болғасын.
Жұлдыз біткен жұтылып жанарыңа,
Мейірімге тұншықты-ау ғалам мына.
Жер дегенің - пендеге болса мекен,
Аспанды əкеп қоямын табаныңа!
Таусылмашы... Емес бұл жанашуым -
Аналардың қашан да бағасы ұлы!
Сенің көзің - Құдайға сыйынатын,
Он сегіз мың ғаламның қарашығы.
Кірпік ілмей жатырсың неге, анашым?..
Қараңғы түн. Ұйқысыз сен ғанасың.
"Жас теректі" несіне уайымдадың,
Сел жүреді, əйтеуір сел болғасын.
Ал, мына түн - өзгермес байырғы түн,
Қайырсыз кім, білмеймін қайырлы кім...
Ұйықташы, анашым, алаңдамай,
Ұйықтаңдар, аналар, қайырлы түн!
Əлди, Ана...
КҮЛІКТІҢ КӨЗ ЖАСЫ
«Жүрегім жылқыдай жылайды...»
Б.Қарағызұлы
Күрең белде кісінесе бір құлын,
Беймаза боп өтетіндей бұл түнім.
Жас тамғанын көріп пе едің, қалқатай,
Жанарынан жылқының?
Көрсең етті, көрсең етті мұны да,
Жануардың қанық болып мұңына.
Мен сияқты балауды да қоюшы ең,
Кей адамды ұлыға!
Терін алып, сайын дала төсінде,
Мен тайыммен шабушы едім көсіле.
Солай жортып келе жатқан сәтте бір,
Сүрінгені есімде.
От тұяғы орға кіріп кеткеннен,
Бір аяғы сынғандығын дөп көргем.
(Кейде осылай сүрінеді кісі де,
Өту үшін өткелден).
Күреңіме көрінгендей асқар жат,
Жатыр екен көздерінен жас парлап.
Болды сонда бар назары аттың тек,
Ақ бұлт жүзген аспан жақ.
...Кел, жарқыным, үркиді деп қашпағын,
Оның мұңы – сен көргеннен басқа мұң.
Күлік сынды жылағанда сезесің,
Жүрегіңде тас барын.
Әттең, әттең, жоқ болған соң мұңдасы,
Жылқы жүрек күрсінеді, тыңдашы.
Ғұмыр бойы пенде төккен моншақтар –
Сәйгүліктің бір жасы...
ҚАЙЫРШЫ
Тоқтамай бір жан өте ме?
Қаланың демі - тым суық.
Ол неге жатыр көшеде,
Ол неге жатыр күрсініп?..
Қайғыдан тас боп қалсаң да,
Тұрсаңшы енді, байғұсым.
Біреуге күлкі болсаң да,
Мен үшін ауыр қайғысың.
Жібітіп көңіл тоңыңды,
Қайғыңды Күндей еріткен,
Аллаға жаяр қолыңды,
Адамға жайдың неліктен?!
Сынаққа келер дайын кім,
Өлшеулі мынау бес күнде.
Шаранасында уайымның,
Шарасыз қалғып кеттің бе?
Үміттің отын жаға алмай,
Мұң толды көңіл-кесеме.
Бəріміз - бақыт таба алмай,
Қаңғыған жанбыз көшеде...
ҚАР
Қар жауып тұр... Қалқам, сен келші бері,
Біздік сезім - жүректің елшілері.
Қос еріні түйіскен екеумізге,
Ақын-аспан жыр оқып берсін енді.
Айыптасын, біреулер кінəласын,
Көкірегімде онсыз да күнə басым.
Құшағында мұз-қарды балқытқан, жер,
Сезімімді сен ғана ұға аласың.
Қыз алдында дəрменсіз екенімді,
Көрсетеді мына түн бекер үлгі.
Жалғыз қалсам, кешірмес жалқы Құдай,
Екі дүние кешірер екі ерінді...
Ғаршы Иесі жаратқан екеу қылып,
Ғашықтардың қашанда жетегі үміт.
Қар аспаннан құлдилап түскен сайын,
Біз аспанға барамыз көтеріліп.
Қар жауып тұр...

Біржан Ермекұлы Ахмер
Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің 3-курс студенті, Қадыр Мырза Әліге арналған республикалық «Өлмес өлең» атты жыр-мүшәйрасының 1-орын иегері, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған «Мәңгілік ел – тағдырым» атты республикалық жыр-мүшәйрасының 1-орын иегері.