"ЖАҢА ЖЫЛДЫ" МЕРЕКЕЛЕУДЕН МЕМЛЕКЕТТІК ЖАРЫС

/uploads/thumbnail/20170708210417652_small.jpg

Желтоқсан айы басталысымен ел аумағында Жаңа жыл мерекесіне дайындық басталып кетеді. Тіпті, қызды-қыздымен Бас мемлекеттік мереке Тәуелсіздік күні мемлекеттік органдар тарапынан тасада қалып жататын кездер де аз емес. Биыл да бірқатар қоғам белсенділері Тәуелсіздік мерекесінен бұрын Жаңа жылға дайындықты бастамау туралы ұсыныс тастағанымен, бұл бастама сол ұсыныс күйінде қалды. 1 желтоқсан күні Астанадан бастап, еліміздің барлық аймақтарында жаңа жылдық шыршалар жағылды. Осы күн Жаңа жыл мерекесіне дайындық шараларын бастап берді. Содан бері Қазақстан бойынша шырша тігу, жаңа жылдық кештер ұйымдастырудан жарыс басталып кеткендей күйдеміз. Ақпарат құралдары жаңа жылдық іс-шараларды жаппай жазуда. Бұдан жергілікті әкімдердің баспасөз хатшылары да қалысар емес. Әлеуметтік желілер «Ана әкім анаған мынадай сый жасапты», «Мында Аяз атаға хат жазған бала қуанышқа кенелді», «Пәлен кәсіпкер түглен ақшаға қалаға алып шырша сыйлады», «Балаларды Президент видеожолдау арқылы құттықтады», «Пәленбай миллионға мұзды қалашық тұрғызылды» деген сарындағы жазбаларға толып кетті. Мұның барлығы көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлағаннан бұрын, дағдарыс деп дағдарған заманда желге ұшқан қыруар қаржы үшін қайғы шектіруде.

Осы орайда Қазақстанның әр өңіріндегі жаңа жыл мерекесіне дайындық деңгейіне 7kun.kz зерттеу жасапты. Сайт тілшілері облыстық және қалалық әкімдіктердің баспасөз хатшыларына хабарласып, мерекеге дайындық туралы, бюджеттен қаншалықты қаржы қарастырылғаны жайлы ақпарат жинақтапты. Бұл мерекені атап өтуге кей өңірлер бірнеше миллион бөлсе, өзгелердің бюджетінде Жаңа жылды тойлауға қаржы қарастырылмаған екен.  Айта кетерлігі, облыс тарапынан қаржы болмағанымен, орталық қаланы безендіру үшін ақша бөлінеді.  Дағдарыстың салқынына байланысты, безендіруге бөлінген қаржы ескі әшекейлерді қайта жөндеуден өткізуге жұмсалды. Қала көшелерін сәндеуді жеке кәсіпкерлер өз мойындарына алған.

Ескі жылды шығарып салуға көп қаржы жұмсағандардың бірі — Павлодар облысы. Өңір бойынша мерекелік безендіру, шырша орнату және мүмкіндігі шектеулі, жағдайы төмен балаларға сыйлық жасау үшін 52 млн 425 мың теңге жұмсалды. Павлодар қаласын безендіру үшін 41 млн теңге берілген.

Маңғыстау облысы бойынша Жаңа жыл мерекесіне биыл барлығы 45 млн 726 мың теңге бөлінді. Оның ішінде безендіруге 31 млн 23 мың теңге, ал көпшілік мәдени іс-шараларға 14 млн 703 мың теңге жұмсалады. Ақтау қаласы бойынша барлығы 28 млн 465 мың теңге берілді. Оның ішінде безендіруге 18 млн 465 мың теңге, ал көпшілік мәдени іс-шараларға 10 млн теңге қаржы бөлінген.

Алматы қаласын безендіруге және Жаңа жылдық шыршаға 50 млн теңге қаражат бөлінді. Алоблыс орталығы Талдықорғанда орталық алаңды және қаланы безендіруге 10 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Қала орталығына орнатылған 21 метрлік шырша осыдан 3 жыл бұрын сатып алынған.

Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жылға деп облыстық бюджеттен 23 млн теңге бөлінген. Оның 21 млн теңгесі Петропавлск қаласына жұмсалады. 2 млн теңге өзге аудандарға жіберіледі.

Ал Батыс Қазақстан облысының ортаығы Орал қаласында Жаңа жылды мерекелеу үшін 2 млн теңге бөлінген. Ұйымдастыру жұмыстары үшін тендер жүргізілген жоқ, жауапты — Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі. Безендіру кезінде өткен жылғы құрылғылар пайдалынылған.

Жамбыл облысы бойынша Жаңа жыл мерекесін атап өтуге бюджет бөлінбеген. Ал облыс орталығы Тараз қаласын безендіруге 1 млн теңге жұмсалды.

Оңтүстік Қазақстан облысына Жаңа жыл үшін бюджеттен қаржы қарастырылмаған. АлШымкент қаласына бөлінген 80 млн теңге жетім және аз қамтылған балалар үшін жұмсалады. Қала іші жеке кәсіпкерлер арқылы безендіріліп жатыр.

Қостанай қаласы әкімдігінің тарапынан Жаңа жылды мерекелеуге, оның ішінде қаланы безендіруге арнайы қаржы бөлінбеді. Баспасөз қызметінің хабаралауынша, жыл сайын мемлекеттік мерекелер үшін қаржы бөлінеді. Биылғы сома — 40 млн теңге. Оның ішінде 15 млн теңге Тұңғыш Президент күніне, Тәуелсіздік күніне және Жаңа жылға қаланы безендіруге жұмсалды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінбейді.

Атырау облысының баспасөз қызметі де мерекені тойлау үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінбегендігін хабарлады. Мерекені атап өту үшін арнайы шара ұйымдастырылмаған. Облыстық әкімшілік корпоративті кеш өткізбейді.

Қарағанды облысы да «бюджет қаражатын қатаң үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында» жаңа жыл мерекесін атап өтуге қаржы бөлінген жоқ. Қарағанды қаласын безендіруге де ақша қарастырылған жоқ. Тек өткен әшекейлер пайдаланылған. Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, корпоративтік кеш те өткізілмейді.  Дәл осылай Қызылорда облысы да Жаңа жылдық мерекені тойлауға бюджеттен қаржы қарастырмаған.

 

Қатысты Мақалалар