ҚӘНЕ, ШЫҚҚАН МҮЙІЗІҢ?..
«Бір сәтке де бітпей жатқан ісі барын жоқтатпай,
Бұл Қазаққа күндіз-түні той жасатшы тоқтатпай»,-
Деген екен меніменен бітіспейтін бір жауым,
Пейілі оның қап-қара еді түтініндей мұржаның.
Қадірлейсің еңбегіңмен тапқан нанның үзімін,
Айтшы қазақ, осы тойдан қәне, шыққан мүйізің?
Жалтақта ма жерге қарап, қай жақта ой, назарың?
Осы сөздің жаны бар-ау, ойландың ба, Қазағым?..
НЕТКЕН ҰЛТ ЕК, ШАРШАМАЙТЫН ТОЙЛАУДАН?..
Шашқан кезде, бір-бірінен асады,
Жоқ нәрседен бір «үлкен той» жасады.
Жаралғандай біздің халық той үшін,
Сонша неге шалқып, есіп, тасады?
Таусылғанмен «тойға» жиған-тергені,
Басылмай тұр ойсыздардың кердеңі.
Қала, ауыл - күл-қоқысқа көмілген,
Емін-еркін демалыстың бергені.
Дәл осылай жаралғандай туғаннан,
Әңкі-тәңкі көрермен мен тыңдарман.
Еліміздің барлық телеарнасы -
Кілең ойсыз жын-ойнақпен жынданған.
Мұрша болмай бір нәрсені ойлауға,
Бір іске де тереңірек бойлауға,
Әр отбасы, әрбір адам, бар, жоқта -
Міне, төрт күн, Қазақ Елі тойлауда...
Жемқорлар жүр, жарыс жасап тоймаудан,
Бір шаршамай ойран жасап, ойраннан.
Бұл не өзі, айтыңдаршы, ағайын,
Неткен ұлт ек, шаршамайтын «тойлаудан»?..
САНАДАҒЫ АРПАЛЫС...
Қар жапқанмен қыратты,
Күннің көзі шуақты.
Алматыда қыс емес,
Тура көктем сияқты.
Дала да кір, қар да кір,
Жатқан қоқыс анда кіл.
Алабажақ көшеде,
Алабажақ қар жатыр.
Аяз, боран - армандай,
Келмес жақта қалғандай.
Соңғы жылдар қысымыз
Қысқа ұқсамай қалғандай.
Күн - жеріген қағынан,
Бақ - тайғандай бағынан.
Неге екен білмеймін,
Әппақ қарды сағынам.
Бір де анық, бір де елес,
Қала кезіп жүр ме елес?
Алматыда қыс емес,
Көктем де емес, күз де емес.
Бір жан жоқтай ес қатқан,
Әумесірлер төс қаққан.
Бүкіл қоғам - мезгілдей,
Кір-қожалақ, бес баттам.
Қазағыма - жат қоғам,
Жат қоғамға тап болам.
Ал, санам да сәт сайын,
Алай-дүлей ақ боран...
ІШКЕНІМ У МА, БАЛ МА ЕКЕН?..
Бір пана тауып Өлеңнен,
Тұла бой, тұтас денеммен,
Келемін әлі алысып,
Әділетсіздік дегенмен.
Тал түсте ұлтым тоналды,
Жасқаншақ және боп алды.
Бір бастың жайын ойласам,
Бәрі де басқа болар-ды...
Жақсыны қалай қиямын?
Мен кімге, қайтып сиямын?
Өзімнің емес, Ұлтымның
Көз жасын қалай тыямын?
Безбүйрек, тексіз, малғұндар,
Қазықты құл ғып алдыңдар,
Тұтас бір ұлтты соңында
Азапқа тұтас салдыңдар...
Ішкенім у ма, бал ма екен,
Тағдырдың жолы тар ма екен?
Ал, менің ауыр күйімді,
Түсінер бір жан бар ма екен?..
ТІЛІМ-ТІЛІМ ЖҮРЕГІМ...
(2016 жылғы алғашқы жыр)
Ұрған тағдыр ызғары,
Көркем бе олар шетінен?
Неге жүрек мұздады,
Кеткен кімдер бетімен?..
Оған кімдер кінәлі,
Қоғам ба әлде заман ба?
Іште қайнап тынады,
Жас тұнады жанарға...
Жақсы жанды аяулы,
Жамандыққа кім қияр?
Бақыт іздер баянды
Санасында мың қиял...
Істер болып әр қалай,
Басқа шара жоқ па екен?
Шалқып жүріп байқамай,
От басқандар көп пе екен?..
Осы жағын ойласам,
Сыздар күн-түн жүрегім.
Ал, санамда ой да сан,
Шарасызбын білемін...
Жүрек неге сыздады?
Салт-дәстүрім мәнді еді.
Ұл мен қазақ қыздары,
Бір заманда арлы еді...
Қайда арман, тілегім,
Кім түсінер жағдайды?
Тілім-тілім жүрегім,
Қан тоқтамай саулайды...
Жортқан кімдер тағыдай,
Кімді - кімі алдайды?
Бар сұмдықты, жаным-ай,
Айтуға тіл бармайды...
Бір құлаған, бір тұрып,
Естен бір күн танар ма?
Ер Қазағым сілкініп,
Қолға дырау алар ма?..
Мына тексіз сұмдарды,
Тырқыратып қуар ма?
Аластаған жындарды,
Ұлттың күні туар ма?..
...Сөйтіп, ұлтқа өң кірді,
Бұлтсыз атты таңдарым.
Көріп өлсем сол күнді,
Болмас басқа арманым...
НАУРЫЗДЫ АҢСАЙМЫН!..
(Християн Жаңа жылы алдындағы бір ой бұл)
Алматыда алабажақ,
Еріген қар, күн тұнжыр.
Сауысқан жүр ала қанат,
Бір белгі ме мүмкін бұл...
Көктем!.. Оған тым ерте,
Сонда ненің белгісі?
Өзгерген бе бұл өлке,
Толмастай боп кемдісі?
Жұрттың бәрі ала шапын:
«Жаңа жыл!» деп дүрлігер.
Нені ұқты, ана халқым,
Мұның сырын кім білер?..
...Гүлге оранып дала, қыры,
Құлпыратын бар өлке.
Ал, қазақтың Жаңа Жылы -
Нурызға әлі ерте...
Сезім балқып бұл ғажапқа.
Өңі кірер әр сайдың.
Көңіл - гүлдер бір заматта,
Сол көктемді аңсаймын...
Жұмаш Кенебай