Өткен жылдың ортасына қарай қаржылық қиындық арқасына бата бастаған Қазақстан билігі бюджетке қаражат тартудың түрлі жолдарын қарастыра бастады. Әдеттегідей шетелдік қаржы ұйымдары мен халықаралық банктерден қарыз сұрау, әлемдік компанияларды Қазақстанға инвестиция құюға шақыру да ұмыт қалмады. Бірақ, бұл әрекеттерден анау айтқандай қайыр болмайтынын түсінсе керек, билік мемлекет меншігіндегі ірілі-ұсақты кәсіпорындар активтерін сатуды басты назарға алды. Сонымен, өткен жылдың ортасынан бастап, жекешелендірудің екінші толқыны басталады деген хабар тарады. Жыл соңында Үкімет жекешелендіруге жататын активтер мен оларды сатудың тәртібін бекітті.
25 желтоқсанда Үкімет бекіткен «2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына» сай «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» АҚ, «ҚазАгро» АҚ-на тиесілі 65 ірі компания, бұдан басқа «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін 173 еншілес кәсіпорын мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сатылатын барлығы 545 ұйым белгілі болды. Бұл 545 ұйымның ішінде республикалық меншіктегі 49 ұйым, коммуналдық меншікке қарайтын 367 кәсіпорын мен «Самұрық-Қазынадан» басқа ұлттық компаниялар мен холдингтердің 129 еншілес компаниялары бар.
2014-2016 жылғы жекешелендіру кестесіне сай сатылымға қойылған нысандар жоспарға сай сатылған. Республикалық меншіктегі ол нысандарды сатудан бюджет 5,5 миллиард теңгеге толығыпты. Бұл туралы қаржы министрлігі сүйіншілей хабарлады. Министрліктің хабарлауынша, 2016 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша 428 нысан аудаға шығарылып, оның 239-ы сатылған. Олардың 15-і – республикалық меншіктегі, 114-і коммуналдық меншіктегі, 60 мекеме әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға тиесіді, 50-і түрлі холдингтердің меншігіндегі нысандар екен. Осы нысандар саудасынан республикалық бюджетке 5 509 млн. теңге, облыстық бюджеттерге 2 937 млн. теңгеден астам, холдингтер - 67 261 млн теңге, ӘКК - 2 956 млн. теңге қаржы түскен.
Күні кеше Үкімет алғашқы кезекте сатылатын 50-ден астам мемлекеттік нысанның тізімін бекітті. Ішінде «Қазмұнайгаз», «Қазатомпром», «Қазақстантеміржолы», «Қазпошта», «Эйр Астана», «Қазақтелеком» сынды халық пен бюджетке тікелей қатысы бар ұлттық компаниялардан бастап мемлекет меншігіндегі түрлі ұйымдар бар. Қызмет ақысы удай, заманға сай менеджменттен жұрдай, қарапайым халыққа көк тиын пайдасы тимейтін түрлі футбол клубы, әуежай, шипажай, қонақ үйлерде шаруамыз жоқ. Алайда, қаншама елді мекендерді жарықпен немесе сумен қамтамасыз етіп отырған, жолаушылар тасымалына жауапты компаниялардың сатылымға шығуы назар аударатын, тіпті, көңілге қауіп ұялататын жағдай. Бір өзі бір салаға иелік етіп келген мұндай компаниялардың жекешеленуіне алаңдап, дабыл қағып жатқандар жоқ емес.
Қазақстандық экономист, танымал саясаткер Мұхтар Тайжан да бұл мәселеге қатысты пікірін білдірді.

«Басымдыққа ие монополистерді қалайша жекешелендіруге болады? Олар жекеге өтсе, қоғамдық бақылаудан тыс, мемлекеттік монополистерден әрі жеке монополистер пайда болмай ма? Бұл бастама қымбат тарифтер мен сапасыз қызмет көрсетуге алып келеді», - дейді экономист.
Жекешелендіру абайламаса ауыр жағдайға әкеп соғатынын бұрынырақта да жазған болатынбыз. Қазір де қайталап айтамыз. Біркүндік қиындықты ойлап, стратегиялық маңызы бар, көрсететін қызметі әлеуметтік сипатқа ие кәсіпорындарды жеке меншікке өткізу, жеке болғанда да бәсекелестік орта туғызбайтын, монополистік басқаруға беру – өте қауіпті. Бұл ойымызды танымал экономист Қанат Берентаевтің жекешелендіруге қатысты пікірі де қуаттай түседі.

«Коммуналдық қызмет көрсету нысандарын жеке меншікке өткізу – әділетсіздік. Біз өзімізді әлеуметтік мемлекетпіз деп жариялағаннан соң, белгілі бір саладағы мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі болуы керек. Бәсекелестік, пайда табу деген экономикалық қағидалармен өлшенбейтін секторлар болады. Олар: жылумен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету коммуналдық қызметтер. Бұлар мемлекет не жергілікті билік меншігінде болып, бюджеттен қаржыландырылуы керек, - дейді Қанат Берентаев.
Әрі-беріден соң, бұл нысандардың әділ жолмен сатылатынына да күмән жоқ емес. Әу баста перспективасы төмен, мемлекет қазынасына масыл болып отырған кәсіпорындар сатылады делінген жекешелендірудің аяқ астынан мұндай сипат алуы шынымен ойландырады. Нарықта басымдыққа ие, тұтынушыдан қиындық көрмей келген, табысы мол «Қазақстан темір жолы», «Қазақтелеком», «Эйр Астана» сынды компаниялар бастаған қаншама жылу, электр стансалары, дәрі-дәрмек зауыттары арзан бағамен арман-мүддесі басқа алпауыттардың уысына түсіп жүрмей ме? Осы күнгі доллардың қымбаттауына, төл теңгеміздің құнсыздануына қатысы бар делінетін ол алпауыттар тағы да қара басының қамын күйттеп, бұл компнаиялардың қызмет көрсету ақысын өсіріп, бұқараны тариф тұтқынына алмай ма?

Тіпті, қазына мен халықты қанаудың небір айласын меңгерген, билік басындағылармен ым-жымы бір алпауыттар жекешелендіру саясатын тағы да құйтырқы ойынға айналдырып жүрмей ме? Мемлекеттен арзан бағаға сатып алынған нысандарды бағасын көтеріп, өкіметтің өзіне қайта сатқан жағдайлар аз емес. Бір ғана 90-жылдары қолдан қолға өткен қаншама балабақша ғимараттарын 2000 жылдары мемлекет қайтадан нарықтық бағамен сатып алды. Бұдан кім ұтып, кімнің ұтылғанын өзіңіз-ақ парықтай беріңіз. Яғни, қаржы нарығындағы қиындықтар діңкелеткен қазақстандық билік қоржынындағы қалған-құтқанын сатып, қосымша қаржы табуды көздегенмен, тығырықтан шығарар жол бұл емес сияқты.
Ал, «Қазатомөнеркәсіп», «Қазғарышсапары», «Қазмұнайгаз» сияқты ұлттық компаниялардың сатылымға шығуын сыртқы күштердің араласуынсыз болып отыр деп ешкім кесіп айта алмайды. Бір ғана «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының төңірегінде Ресей, Иран, Қытай сынды бірнеше алпауыт елдің мүддесі тоғысқан. Соңғы бес жылдың ішінде аталған компанияның бір басшысы түрмеге қамалып, бір басшысы жұмбақ жағдайда көз жұмды. Білетіндер, соңғы жылдары отандық атом өнеркәсібінде ресейлік топтардың айтқаны жүріп тұр дегенді ымдап болса да жеткізіп жүр...
Осы күнге дейін үкімет басындағылардың, экономика, қаржы салаларына жауапты министрлердің мәлімдемелері мен түрлі сұхбаттарынан ұққанымыз, мемлекет жекешелендіруге жататын кәсіпорындарды барынша шетелдік компанияларға, халықаралық нарықта беделі бар ұйымдарға сатуды көздейтін сияқты. Елбасы күздегі Еуропа сапарында да британдық, франциялық бизнесмендерді Қазақстанға инвестиция құюға шақырды. Бірақ, биліктің бұл ойлағаны бола қоя ма? Қазақстанның жер асты байлығы сарқылған, саяси тұрақтылығы зор күмән туғызатын, жемқорлық пен кланаралық тартыс жайлаған қазіргі ахуалын 90-жылдардағы инфестициялық тартымдылығынмен салыстыруға келмейді. Бұл – алдағы уақытта арнайы тоқталуды қажет ететін тақырып, әрине.
Жомарт Абдоллаұлы