«Бүгін Парламент Мәжілісі тарқатылып, наурыз айында сайлау өтуі мүмкін» деген алып қашпа әңгіме шықты. Алайда, бұл болжамның қаншалықты рас-өтірігін дөп басып айту қиын. Десек те, жуық арада Парламент өз жұмысын аяқтап, елімізде жаңадан сайлау өтуі әбден мүмкін. Ал, сол сайлау өте қалған жағдайда одан қараша халыққа қандай қайыр бар?
Кезінде Алаш арыстары «Қазақ» газетінде «Думада қазақтан депутат жоқ» деп мәселе көтеумен өтті. Өйткені, патшалы Ресей қазақты бұратана деп танып, оның депутат болу құқығынан айырды. Алаш арыстары «егер қазақтан Думада депутат болса, біздің мұң-мұқтажымызды Парламентте көтереді» деп есептеді. Алайда, І және ІІ Думадан кейін қазаққа сол күйі депутаттық бұйырмады. Өкінішті.
Ал, қазіргі таңда Аллаға шүкір Тәуелсіздік алып, өз алдымызға жеке мемлекет болдық. Міне, осы Тәуелсіздіктің арқасында Мәжілістегі 107 депутаттың басым көпшілігі қазақтар құрап отыр. Алайда, олардың ұлттық мүддені ту етіп, мәселе шешіп жатқандары саусақпен санарлықтай ғана. Ал, қалған депуттаттар «ас ішіп, аяқ босатқаннан» басқа халыққа пайда келтіріп жатқан жоқ. Сондықтан да алдағы сайлауда тағы да сол депутаттар Парлменттен орын алса, одан қараша халық қандай пайда көреді? Ешқандай. Ендеше алдағы Парламент сайлауынан үміт күтудің өзі ұят нәрсе.
Әйтсе де, билік ендігі кезекте Мәжіліске деген халықтың сенімін күшейтеміз деп ойласа ұлтшылдарға мүмкіндік бергені жөн. Айталық жаңарған Парламентке Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан, Мұрат Әбенов, Мәулен Әшімбаев, Берік Уәли, Расул Жұмалы сынды ұлттық-демократиялық ұстанымдағы азаматтар өтсе, Парламент төрінде ұлттың сөзі сөйленсе Мәжілістің мәні артар еді. Өйткені, Мәжілісте талқылануы тиіс көптеген мәселелер қоғамдық ортадан арыға асар емес. Ал, қоғамның ашу-ызасы күннен күнге өсіп келе жатыр. Міне, осы ашу-ызаның асқынып кетпеуі үшін Парламентте ұлтшылдарға орын берілуі керек. Алайда билік ұлтшылдарға сенім арта қоярма екен? Бұл жағы белгісіз.
Біздің мәжіліс депутаттары қанатын кесіп тастаған бүркіт сияқты қауқарсыз. Қандай да бір өткір мәселеге байланысты олардан пікір сұрасаң кібіртіктеп жауап бере алмай жатады. Өйткені олар жоғары жақтан «Депуттат болғаннан кейін өткір мәселе көтермейсің» деп тапсырма алған. Міне, сол тапсырманы «халық қалаулылары» бұлжытпай орындап отыр. Ал ұлтшылдарға мүмкіндік берілсе, олар қанша тапсырма алсада ұлт мәселесін көтеруден тайсалмас еді. Ұзын сөздің қысқасы ұлтшылдарға депутаттық мандат берілмесе Парламенттен ешқандай пайда жоқ.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана