Берік Өтемұрат, Ұлттық инвестициялық корпорация басшысы: ҰЛТТЫҚ ҚОР АЛТЫ ЖЫЛДА САРҚЫЛАДЫ

/uploads/thumbnail/20170708210832499_small.jpeg

Қазақстанның Ұлттық банкі жанындағы Ұлттық инвестициялық корпорация басшысы Берік Өтемұратовтың алдағы 6-7 жылда Ұлттық қор қаражаты түгесіледі деген пікірін американдық Wall Street Journal өткен жұма күні жариялады.

«64 миллиард долларлық сұрақ: ҚР Ұлттық қоры жойыла ма?» деген тақырыппен жарияланған мақалада Ұлттық банк өкілінің Қазақстандағы қазіргі қаржылық ахуалға қатысты пікірлері айтылады. Оның сөзіне сенсек, қазір Ұлттық қорда 64 миллиард доллар қаражат бар көрінеді және ол ақша мұнай бағасының арзандауынан қорға түсетін қаражаттың кемуі, ел Үкіметінің экономикалық бағдарламаларға қор қаражатын көп жұмсауы салдарынан алдағы 6-7 жылда сарқылатын көрінеді.

«Ұлттық қор аталатын қордағы жинақтар 2014 жылғы тамыз айында 77 миллиард АҚШ долларын құраса, биыл ол 17 пайызға кеміп, 64 миллиардты құрап отыр. Үкімет әр жыл сайын қордан 9,5 миллиардтан алып, жұмсап келеді. Ел басшылары мен Ұлттық банк шығындарды азайтып, салықтық түсімдерді арттыруы, қордың ақшасын табысы мол активтерге салуы керек», - деген Қазақстанның халықаралық активтерін басқаруға жауапты корпорация басшысы. Бүгінгі таңдағы Үкімет пен Ұлттық банктың ұстанған саясатымен келіспеушілігін білдірген ол:

«Біз Ұлттық әл-ауқат қорын «жеп» жатырмыз. Біз жинаған капитализация үшін қажет соңғы қаражат бұл. Мен Үкімет Ұлттық банктің инвестициялық менеджментіне назар аударуы керек деп ойлаймын» деп Ұлттық қордағы қаражаттың өміршеңдігіне күдікпен қарайтынын ашық айтып отыр.

Қазақстандық қаржы жүйесінде «Келімбетов командасының» өкілі саналатын қаржыгер шетелдік басылымға пікір білдіре отырып, елдің Үкіметі мен Ұлттық банк басшысы жүргізіп отырған қаржылық-экономикалық саясатты осылай ашық сынап отыр. Соған қарағанда Бас банкир ауықан соң бұл салада көпшіліктен жасырын біршама мүдделер қақтығысы жүріп жатқан секілді. Б. Өтемұрат қараша айында Ұлттық банктің жаңа басшысымен кездесуден кейін Ұлттық инвестициялық қордың болашағы бұлыңғыр деген ойға келгенін айтып, өзінің бұл қызметте қалу-қалмауының да екіталай екенін жасырмаған.

«Ұлттық банктің жаңа басшысы басқа мәселелермен бас қатырып жүр. Соңғы екі жылда біз айналысқан басты идеялар оның назарынан тыс қалуы мүмкін», - дейді ол. Б. Өтемұраттың бұл күдігін Ұлттық банк басшылығы ауысқан уақыттан күні бүгінге дейін төрағаның Ұлттық инвестициялық корпорация жұмысына басшылық жасайтын орынбасары тағайындалмай отырғаны одан сайын қоюлата түссе керек.

Б. Өтемұрат бұл мәселені бір шешсе Мемлекет басшысы Н. Назарбаев қана шеше алатынын айтып отыр.

«Былтыр күзте Н. Назарбаев мұнай-газ саласының бизнесмендерімен кездесті. Біз бұл мәселеде соңғы сөзді Президент айтса, Уолл Стрит өкілдерімен кездесу ол үшін тиімді болады», - деп ойладық дейді ол. Мұнда Б. Өтемұрат қыркүйек айында Елбасының Нью-Йоркте АҚШ федералдық қор жүйесінің бұрынғы басшысы Бен Бернанке, Уолл Стрит компаниясының жетекшілеріГенрий Крависа, Стивен Шварцман, Дэвид Рубинштейнмен және TPG Дэвид Бондермэнмен бейресми кездесуі туралы меңзеп отыр.

Жалпы, Б. Өтемұрат бұл сұхбатында қазақстандық билік иелеріне жат сыни ойларын бүкпесіз жеткізген. Ол айналдырған 17 миллион халқы бар елдің мүддесі үшін қызмет етуі тиіс Ұлттық қор активтерін басқарудағы жариялылық пен ашықтықтың жоқтығына ашынатынын айтқан.

«Егер біз 100 миллиард доллардан 5-6 миллиард пайда көрсек, ол Үкіметке зор көмек болған болар еді. Біз өз кірістерімізді ашып, инвестициялық жұмыстарымызды, кімге қанша инвестиция құйып жатқанымызды, оларды кім басқарып жатқанын, капиталдың кірісі мен шығысын толық жариялап отыруымыз керек. Бірақ, біздің бүгінгі жағдайымызда бұл мүмкін емес», -  дейді корпорация басшысы.

«Ұлттық қор соңғы бес жылда инвестициялардан 1,96 пайыз кіріс тауып келді. Бұл Норвегия, Сингапу, Оңтүстік Корея сынды елдер ұлттық қорларының 9,6 пайыздық орташа инвестицияларының бестен бір бөлігіне тең. Қазақстанның Ұлттық қоры өз қаражатының 86 пайызын облигацияларға құйды, ал, жоғарыда аталған елдердің Ұлттық қорлары орташа алғанда тек 16 пайыз қаражатын ғана облигацияларға инвестициялаған», - деген нақты деректер келтіреді Б. Өтемұрат  мырза.

Оның ойынша, Ұлттық қордың негізгі кіріс көзі мұнай орындарын бөлу туралы келісімдер әлі күнге құпия сақталуда. Қордың тіпті әлі күнге өз сайты жоқ. Сол үшін де ол «Бұл процесте ашықтық керек. Транспаренттілік Үкіметке үлкен қысым жасап, оның Ұлттық қор активтерін басқарудағы жауапкершілігін арттыруы тиіс» деген пікірде.

Мұнай өндіруші елдердің ұлттық қорларындағы қаражатты тиімді жұмсау мәселесі бұған дейін де халықаралық деңгейде сөз болған. Халықаралық валюталық қор Қазақстаннан бастап Сауд Арабиясына дейінгі мұнай экспорттаушы елдердің қорларына қауіп төнгенін айтып, Азия, Африка, латын Америкасы мен Таяу Шыңыс елдеріне бюджеттерін қысқарту, өз активтерін басқару бойынша жаңа жоспарлар жасауды ұсынған еді. Енді сол сырттан ғана естілетін қатерлі ескертулер қазақстандық басшының аузынан шығып отыр. Б. Өтемұраттың бұл айтқандарын ел басшылығы қанша жасырып-жабуға тырысқанмен өтірік дей алмайсыз. Тек Ұлттық қор ғана емес, жалпы мемлекеттік басқару жүйесіндегі олқылықтар соңғы уақытта ашық байқалып, айқын белгілерін көрсетіп жүр. Мемлекет басшылығы, Ұлттық банк басқармасы әзірге бұл сұхбатқа орай қандай да бір пікір білдірмей отыр. Жақын күндері Б. Өтемұрат қызметінен босапты немесе Ұлттық инвестициялық корпорация құрылымдық өзгерістерге түсті, яки таратылды деген ақпарат шықса да таң қалмаймыз. Бірақ, мұндай шешім іріп-шірімесе де астары сетінеп тұрған отандық қаржы жүйесіндегі проблемаларды түбегейлі жойып, халықтың, отандық экономиканы қолдауға сүбелі үлес қосып жүрген ірі кәсіпкерлердің жоғалған сенімін қайтара ала ма? Бұл - өз алдына бөлек әңгіме.

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар