ТЕНТІРЕП ҚАЗАҚ КЕТПЕСІН?!.
Біз қайда барып кіреміз,
Не түрін көріп мазақтың?
Заманда өмір сүреміз,
Қадірі кеткен қазақтың!
Бүгінде кілең құл кеще,
Бір бәле таппай сүйкенер,
Асып та тасып күн кешсе,
«Шүлдір» мен «Шүлдір бикелер»,
Кеудесін тосып дауылға,
Үмітім бір күн өше ме?
Ал Қазақ, қырда ауылда,
Өлместің күнін кеше ме?
Ілдалала менен әреңмен
Күн кешіп жүр ек өңгеміз.
Болмастан бабы әуелден,
Тентіреп кетті теңгеміз!..
Сен бармыз және мен бармыз,
Түбіме мынау жетпесін!
Ендігі үміт тек жалғыз:
Тентіреп Қазақ кетпесін!..
САҒЫНЫШ-ҒҰМЫР
...Мен үшін бүгін ол күндер - ұлы сағыныш,
Мен үшін бүгін ол түндер - ұлы сағыныш.
Тас-талқан етіп, дәл бүгін күйкі тірлікті,
Жанымда бүгін астаң да кестең жырылыс!
Ойлардың небір сүреңсіз анау түнегін,
Найзағай жырмен айыш та ұйқыш тілемін!
Дүние дүрс-дүрс, ғаламым тұтас сілкінген,
Шыққандай атып кеудемнен менің жүрегім!
Ішінде жүрмін сары ала ана сағымның,
Күн демей және түн демей қанша сабылдым?
Жүрегім сазып немесе шаншып кеткендей,
Мен бүгін мүмкін сол жанды қатты сағындым?..
Алыстан талып, жеткендей әзер көмескі үн,
Әлі күн өзім ішінде жүрмін елестің,
Өтсе де айлар, өтсе де жылдар қаншама,
Сағыныштарымды баса алатұғын емеспін.
Есімнен кетпес ол күндер - қайда шуақты?
Есімнен кетпес ол түндер - қайда шуақты?
Расын айтсам, тұтастай менің ғұмырым,
Сағыныштардан тұратын ғұмыр сияқты...
ҰЛЫ СЕЗІМ ТУРАЛЫ БІР ЖЫР...
Бұл жөнінде небір ақын толғаған,
Бұл шайқаста өзін талай қорғаған.
Баян етем бір оқиға жайында,
Бұл өмірде болған, мүмкін болмаған...
...Деп жүргенде: «енді қайтып жоламан...»
Ғашық болып қалғандаймын мен оған.
Күндіз-түні кетпейді бір есімнен,
Қызыл гүлдей үлбіреген сол адам.
Сыйлайтындай, «бәрін, бәрін, бәрін...» деп,
Ол күйдірер алалаулаған жалын боп,
Осы сұлу алғандай ма сиқырлап,
Одан ұзап кететіндей қалім жоқ...
Көздеріне оның бір мұң тұнғандай,
Кеудесінде бір жанартау тынғандай,
Мұндай күйді бұрын талай кешсем де,
Мына сезім тұңғыш болып тұрғандай.
Ұлы сезім - қай жасқа да қарамай,
Тұрсаң дағы қалап, мейлі қаламай,
Ұлы сезім - періштедей ғажайып,
Бірақ тәтте қонады екен, ғажап-ай...
ӨЗ БАСЫМ ҚАТТЫ ШАРШАДЫМ...
Жоқ қылған ұлттың мұратын,
Өзінше кеңес құратын,
Телеарналары шетінен
Жынды-сүрейлерден тұратын,
Қазақты ғана жат қылған,
Өзгенің бәрін шат қылған,
Қазақтың Дінін, Тілімен,
Күл күресінге лақтырған,
Шығарған жайдың шаң-шаңын,
Көзінде ұлттың қанша мұң,
«Қазақстандық қоғамнан» -
Өз басым қатты шаршадым...
Жұмаш Кенебай
Пікір қалдыру