ЖАҢАРҒАН ПАРЛАМЕНТТЕН КІМДІ КӨРГІҢІЗ КЕЛЕДІ?

/uploads/thumbnail/20170708211525895_small.jpg

Мәжіліс депутаттары «Өз міндетімізді атқарып болдық. Бұдан арғы шаруаны жаңа депутаттар жалғастыруы керек» деп мәлімдеме жасап, Елбасыдан өздерін таратуды сұрағалы да тура бір апта болыпты. Парламент төменгі палатасының тағдыры туралы әлі нақты шешім шықпағанымен, ел кезектен тыс сайлаудың өтетініне күманданбайды. Ірілі-ұсақты саяси партиялардың ашық белсенділік танытпаса да жаңа науқанға қатысатындықтарын білдірді. Тіпті, қоғамға «Жаңа парламентте кімдер болуы тиіс?» деген сауал тасталып, жұрттың тамырын басып көруге әрекеттер жасалуда.

Сонымен, Елбасы Мәжіліс үндеуін қабылдап, жаңа сайлау өткізу туралы жарлық шығарса, саяси дода наурыз айында өтеді деп күтілуде. Екі айға жуық уақыт болса да, мұндай үлкен саяси науқан үшін бұл мерзім жеткіліксіз десе де болады. Алайда, елде соңғы сайлаулардың барлығы дерлік осылай кезектен тыс, апыл-ғұпыл өтіп жүргенін ескерсек, бұған бәлендей таң қалудың да реті жоқ. Қысқа мерзім ішінде саясаткерлер шұғыл шешім қабылдап, саяси додаға түсуге, билік сызып берген жолмен жүруге мәжбүр.

Алда өтетін сайлау туралы да елдің пікірі бір жерде тоғыспайды. Біреулер «Сайлау өтті не, өтпеді не, бәрібір сол депутаттар қайта сайланады» деп үміттерін бір жола үзіп қойса, енді бірі «Бұл – қалай болғанда да саяси жаңаруға бастайтын шара. Елдегі саяси күштерге берілген жаңа мүмкіндік» деген баға беруде. Шынымен де, ерте өтсін, кеш өтсін, кез-келген сайлауды әрбір саяси ұйым ұтымды пайдалана білуі керек.

Мәжіліс депутаттары өз үндеулерінде айтқандай, бұл сайлауда парламент мәжілісі жаңаруы керек. Жаңару дегенде де тек депутаттардың аты-жөндері ғана өзгеріп қоймай, заң шығарушы органға өзіндік ұстанымы, қоғам дамуына деген өзгеше көзқарасы бар, ұлтты өрге сүйреудің түрлі жолдарын көре білетін жаңа толқын келуі керек. Бүгінгі Мәжілістегі үш партия аты бөлек болғанымен, затында еш айырмашылығы жоқ ұйымдар. Оппозициямыз деп айқайлаған «Ақжол» да, кедей-кепшіктің мұңын жоқтаймыз деген коммунистер де «Нұр Отанның» жетегінде жүріп келді. Мәжіліс өкілеттігі аяқталғанша жүре бермек те еді.

Ендігі сайлау шынымен де осы бірізділікті доғаруға ықпал ете ала ма? Сайлау жайлы дақпырт шыққанда бой көрсете бастаған көп саясаттанушылар мен сарапшылар жаңарған парламентке кемі 5 партия өтеді деген «жоспар» да жасап қойды. Қызды-қыздымен ол партиялардың атын атап, түсін түстеп жатқандар да бар. Бұл орайда мәжіліс оған өткен партиялардың санымен емес, депутаттық мандатқа ие болған нақты азаматтардың саяси салмағы тұрғысында жаңаруы тиіс сияқты.

Мәжіліс пен Сенат туралы соңғы пікірлерге құлақ түрсек, олардың көбі «Қазақ парламенті қарттар үйіне айналды» дегенге саяды. Шынымен де, бүгінгі депутаттық корпустың жартысына жуығы зейнет жасындағылар және зейнеткерліктің табалдырығында тұрғандар екен. Осы орайда, мәжілістің «жасарғаны» да керек сияқты. Олай дейтініміз, саясат сахнасында «жастар өкілі» саналатын Тәңірберген Бердіоңғаровтың өзі наурыз айында қырық жасқа толады. Қолданыстағы заңнамаға сай отыздан асқандар «жастар» деген категориядан автоматты түрде шығып кетеді. Яғни, мәжілісте жастар атынан сөйлейтін, жаңа буынның үнін жеткізетін азаматтардың орнын қариялар мен жігіт ағалары иеленіп отыр.

Тек сандық көрсеткіштерге арқа сүйеу салдарынан болса керек, парламентті саяси бәсеке алаңына айналдыру ісі оған 3 партиядан депутаттар сайлаумен шектелді. Есесіне бұрынғыдай батыл бастама көтеріп, ел көкейіндегі мәселелерден үндеу жасайтын депутаттардан көз жазып қалдық. Билік партиясының құрамында болса да кезіндегі Үкіметке қарата сын айта алатын Серік Әбдірахманов, Нұртай Сабильянов, Мұрат Әбенов, Бекболат Тілеуханның дейгейіндегі депутат жоқ бүгінгі парламентте. Демек, «Ауылдан» ба, «Ақжолдан» ба, мәселе депутаттардың қай партияның өкілі болуында емес, елшіл, мемлекет болашағына, ұлт тағдырына жаны ауыратын тұлға болуы маңызды.  Бүгінгі жемқорлық жайлаған билік органдарының жұмысы, мемлекеттік сатып алулардағы коррупциялық схемалар, сот төрелігіндегі әділетсіздіктер мен құқық қорғау мекемелерінен зәбір көрген қазақтың қамы, қыл аяғы ширек ғасыр бойы кеңсе тілі бола алмай келе жатқан қазақ тілінің жайы, бәрі-бәрі бүгінгі парламент төрінде көтерілмей келеді. Олай болса, заң шығарушы органда атқарушы биліктен ақырып теңдік сұрайтын алашшыл азаматтарға орын бұйыруы керек.

Ұлт мәселесіне келгендей айналып өтуге болмайтын тағы бір жағдай бар. Ол осы тәуелсіздік жылдары елге келген қандастарымыз. Олар да бүгінде бір қауым ел болды. Қоғамда өзіндік үні бар, мемлекетіміздің дамуына қосар әлеуеті бар үлкен топқа айналды. 24 жылда Қазақстанға бір миллионнан астам қандасымыз оралыпты. Олардың алды ағарту, шағын және орта бизнес, өнеркәсіп, мемлекеттік қызмет сынды бірнеше салада жемісті еңбек етуде. Олардың ішінде елімізге ертеректе келген, конституция бойынша мәжіліске сайлануға құқық беретін Қазақстан аумағында он жылдық тұрақты тіркеуі барлар да жетіп артылады.

Алдағы сайлауда үміткерлер осындай талаптар тұрғысынан талқыға түссе жөн болар еді. Әйтпесе, саяси бағдарламасын сайлап, үгіт материалдарын дайындап отырған үміттілер жетерлік. Олардың артында қаржылық, ақпараттық қолдау көрсететін, қолдарында түрлі билік тетіктері бар, саяси доданың басталғандығы ресми жарияланатын сәтті күтіп отырған қаржылық-өнеркәсіптік, саяси, тіпті, этникалық топтар тұр. Саясат сахнасында сан сарынға салып, неше алуан ән шырқалады. Уәденің де түр-түрі беріледі. Жоқ жерден билікке сын айтқан, «көзсіз батырлар» да пайда бола кетуі ғажап емес. Сол кезде сайлаушы тек бір күндік сайлауды ойлайтын саясаткерден ел тағдырына алаңдаулы шын қайраткерді айыра білуі керек.

Жомарт Абдоллаұлы

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар