Жуырда ЮНЕСКО 2016 жылды Қожа Ахмет Яссауи жылы деп жариялады. Халықаралық ұйымның шешімі бүкіл түрік халықтарының мерейін өсіріп, рухын асқақтатқаны анық. Өйткені ол түрік халықтарына ислам дінінің кең таралуына зор еңбек еткен тұлға. Әйтсе де, соңғы жылдары Яссауиды және оның ілімін ашықтан-ашық айыптайтын азаматтар пайда бола бастады. Әсіредіншілдердің айтуынша, Яссауи ұстанған сопылық ілім мұсылмандарды адастыратын көрінеді.
ЮНЕСКО-ның 2016 жылды Қожа Ахмет Яссауи жылы деп жариялағыны құптарлық дүние. Алайда, Яссауи жылын кең көлемде атап өтіп, рухани азық ала білуіміз керек. Бұл белгілі дінтанушы Досай Кенжетайдың пікірі. Жуырда ол «Нұр Отан» партиясы төрғасының бірінші орынбасы Асқар Мырзахметовке Яссауиді танудың маңызы мен рөлі туралы арнайы хат жолдады.
– «2016 жылы біздің еліміздегі елеулі оқиғалар тізіміне ЮНЕСКО жариялаған «Яссауи жылы» айрықша орын алуы тиіс. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи тұлғасы тек түркі ислам өркениеті үшін ғана емес жалпы адамзат тарихында ерекше маңызды орынға ие. Бұл жыл Яссауи жылы болып жариялануында бірнеше әлемдік және аймақтық, сонымен қатар өркениеттік құндылықтық негіздер бар. Қазір әлемдік саясат және экзистенциалдық кеңістікте терроризм мен «өркениетаралық қақтығыс» деп аталатын мағынасыз сүрең жүріп жатыр. Таяу Шығыс деп аталатын адамзаттың ежелгі өркениет бесігі қанға бөгіп, оның себебі де ислам діні, мұсылмандар ретінде танытылып жатыр – дейді Досай Кенжетай.
Дінтанушы осыны айта келе, «Нұр Отан» партиясының алдына бірнеше ұсыныс-тілектерін жеткізген екен. Егер де, «Нұр Отан» партиясы Досай Кенжетайдың ұсыныс-тілектерін іс жүзіне асыратын болса, онда көптеген ағымдардың аяғына тұсау болар еді. Өйткені, соңғы жылдары уахабистер сопылық жолды салып кеткен Қожа Ахмет Яссауидың кесенесін қиратып тастаудан да тайынбайтынын танытып жүр. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай.
Себебі, жүздеген жылдары бойы қазақ халқы Яссауи негізін қалаған сопылық ілімге құрметпен қарап келді. Оның жарқын бір дәлелі Яссауи кесенесіне күні бүгінге дейін қараша халық тәу етіп келгендігі болса керек. Алайда, халықтың бұл әрекеті әсіредіншілдерге ұнап отырған жоқ. Олар қасиетті орындарға зиярат еткендерді «Аллаға серік қосушы» деп айыптап бағуда. Бұл аз десеңіз, олар қасиетті Түркістанды «Шірікстан» деп атап, қасиетті кесенелерді қиратуға дейін баратынын байқатты.
Кезінде Сауд Арабиясының уахабистері қасиетті кесенелерді қиратып, жермен жексен еткен болатын. Міне, осы дәстүрді Қазақ елінде жалғастырғысы келетін топ Тәуелсіздік алғаннан бері күресіп келе жатыр. Осы ретте «уахабистер неге сопыларды жек көреді» деген орынды сауал туындауы мүмкін. Бұл сұраққа белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы нақты жауап берген болатын. Оның айтуынша әсіредіншілдердің зікіршілерді жақтырмауының тарихы тым тереңде жатыр.
Кезінде патша үкіметі бізді жаулап алғанда ислам дінін жақтырмай, оның орнына христиан дінін енгізу үшін ең бірінші соққыны сопыларға берген болатын. Мәселен, патшалы Ресей Қожа Ахмет Яссауи ескерткішін тас-талқанын шығарғысы келді. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін большевиктер бізді діннен айыру үшін ең бірінші сопыларға қарсы болды. Ал, қазір уахабистер келіп сопыларды аяқтан шалып, оларды жерден алып, жерге салып жатыр. Осы ретте «Үшеуі неге сопыларға өштесіп алды?» деген заңды сұрақ туады. Себебі, біздің халқымыздың ой-санасы мен салт-дәстүрі сопылық іліммен қалыптасқан. Егер сол жолдан қазақты тайдыратын болса, уахабистер бізді мұрнымыздан жетектеп қайда болса, сонда алып кете беретін болады. Елімізде уахабизм идеологиясын таратуға сопылар тосқауыл болып отыр, – дейді Мекемтас Мырзахметұлы.

Иә, әсіредіншілдер Яссауи ілімі саналатын сопылық жолға қарсы жұмыс жасап жатыр. Бұл қазір екінің біріне белгілі жәйт. Өйткені елімізде сопылық жолды ұстанатын Саят Ыбырай бастаған бір топ азамат түрмеге түсті. Өздерін елдегі уахабизм идеясының таралуына тосқауыл қояр күш деп санаған олар Яссауи жолын ұстанғаны үшін уахабистерге жақпай қалып, ықпалды топтардың жымықы әрекеттері салдарынан түрмеде отыр. Саят Ыбырайдың қапастан шығуын сұрап ел зиялылары да бірнеше дүркін үндеу жасаған еді. Осы уақытқа дейін ескерусіз келген ол талаптар осы Яссауи жылы назарға алына ма?
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана