Қапшағай қаласында орналасқан 32363 әскери бөлімінің келісім-шарт бойынша әскери қызметшісі қызмет орнында өзін-өзі атып өлтірген, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кіші сержант әскери шеніндегі қызметші А. Қазақпаев қызмет атқару бекетінде өз қаруынан басына тиген оқтан көз жұмған. Өз-өзіне қол жұмсаған әскеридің мүрдесін бекетке оны ауыстыруға келген әріптесі К. Каминский тауып алған.
«Алдын ала мәліметтерге сай, А. Қазақпаев алыс жездесіне және сүйікті қызына смс-хабарлама жолдаған. Хабарламада туыстары мен жақындарынан өзін кешіруді және ешкімді айыптамауды, анасына қарайласуын сұраған», - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Қаза тапқан жігіттің сүйіктісі полицейлерге оның анасының атындағы үлкен көлемді несиені төлеп келгенін, қайғылы жағдайға соның себеп болуы мүмкін екенін айтқан.