Депутаттықтан дәмелі шенеуніктер сайлауалды үгіт кезеңінде лауазымды қызметтерін уақытша тоқтатуы тиіс

/uploads/thumbnail/20170708214129067_small.jpg

Кезектен тыс Мәжіліс сайлауы өтеді деп жарияланғалы бері елдегі саяси партиялар әдеттегідей қызу жұмысқа кірісті. Билік партиясы саналатын «Нұр Отан» бастап, бірнеше партия осыған дейін съездерін өткізіп, Мәжіліс сайлауына үміткерлердің партиялық тізімдерін жариялады. Ол кандидаттардың «халық қалаулысы» атануға қаншалықты лайық екені өз алдына бөлек әңгіме. Ал, осы күнге дейін партиялар ұсынған тізімдерде қолында билік тетіктері, қарамағында бірнеше жүз бағыныштылары бар лауазымды тұлғалардың жүруі біраз әңгімеге арқау болмақ.

Халықаралық тәжірибеге сайлауға түсетін үміткер басшылық лауазымда немесе бұқаралық ақпарат құралында қызмет істейтін болса, сайлауалды науқан кезінде ол қызметін тоқтата тұруы керек. Яғни, белгілі бір мекеменің тізгінін ұстаған басшы сайлауға түссе, сайлау аяқталғанша ақысыз демалысқа шығып, лауазымды қызметін тоқтатады. Бұл үміткер басшының лауазымдық өкілеттіктерін пайдаланып бағыныштыларының таңдау құқығына ықпал етпеуін, сайлау тәртібінің бұзылмауын қамтамасыз етуге бағытталған талап. Ақпарат құралдарында шығармашылық қызмет атқаратын журналистерге де осындай талап қойылатын. Себебі белгілі – журналистің күнделікті  қызметі, экранға шығуы, газет беттерінен есімі аталуы үгіт-насихат ретінде қабылдануы мүмкін. Бұрынғы заңнамаларға сай біздің елде де мұндай талап бар болатын. Тек, Конституция мен «Сайлау туралы» конституциялық заңнамаларға еншен соңғы өзгерістер кезінде бұл шектеу жойылып кетті. Сондықтан да, Мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша ұсынылған кандидаттардың лауазымдарынан уақытша бас тартқаны туралы әлі естімедік. Әйтпесе, «Нұр Отанның» тізімінде де, «Ауыл» мен ҚХКП, ЖСДП партиялары үміткерлерінің арасынан да ондай лауазым иелерін табуға болады.  

Осы мәселеге орай белгілі заңгер Абзал Құспан пікір білдірді. Заңгер заңда белгілі-бір сайланбалы органға үміткер басшылық лауазымда болса, қызмет өкілеттігін уақытша тоқтата тұру туралы заң талабы болмағанымен, мұндай қадамға бару саясаткерлердің еркіндегі мәселе деп санайды.

«Сайлау туралы» конституциялық заңда мұндай талап жоқ. Яғни, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезеңінде кандидаттарға лауазымды қызметін тоқтатып, демалысқа кету міндеттелмейді. Алайда, қызмет бабын пайдаланып сайлау туралы заңнамаларды, үгіт-насихат жүргізу тәртібін бұзған Мәжіліс депутаттығынан үміткерлерге Орталық сайлау комиссиясы заң аясында шара қолданады. Ал, белгілі-бір лауазымда отырған үміткер өзінің саяси-азаматтық беделіне нұқсан келтірмеу, саяси оппоненттері тарапынан сөзге қалмауды ойласа өзі басшылық жасайтын ұжымнан немесе қызмет ететін ақпарат құралынан ақы төленбейтін демалыс алып, қызметін уақытша тоқтата тұруға құқығы бар. Бұған заң тыйым салмайды»,- дейді заңгер.

Бұл мәселені көтеріп отырған себебіміз, жоғарыда айтылғандай, Мәжіліс сайлауына ұсынылған партиялық тізімдердің ішінде лауазымды тұлғалар өте көп. Премьер-министрдің орынбасары, облыс әкімі, әкім орынбасарлары, президент әкімшілігінің басшысы, министр, вице-министр, түрлі компания мен холдинг басшылары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының лауазымды тұлғалары, жоғары оқу орындарының ректорлары, қоғамдық ұйым жетекшілері, ірілі-ұсақты фирма, кәсіпорын басшыларымен қатар, Майя Веронская, Фахриддин Қаратаев (ОҚО «Жанубий Қозоғистон» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы), Артур Платонов, Бақыткүл Мәкімбай, Ермұрат Бапи сынды бірнеше журналист те жүр.

Сайлауға тікелей қатыспаса да, аталған үміткерлердің партиялық тізімге қосылуы олардың депутаттықтан дәмелі екендігін, сол үшін күресетінін сөзсіз айқындап отыр. Яғни, өзінің ел алдындағы беделі мен іс-тәжірибесіне сенімді, саясаткер ретіндегі абыройын ойлаған үміткерлер саяси үгіт жұмыстары аяқталғанша лауазымды қызметтерін уақытша тоқтата тұруы тиіс деген қоғамдық талап қоюға толық негіз бар.

Жомарт Абдоллаұлы


 

Қатысты Мақалалар