Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев а ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында баян етті. Оның айтуынша, Маңғыстау облысының әкімдігі өңірге тән даму бағыттарын, яғни, мұнай-газ өндіруді, мұнайсервисті, көлік және логистиканы, құрылыс және туризмді нарық талаптарына сәйкес бақылап отырады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
«Қазіргі таңда, мұнай-газ өндіруші және мұнай сервистік кәсіпорындар еңбек өнімділігі мен өндіріс тиімділігін арттыруға бағыт алған. Негізгі капиталға салатын инвестиция көлемі 454 млрд. теңгені құрады. Кәсіпорындар штаттық тәртіпке сәйкес жұмыс жасайды. Өткен жылы өндіріс үдерісі тұрақтылығын сақтау мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы жасалған 620 Меморандумның нәтижесінде, экономиканың әр түрлі секторында жұмыс жасайтын 105 мың қызметшінің мүдделері қорғалды. 2016 жылдың алғашқы айының өзінде өңірдегі ірі мұнайгазөндіруші кәсіпорындармен үшжақты 16 Меморандум жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - дейді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев.
2015 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығындағы көрсеткіштер жақсарды. Мысалы, Маңғыстау облысындағы экономикалық белсенді халықтың саны 7%-ға артып, 283,4 мың адамнан 302,4 мың адамға дейін өсті. Экономика саласында қызмет етушілер саны 286,9 мың адамды құрады. Облыстағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар саны 19,7 мыңнан 15,2 мың адамға дейін азайып, жұмыспен қамтылғандардың жалпы санындағы олардың үлесі 5%-ды ғана құрады. Бұл еліміздің аймақтары арасындағы ең төменгі көрсеткіш.
- «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», мемлекеттік және салалық бағдарламалардың, өңірлерді дамыту бағдарламаларының тиімділігін, ашық нарықтағы жұмыссыздар санының 5,3%-дан 5,1%-ға, сонымен қатар жастар арасындағы жұмыссыздар санының 7,4%-дан 4,7%-ға төмендеуінен көруге болады. Осылайша,2015 жылы 27 мыңнан жоғары адам жұмысқа орналасты, - деп атап өтті Алик Айдарбаев.
Маңғыстау облысындағы экономиканың даму қарқынын сақтауға, құны 159 млрд. теңгені құрайтын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған 14 жоба ықпал етті. Айта кетейік, мемлекеттік бағдарлама аясында жаңадан 4 мың жұмыс орындары ашылады. 2015 жылы индустрияландыру Картасы аясында жалпы құны 50,5 млрд.теңгені құрайтын 11 индустриалды және инфрақұрылымды жоба, соның ішінде, «Азерсун» өндірістік-логистикалық орталығы, «Софи Медгрупп» көпсалалы медициналық клиникасы және Ақтау теңіз солтүстік терминалы іске қосылды.