Естеріңізде болса, бұған дейін Еуразиялық интеграция институты ел арасында сауалнама өткізіп, кезектен тыс Мәжіліс сайлауына қатысты халықтың пікірін сұраған еді. Институт өткізген сауалнама нәтижесі оған қатысқандардың 93,6 пайызы мерзімінен бұрын өткелі жатқан сайлауды қолдайтынын көрсеткен еді.
Жақында «NewTimes.kz» агенттігі де осы тақылеттес сауалнама жүргізгенін жариялады. Бұл сауалнама алдыңғысына кереғар нәтиже көрсеткен. Әрине, сауалнама нәтижесінің қалыптасуына оған қатысушыларға қойылған сұрақтардың да өзгешелігі әсер еткен.
Атап айтар болсақ, «NewTimes.kz» агенттігі жүргізген ол сауалнамаға қатысқандардың тек 5,6 пайызы ғана алдағы сайлауды қолдап дауыс берген. 41,7 пайыз респондент сайлауға аса мән бермейтінін білдірген. Ал, қатысушылардың 36,9 пайызы алдағы сайлауды «Бюджет қаржысын бекерге шашу» деп санайды екен.
Агенттік сауаланама нәтижелерін жариялай отырып, Еуразиялық интеграция институты (ЕИИ) жүргізген сұраудың нәтижелеріне де тоқталады. Осы мәселеге орай танымал саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиеваның да пікірін біледі.

«Мұнда билікке жақын зерттеу институттары өткізген сауалнамаға тағы бір соғып кету керек. Ондағы қойылған сұрақтар мен берілген жауаптар парламентке, оның ішінеде Мәжіліске деген халықтың көзқарасын білуге мүмкіндік беруі тиіс. Саяси жүйе егер тек биліктегі бірінші тұлға Президентке ғана емес, парламент, үкімет, партиялар мен сот органдары, БАҚ сияқты институттарға халық сенімі жоғары болғанда ғана тұрақты деп саналады. ЕИИ-дің сауалнамасына сай, респонденттердің 96,3 пайызы мерзімінен бұрын сайлау өткізгенді қолдаған. Бұл, яғни, халықтың 90 пайызынан астамы кеше таратылған парламентке, ондағы басым орынға ие «Нұр Отан» партиясына сенбейді дегенді білдіреді. Демек, халықтың басым бөлігі «Нұр отанға» сенімзісздік танытып отыр. Сондықтан, алдағы сайлаудың мерзімінен ертерек өткенін қалаған», - дейді саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Шынымен де, қай сауалнаманың нәтижесіне қарасаңыз да бүгінгі билік үшін пайдалы тұсын таппайсыз. Мерзімінен бұрын сайлау өткенін қолдайтындар күні кеше өз-өздерін таратқан депутаттардың, депутаттық корпустың 80,99 пайызын құраған «Нұр Отан» фракциясының дәрменсіздігін біліп дауыс берген. Ал, кезектен тыс сайлау өтуін қолдамайтындардың көкейіндегі күдік те белгілі. Көпшілік бұл сайлаудың да әділ өтпейтінін, қазақстандық парламентаризмді халықаралық талаптарға сай дамытуға сеп болмайтынын білгендіктен, қиын-қыстау заманда қазына қаражатын желге ұшырмауды қалайды. Қысқа қайырар болсақ, еуразияшылдар мен тәуелсіз басылым өткізген екі сауалнаманың нәтижесі де «Жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі» деген мысалды еске түсіріп отыр. Яғни, алдағы кезектен тыс саяси дода тек халық пен оппозициялық күштер үшін ғана емес, мемлекеттік басқару жүйесінің барлық тармағын уысында ұстаған бас партия үшін де тиімсіз болып отыр.
Жомарт Абдоллаұлы