30 қаңтар күні әйгілі Шымкент сыра зауытының, басқа да қаншама бизнес нысандарының қожайыны, белгілі кәсіпкер Тоқтар Төлешов бірнеше серігімен бірге тұтқындалды. Кәсіпкерді ұстау бойынша арнайы операция өткізу үшін жедел топ Астанадан, Ішкі істер министрлігінің Орталық аппаратынан арнайы барды. Астаналық «оперлардың» облысқа келуін ең алдымен мұндағы жемқорлық пен құқыққорғау органдарының қылмыс әлемімен біте қайнасып жатуымен түсіндіруге болар. Сол күні таң азанмен кәсіпкерге тиесілі сыра зауыты мен атақты «Риксос Хадиша» қонақ үйі, бизнесменнің жеке тұрғын үйі қоршауға алынды. Тұтқындау операциясына арнайы жасақ пен Шымкенттегі ішкі әскер әскери бөлімінің жауынгерлері де жұмылдырылды. Төлешовпен бірге тұтқындалғандардың ішінде алаяқтық әрекеттері үшін іздеуде жүрген Сергей Калтаков деген де біреу болған.
Бүгін кәсіпкерге нақты қандай айып тағылғаны белгілі болды. Адвокат Евгений Яровкский күдікті Төлешовке қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлімі (Есірткі, психотропты заттар мен олардың баламаларын сату мақсатында заңсыз әзірлеу, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) және 266-бабы 3-бөлімі (Қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру, сондай-ақ, мүлкін бөлу, қаржыландыру жолдарын жасау) бойынша айып тағылып, сот шешімімен тергеу кезінде екі айға, яғни 30 наурызға дейін тұтқынға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғанын жеткізді. Қорғаушы, сонымен қатар, кәсіпкер тұтқындалған күні айтылған әлдебір «әдебиет» туралы нақты ештеңе айта алмайтыны, ол Төлешов соңғы кезде жазып жүрген диссертацияның материалдары немесе қоғамдық жұмысына қатысты әдебиеттер болуы мүмкін деген болжамымен бөлісті.
Кәсіпкер тұтқындалғаны туралы ақпарат тарағанда елдің ең алдымен айтқан болжамы билік орындарына ықпалы бар әлдебір топтардың Төлешов бизнесіне көз тігуі деген нұсқа болды. Әзірге ол айтылғандар болжам күйінде ғана қалып отыр. Нақты бизнестік мүддеге қатысты кәсіпкер тарапынан да, бейтарап тұлғалар жақтан да ешбір мәлімдеме жасалмады. Бірақ, кәсіпкерге ара түсушілер табылып жатыр. Араша сұраушылар тек ОҚО аймағында ғана емес, тіпті, Төлешов осы уақытқа дейін тығыз байланыс орнатып келген ресейлік ұйымдар тарапынан да шығуда. Осы ретте кәсіпкердің жеке өмірі, айналысқан қызметі мен айналасы туралы біраз жәйттерге назар аударған дұрыс сияқты.

Бір қарағанда танымал адамдай көрінетін Төлешовтің жеке өмірі туралы ресми ақпарат аз. Оның қайта туғаны, қандай оқу бітіргені туралы ақпарат құралдарынан ештеңе таба алмайсыз. Бар белгілісі оның 1922 жылы туған соғыс ардагері Жүсіп Төлешовтің ұлы екені ғана. Ал, бизнесі мен қоғамдық қызметі, атақ-дәрежесі туралы мәліметтерден көз сүрінеді.
Сол мәліметтерден білгеніміз Төлешов ел көлеміндегі танымалдыққа 2006 жылдан кейін ие бола бастаған сияқты. Сол жылы ол режиссер Ермек Тұрсыновпен бірлесіп «Сұлтан Бейбарыс» атты блокбастер түсіруді қолға алған. "Шымкент Pictures" ккинокомпаниясының иесі ретінде Төлешов Тұрсыновпен бұған дейін «Ближний бой» деген де кино түсірген көрінеді.
Кәсіпкер сондай-ақ халықаралық бокс қауымдастығында да ізін қалдырған екен. 2007 жылы ол Тайвань астанасы Тайпейде өткен Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) конгресінде қауымдастыққа қарасты бір комитеттің басшысы болып сайланған. Осы жерде мына бір қызық жәйтті айта кеткен жөн. Төлешовті таңдаған AIBA-ның сол кездегі вице-президенті қызметін қазір РФ азаматы саналатын танымал өзбек кәсіпкері Гафур Рахимов атқарған. Рахимовты АҚШ билігі 2012 жылы «Бауырлар ортасы» (Братский круг) қылмыстық ұйымының жетекшісі әрі Өзбекстандағы есірткі саудалаушылардың басшысы деп жариялаған. Бұдан басқа, Австралия мемлекеттік органдары да оны «нон-грат» тұлға деп танып, 2000 жылғы Сидней олимпиадасына келгізбей қойған.
Төлешов дегенде көптің ойына алдымен түсетіні – оның туған күнін тойлау сәті бейнеленген видео. YouTube желісінде 2010 жылы пайда болған ол видеода бизнесменнің туған күніне жоғарыда айтылған Гафур Рахимов пен ресейлік жұлдыз Дмтирий Ногиев келгені көрінеді. Видеодағы салтанат 2009 жылы болған және ол туралы бастыс ақпарат құралдары біраз сөз еткен екен. Тіпті, кейбіреулер видеоы түсіруге қазақстандық құқыққорғау органдарының да қатысы бар болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені, 2009 жылы жергілікті полицейлер Төлешовті арнайы жасақпен барып, тінтіп кеткен. Алайда, ештеңе таба алмаған. Ол оқиға туралы видеоны да ғаламтордан оңай табуға болады.
Тоқтаровтың отбасы туралы да мәлімет жоқтың қасы. Оған араша түсіп мәділмедеме жасаған Орталық Азиядағы лаңкестік қатерлерді талдау орталығы кәсіпкердің балалары барын айтады. Кейбір ақпарат құралдарында кәсіпкердің Севиль, Даниель деген қыздары, Арман, Арсен, Бақытжан, Қанат, Төлеген деген ұлдары бар деген ақпарат тарады. Тіпті, Севиль мен Даниельдің туған күндерін қалай дүркіретіп атап өткендігі, Ресейден Тиматидің өзі келіп, құттықтағаны туралы видеолар бар. Төлешовтің Төлеген есімді ұлы «Шымкент сырасы» ЖШС-ның бас директоры екендігі, Bentley Continental GT көлігімен драг-рейсинге жасағанын білеміз.
Тағы бір күдік туғызатын мәселе, Төлешовтің өмірбаяны туралы жазғанда ақпарат құралдары оның РФ Мемлекеттік думасының сарапшылар кеңесін басқаратынын, Қазақстандағы казак қоғамдық бірлестіктері одағы Жоғарғы атаманының кеңесшісі екендігін айтады. Алайда, аталған ұйымдар туралы юұрын таралған ақпараттардан Төлешов туралы дерек таба алмайсыз. Оның бірнеше тақырыпта жазылды делінетін ғылыми мақалаларынан да із жоқ.
Алайда, 2010 жылы Төлешовтің Олег Зенор деген ресейлік блогерге берген сұхбатынан біраз қызыққа қанығуға болады. Онда Төлешов мырза Қазақстандағы жағдай туралы айта келіп, орыс тілінің «мүшкіл» халін сөз етеді. Тіпті, мемлекеттік органдарға қазақ тілін білмейтіндердің қабылданбайтынын, орыс тілділердің сыртқа қағылып жатқанын жеткізеді. Кәсіпкер осы мәселелерді шешу үшін РФ мемлекеттік думасының сарапшылар кеңесіне өткенін түсіндіреді.
2013 жылдан бастап Орталық Азиядағы лаңкестік қатерлерді талдау орталығының төңірегінде бой көрсеткен Төлешовтің мұндағы серіктері де күмәнді тұлғалар. Орталық басшысы Рамил Латыпов та Әзірбайжанға кіруге тыйым салынған азамат екен. Алайда, лаңкестік, Ауғанстан мәселелеріне қатысты бірқатар жоба-бағдарламаларға атсалысады. Кей жерлерде Төлешовтің Ливиядағы тұтқындарды босату операциясына қатысқаны да айтылады. 2015 жылы Халықаралық полиция орталығы –Интерполдың ресейлік бөлімшесінің басшысы Вячеслав Павлов оған «Миротворец» деген орден берген.
Осы жерде Төлешовтің елімізде өріп жүрген көп ресейшілдің бірі екенін айта кетуіміз керек. «Еуразиялық интегряция. Болашақты құру» деген тақырыпта мақала жазған адам туралы басқаша не айтуға болады? Ресейге бүйрегі бұратыны соншалық, ол 2015 жылы Монакодағы Ресей жылы аясында сондағы бірқатар шараларға демеуші болған. Өз қаражатына Les Grimaldi et la mer Noire деген кітап шығартқан. Ресей Үлкен театрының Монте-Карлоға сапарына демеушілік жасаған.
Ресейлік ұйымдар мен ақпарат құралдарының Төлешовтің тұтқындалуы туралы шу шығарып жатқаны түсінікті болды. Бізге түсініксіз болып отырғаны – оны жөн-жосықсыз жақтап, мәселенің мән-жайы анықталмай жатып, одан «саясат құрбанын» жасауға асығып жүргендердің әрекеті. Қыруар қаржысы бола тұра оңтүстік өңірдегі әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге қатысқаны туралы мәлімет жоқ. Есесіне, Ресей басшылығына майдай жағатын бастамалардың басы қасында жүрген. Ендеше, «Ел қыз алып қашты, мен не үшін қаштым?» дегендей, ресейлік БАҚ-тар мен ұйымдар оның астауынан жем жеген соң шашпауын көтереді, ал, қазақстандық ақпарат құралдарына не өтілі өтіп еді? Қайырымдылық жобалар жасап, журналистер мен жазушыларға сыйлық тағайындап па? Жетімдерге үй алып беріп пе? Тым болмағанда шымкенттік циркачтарға дейін түсіп жатқан депутаттық сайлауларға да қатыспаған сияқты. Әлде, осыған дейін солтүстік көршімізді жарылқап келген бизнесмен басына қара бұлт үйірілгенде ғана барып, отандық журналистердің «көмегіне» жүгінді ме екен?..
Жомарт Абдоллаұлы