«Орда» тобының мүшелері өздерін әр қырынан сынауды қояр емес. Бұған дейін топ әншісі Ерболат Беделхан «91» деген топ құрса, оның топтағы тағы бір әріптесі Дастан Оразбеков жаңа «Turkiss» атты қыздар тобын таныстырды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы juldizdar.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен жылы сәуірде «Орда» тобының мүшесі Дастан Оразбеков өзінің қыздардан құралатын тобына кастинг жариялаған болатын. Әнші қазақстандық эстрадада ерекшеленіп тұратын топ құрмақ ниетті болған. Кастинге қатысқан 500-ге жуық қыздың ішінен Далида, Анели және Жанар есімді қыздар таңдап алынып, топқа «Turkiss» деген атау берілді. Қыздарды эстрадаға дайындауға азды-көпті 10 ай жұмсалған.
Дастан Оразбековтың пікірінше, топтың әуені басқа топтардан өзгеше, ешқайсына ұқсамайды. Жоба Қазақстанда ғана емес, Әзербайжанда да өнер көрсететін болады. Топтың әзербайжандық продюсері — Иса Меликов бір кездері қарапайым әншілер Эльдар Гасымов пен Нигяр Джамальды «Евровидение» жеңімпазы деңгейіне дейін жеткізген атақты продюсер.

«Turkiss» тобының мүшелері кішкентайынан бимен, әнмен айналысқан қыздар. Дастан Оразбековке бұл сала әзірге таңсық, себебі әнші бұған дейін тек жігіттерден құралған топтармен жұмыс істеп келгені бәріне мәлім. «Мен үшін қыздармен жұмыс істеу өмірімдегі ең қиын кезең болатын шығар. Олардың көзінен қорқынышты немесе істей алар ма екенбіз деген күмәнді көргенде, өзім де қатты қапаланамын» — дейді продюсер.
Бүгінде «Turkiss» тобы ән жазып қана қоймай, оған бейнебаян түсіріп үлгерген. Бейнебаянның түсірілімі Киевте өтті — қазір монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр, көп ұзамай топтың тұңғыш туындысын көруге мүмкіндік туады.