Кәсіпкерлер алдында миллиондаған теңге берешегі бар мемлекеттік мекемелер қарызын қайтаруға құлықсыз, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.
2015 жылғы есеп бойынша, мемлекеттік мекемелердің жеке кәсіпкерлерге қарызының көлемі миллиард теңгеге таяған. Кімнен көмек сұрарын білмей сандалған бизнесмендер мәселесін бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасының арнайы кеңесі қарады. Белгілі болғаны, сот шешімдеріндегі мерзімге қарамастан, көптеген мекеме қарызын уақтылы қайтармайды.
Ал, жиынға қатысқан Әділет министрлігінің өкілі сот орындаушылардың көмегімен бүгінге дейін аталған қарыздың жартысынан астамы қайтарылғанын айтты. Енді кеңес мүшелері бұл ақпараттың анық-қанығына көз жеткізіп, облыстық прокуратураға осындай істерге қатысты тыңғылықты тексеріс жүргізуін сұрап отыр.
Олег Савеленко, «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің директоры:
- Кәсіпкер барлық ісін ысырып қойып, 1 немесе 1 жылдан астам уақыт соттасып жүруге мәжбүр. Сәйкесінше, ол бизнеске белгілі бір деңгейде нұқсан келтіреді. Кейінгі кезде дәл осындай мазмұндағы хаттар көп келіп жатыр. Алдағы уақытта жоғарыдағы мәселелердің барынша реттелгенін, орайы келсе, болмағанын қалаймыз.