Әлеуметтік салаға жауапты министрлік жұмыссыздар есебін жүргізуде дәрменсіздік танытып отыр

/uploads/thumbnail/20170708214937005_small.jpg

Елімізде 400 мыңнан астам жұмыссыздар қатарында. Сондай-ақ, 13 мың адам былтыр тұрақты жұмыстарынан айрылған. Бұл туралы денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.

«Бұл 443 мың адам 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыссыздар санатындағы азаматтар. Ал, 2015 жылы жұмыссыз қалғандар туралы айтар болсақ, ресми мәліметтер бойынша түрлі кәсіпорындардан 13 мың адам жұмыстан шығарылған», - дейді министр.

Алайда, бұған дейін Еуразиялық экономикалық қауымдастық есебінде өткен жылы елімізде 34 мың адам жұмыстан қысқарғаны туралы айтылған еді. Бұған қатысты вице-министр министрлік тек қысқарту бойынша жұмыстан шығарылғандарды ғана есепке алатындықтарын жеткізді.

«Егер біреуге жұмысы ұнамай, ол жұмысынан шығып кетсе, біздің министрлік ондай мәліметтер жинай алмайды. Біз көбінесе қысқартулар жүрген кәсіпорындарды есепке аламыз. Заң бойынша кәсіпорындар жұмысшыларын қысқартатыны туралы жұмыспен қамту орталықтарына хабарлауға міндетті. Біз осы арқылы есеп жүргіземіз. Ал, өз еркімен жұмысынан шыққандар, басқа жұмысқа ауысқандарды есепке алу бізге қиынға түседі», - дейді Біржан Нұрымбетов.

Нұрымбетовтың бұл айтқандарынан министрлік пен оның өңірлердегі құрылымдары тек кәсіпорындар ұсынған мәліметтерді ғана есепке алып отырумен айналысатынын түсінуге болады. Ешкімге ескертпей-ақ қысқарту жүргізген кәсіпорындардың бұрынғы жұмысшылары министрліктің есебінде жоқ. Одан кейін, министрлікке жұмысшысын қысқартатын ұйымдардың қаншалықты толық мәлімет ұсынатыны да күмәнді.

 

Қатысты Мақалалар